Шабданның үйінде айтқаны (2-бөлім)
Тілемес Есболұлы · 185 жол
«Жауыңа мен барам», – деп,
Жедел мінді атына.
ІІ
Алатаудың ар жағы,
Қалың жатқан қалмақтар.
Дулатқа көзін алартып,
Күнде шауып мазалар.
Тиіпті батыр шетінен,
Қырандай самғап түлкі алар.
Қасына ерді серік боп,
Бір інісі Тауасар.
Райымбек, Наурызбай,
Басқалары тағы бар.
Жаудың бетін қайырып,
Беттетпеді көп жылдар.
Тыныш жатқан бұл кезде,
Жалайыр, Албан, Наймандар.
Қорыққанын көрген соң,
Аттанды солай қалмақтар.
Қарғадай қалың көп екен,
Зеңбірегі тарсылдап,
Қаптады кәпір құрғырлар.
Көрген соң мұны Орта жүз,
Үйсінге қарай сырлықты,
Екі жүздің баласы,
Төмен қарай бір ықты.
Елін қорғап өлімнен,
Жауға қарсы қол шықты.
Қолды бастап, найза ұстап.
Өтеген батыр ол шықты.
Қалың қазақ жабыла,
Жауға қарай оқ атты.
Талай жауды Өтеген
Садақпен атты, құлатты.
Жаудың алдын кес-кестеп,
Көшкен елді ұзатты.
Қасындағы батырлар,
Райымбек, Сәмен, Наурызбай,
Райымбек, Мінет, Тауасар,
Жаңа өспірім Молдабай.
Бір жағынан килікті.
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Шақшақ ұлы Жәнібек,
Ыстыдан шыққан ер Төлек.
Батырлар қайрат етсе де,
Ығыстырды аз қолды,
Қара қорым жау кептеп.
Сонда да ерлер саспады,
Қорқып ешкім қашпады.
Қарсы шауып Өтеген,
Жауға жолды ашпады.
Қаратаудан өткенде,
Жердің бетін шаң басты.
Қамауда қалып Тауасар,
Өтеген сонда бір састы.
Бауырдың ісі қиын-ды,
Қамшы басып атына,
Топты бұзып, жол ашты.
Қайткенде жауға тастасын,
Жаңа өспірім ол жасты?!
Қалың топта батырға,
Қара күрең ат мінген,
Денесі зор өңгеден,
Қалмақтың мықты батыры,
Сабан Тайшық кездесті.
Өлтірген бұрын Өтеген,
Бірге туған ағасын,
Сондықтан Тайшық егесті.
Ойлағаны бар оның,
«Алсам», – дейді сол кекті», –
«Жекпе-жек, батыр, жекпе-жек» – деп,
Келе сала сұрады
Алғашқы ұрыс кезекті.
Қорықсын ба Өтеген,
«Жасың үлкен көрінед», -
Алғын деді кезекті.
Сол арада жарылды,
Қазақ, қалмақ – екі қол.
Жекеге шығу – ерлерге,
Ежелден бергі ескі жол.
Жұрт көзіне көрініп,
Сондайда қайрат жетпесе,
Жауға шабар батыр ма ол?
Батырлықтың бағасы,
Жекпе-жекте алысып,
Жауды жеңсе, әні, сол.
Орындайтын алдында,
Батырлар қырып қалмақты,
Қаратауды қан қылды.
Кешке дейін ұрыс боп,
Жаудың бетін қайырды.
III
Қоныстан ауған қалың ел,
Тоқтамай көшіп жөнелді.
Олай етпей қайтеді?
Қарақұрым қалың жау,
Артынан қуып келеді.
Үш күн, үш түн өткенде,
Көш бастаған Қарабек,
Сырға әкеліп тіреді.
Сырдың бойы қапырық,
Суы ылай кір еді.
Маса мен сона ызылдап,
Малдың тұрған соры еді.
Тоқтай алмай баяндап,
Арқалай ел өтеді.
Күні ыссы, жері құм,
Енді қайда кетеді?
Соңынан естіп бұл істі,
Өтеген батыр жетеді.
Салалы жері тұрғанда,
Құмды-шөлді қыдырып,
Қазақ қайда кетеді.
Жетісу қалса алыста,
Қонысына Дулаттың,
Сарысу бойы жетеді.
Тілін алып батырдың,
Халық қайта көшеді,
Басында солай беттесе,
Жүрер жолы төте еді.
Енді мына күз жетті.
Қынаптан қылыш суырып,
Жаумен бірге қыс жетті.
Қаңтардың қысы басталып,
Қалың қарлы боранда,
Судан халық зорға өтті.
Біресе сүйреп сал тартып,
Біресе жауға оқ атып,
Өтеген қайрат көрсетті.
Судан халық өткен соң,
Оңына беттеп кеткен соң,
Батырдың қолы шешілді.
Еркімен шауып қаракөк,
Аяғын әбден көсілді.
Бүркіттей самғап тиген соң,
Шыдай алмай Торғауыт,
Кейін қарай жосылды.
Қашып келіп Ташкеннің,
Қорғанына бекінді.
Жусаған қойдай қырылып,
Келгеніне өкінді.
Қираған қалың өліктің
Құзғындар көзін шоқыды.
Келген екен көп кәпір,
Көрейін деп осыны.
Жау қашқан соң жосылып,
Қамалға кіріп бекініп,
Кірмек болды Өтеген,
Тас есігін сындырып,
Сұрады келіп батырдан,
Жаңа өспірім Тауасар,
«Қойыңыз», – деп өтініп,
Райымбек, Наурызбай,
Жолбарыс, Сәмен, Бөгенбай,
Арсары мен Байсары.
Олар да келді жиылып.
Сөз сөйледі батырға,
Артын ала Төле кеп,
Заманында кім жеткен,
Бұлбұлдай шешен Төлеге.
Айтқан сөзі үлгілі,
Жалпыға болған өнеге,
Әділдігі, ақылы,
Атағын жайған бар жерге,
Халқы үшін іс етіп,
Билігі жүрген үш жүзге.
«Ой, Өтеген, Өтеген,
Батыр едің ер жүрек,
Озып туған өзгеден.
Тілін алып үлкеннің,
Залал жоқ сабыр етуден.
Әлә де алда талай бар,
Бармауыңды өтінем.
Елің кетті шұбырып,
Ақ қар, көк мұз суықта.
Ақ табан болған алыс жол,
Бұл сапардан сескенем.
Аш-арыққа қараған,
Бізге пайда өзгеден.
Атыңның басын кейін бұр,
Күтеді көмек ел сенен,
Сөзін естіп Төленің,
Өтеген кейін бұрылды.
Шұбаған елдің артынан,