Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шабданның үйінде айтқаны (1-бөлім)

Тілемес Есболұлы · 151 жол

Домбыра екі шекті қолға алайын,
Азырақ тамаша етіп ән салайын.
Арғы атам аты шулы ер Өтеген,
Мен неге бұл арада қорғанайын?

Бабамның белгілі аты бар қазаққа,
Ұлы жүз, Қоңырат, Үйсін, көп Дулатқа.
Орта жүз – Уақ, Керей, Арғын, Найман,
Кіші жүз – Алшын-Жаппас, кең аймаққа.

Бабамды құрметтейді барлық қазақ,
Әңгіме, жыр етеді, есіне ап.
Ерлігін, батырлығын мақтан етіп,
Мың ақын Жетісуда жүред жырлап.
Соның бірі екейде –
Қырғыз білер Сүйінбай.
Қатағанды қатырған,
Төбеден ұрып өлеңмен,
Тал түсте соққан құйындай,
Қырғыздар бізге белгілі,
Бұдан да өткен бұрында-ай.
Ел сөзінен бастайын,
Басқа жаққа бұрылмай.
Батыр көп-ті қазақта,
Қайрат еткен елі үшін.
Басын қиған өлімге,
Сайлы сала, ен дала,
Адырлы қырға бел үшін.
Сарқыраған ағын су,

Мөлдірей тұнық көл үшін,
Биік таулы кең алқап,
Туып өскен жер үшін,
Сахарада сайраңдап,
Еркін өскен ел үшін.
Осындай ердің бірі еді,
Халық аузына ілінген,
Еңбегі жұртқа білінген.
Құрметті өткен бабамыз,
Дулаттан шыққан Өтеген.
Аты-жөнін сұрасаң,
Дулаттан бастап таралған,
Жаныстан бастап саналған,
Жарлығамыс, Бәйдібек,
Таралғанның Бұқардан,
Біреуі еді Сырымбет.
Жетісудың көк орай,
Айдында сала алқабын,
Өсті ұрпағы мекендеп,
Ел аузында мақал болып,
«Қамыс көп пе, болмаса,
Жаныс көп пе?» – дегендей,
Сырымбеттің ұлдары,
Жеке-жеке ауыл боп,
Өсіп еді желілеп.
Сырымбеттен таралған,
Жылқыайдар мен алтау ед,
Барлығынан ішінде,
Өтеғұлдың ұлы көп.
Айтушы еді ағайын,
«Мал мен басты бірдей қып,

Құдай бұған берді», – деп.
«Тіл тас жарар» – дегендей,
Ауыр іске жолығып,
Бір жетінің ішінде,
Оба деген аурудан,
Он екі ұлы қырылып,
Өтеғұл зарлап жылап ед,
«Өткен іске өкінбе,
Туған адам өледі.
Жазуы деп алланың» -
Күйігіне шыдап ед.
Жүргенде солай зарғығып,
Кең дүниесі тарылып,
Келгенде жасы алпысқа,
Уайымға алынып,
Қабыл болып тілегі,
Жарылғандай жүрегі,
Бір ұл көріп артынан,
Жайнайды гүлдей жер-кегі.
Елдің салты ежелгі,
Келе жатқан ертеден,
Шақырды елді тойына,
Ылғи құда, бөртеден.
«Өтелді, – деп, өлгенің» -
Жиналған халық ұйғарып,
Атын қойған Өтеген.
Өтеген өсті дүрілдеп,
Өмірге жайып құлашын.
Айрықша адам ед,
Сүйегі ірі, шын асыл.
Тік қабақты, үлкен кез.

Жанары өткір болатын.
Төбесінде мүйізі,
Көрсетер еді өзгеше,
Ажарлы етіп нұсқасын.
Он жасына келгенде,
Сыртынан көрген адамдар,
Балаға оны қоспайтын.
Қара торы, қыр мұрын,
Дейді халық сипатын.
Оннан аттап асқанда,
Он бірге аяқ басқаңда,
Қаза болып әкесі.
Жас Өтеген айрылды,
Мәпелеген әкеден.
Әкесінің інісі,
Өтеп еді жаны ашыр.
Бірге туған екеуі,
Бір әке, бір шешеден.
Көрсетпеді жетімдік.
Өтегенге ер Өтеп,
Қабағына қарады.
«Жетім ісі қиын», – деп,
Тел өсірді батырды,
Жас ботадай мәпелеп.
Жігіт болды Өтеген,
Он алтыға жасы кеп,
Сауық етті ауылда,
Тамашалы сылқым боп.
Ертелі-кеш жүргенде,
Жылқы жаққа барып кеп.
Аралаушы ед жылқыны,

Көңіліне жағар ат іздеп.
Қоя берді еркіне,
Үндеместен ер Өтеп:
«Атын өзі тапсын», – деп.
Талабына разы,
Қуанады ішінен,
Ойында оны сынау тек.
Бауырының талабын,
Қайткенде Өтеп көрсін жек?!
Кездесті бір күн жылқыда,
Бас жылқышы шал Құсеп.
Жақын келді Өтеген,
Көпті көрген ата деп.
Түсіндірді бар ойын.
Аралайтын жылқыны,
Жанына серік ат іздеп.
Қабыл алып тілегін,
Ертіп жүрді баланы,
Түсінген соң қарт Құсеп.
«Біраз саяқ Қараойда,
Жайылушы еді – деп бөлек.
Ат жүргізбес оралып,
Қараойдағы қалың шөп,
Жаны сүйер жылқының,
Белесінде қырауыт,
Бөріктей топ-топ ебелек.
Жайылып жүрген жылқыдан,
Көрсетті қартың бір тайды,
«Берер атым мынау», – деп.
Беткейде жусап тұр екен.
Ұзын мойын, қысқа бел,

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 59 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері