Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасақал Ерімбет пен Жекей қыз

Ерімбет Көлдейбекұлы · 233 жол

Қарасақал Ерімбет:
Елібай Шықырауқұдық, жерің байтақ.
Көп екен байтақ жерде Елібай-ақ.
Бұл үйде жоқ сұрайтын адам бар ма?
Жоғалттым бүгін он күн, екі саяқ.
Жоқ еді ен-таңбасы бөтен түрлі,
Саяқтың бірі – шалбас, бірі – ала аяқ.
Мал деген адамзаттың бауыр еті,
Тұтынған тірілікте жанға таяп.
Шыдамай сұрау салып іздеп шықтым,
Қарауға жатыр едім атымды аяп.

Жекей қыз:
Бұл елдің бөтен мал жоқ саяғында,
Бар ма еді бекітуі аяғында?
Өлеңді бас жоқ, көз жоқ қоя берген,
Сүйенген бұл кім еді, тіл-жағына?
Елібайда мен білмеген жігіт бар ма ед,
Сен менің жүруші едің қай жағымда?

Жекей қыз:
Сиынсаң, сиына бер, пірлеріңе,
Көтерген ауыр жүкті пілдеріңе.
Елібай бөрік кимей, сәлде орай ма?
Қарасам Әлімсің ғой, түрлеріңе.
Қоншыма сиғызамын, қойным түгіл,
Симасаң неге келдің жерімізге?
Қорғалап Елібайға жаның қалған,
Сын тақпа, қашақ Әлім, елімізге!
Еркіне қашағанның жүйрік қоймас,
Кіре бер тығылатын көріңізге.

Қарасақал Ерімбет:
Жекей қыз, мұның қалай, келген жерден,
Кім келді Елібайға біздің елден?
Жақсының ісі осындай бола ма екен?
Сөзің бар әжептәуір бежірейген.
Әуелден хақтың ісі бұл оқиға,
Тұз айдап шығып жүрміз елімізден.
Қайғылы көкірегім халық сағынып,
Ей, жаным, көрісейік, шықшы бермен!

Жекей қыз:
Біліп ем, сөйдеріңді сөйлегеннен,
Жақтайсың жауап айтып келген жерден.
Нағашым, я жиенім емессің сен,
Көрісіп жын ұрып па көрінгенмен.
Әуелі сыр алысып, сын түйіспей,
Сыпайы сүйте ме екен бір көргеннен?

Қарасақал Ерімбет:
Тұз айдап шығып жүрміз елімізден,
Үй десең біз де қайттық пейілімізден.
Баяғы бақыт қолда тұрған шақта,
Сен қызды түсірер ем деміңізден.
Азғырып әзәзілдің тіліне еріп,
Сөйлер сөз көрініп тұр лебіңізден.
Ей, жаным, аударылмай тура сөйле,
Мен ондай жолдас емен шайтаныңмен.
Азғырған адамзатты әзәзілдей,
Отырмын шайтаныңды көріп көзбен.

Жекей қыз:
Молдеке, жаңа келді айтар сөзім,
Мен сірә мезгемеуші ем шайтанға өзім.
Барғанда ақиретте орным қай жер?
Білсең айт, қашақ Әлім, жетсе көзің.
Сөйлесіп көзі ашықпен болды жолым.
Қырық шілтен қыдырмысың сенің өзің?
Кісіге келмей жатып «үйден шық» – деп,
Жөн-ақ па, өз көңіліңе осы сөзің?

Қарасақал Ерімбет:
Айрылған үйірінен мен бір марал,
Бәйтерек басын шаңдап, құс ұялар.
Әр жерде бұл жел сөзді айтып жүрмін,
Сөзімнен жүргенім жоқ көріп залал.
Жабыққан жарым көңіл жан болған соң,
Ойлап ем қыз шығар деп көңілге алар.

Ей, жаным, аза арулы, сый сатулы,
Сенің де жаман айтсам көңілің қалар.

Жекей қыз:
Ей, Әлім, байқап сөйле, тарт тіліңді,
Өзіңе көп қылармын бұл күніңді!
Атымды, затым түгіл жаңа есіттің,
Сен менің біліп едің не мінімді?
Ей, Әлім, жер кімдікі, су кімдікі,
Қай жерде абайлашы жүргеніңді?!

Қарасақал Ерімбет:
Жекейжан, сен де абайла, тарт тіліңді,
Айтасың маған тауып барлық мінді.
Шаян-тіл, шағып айтқан өз елімде,
Кетуші ем келеке ғып сендей күңді.

Жекей қыз:
Молдеке, сөз айтасың қатты тасып,
Кісі жоқ қорғалайтын, сенен сасып!
Еліңде күң сөйлетпес мырза болсаң,
Жұртыңнан не ғып жүрсің мұнда қашып?
Қайырып түсіруге пұрсатым жоқ,
Басымнан мына сөзің кетті асып.
Кісіні кеміткендей келмей жатып,
Қай жерден су ішіп ең, сонша адасып?

Қарасақал Ерімбет:
Жекейжан, қайтып білдің қашқанымды,
Елібайда қашып жүріп сасқанымды?

Бойыңда айтар мінің сенің де тұр,
Басайын мініңді айтып шайтаныңды.
Алдымнан бүйтіп сірә аса берме,
Бекер-ақ айтпас болар құр сағымды.

Жекей қыз:
Ей, Әлім, «қу бас» десем келер кәрің,
Қашуға жетпес еді сенің әлің.
Біреудің ақ балалы жарын алып,
Кететін жұрт бүлдіріп сендей залым.
Көзіңді аш, жұрттан шыққан, не сөйлейсің,
Болды ма менің жайым саған мәлім?

Қарасақал Ерімбет:
Мен бұрын естіп едім сенің жайың,
Мін тапсам өз басыңды баяндайын.
Жалайыр өзі жаман, Қырықбай сақау,
Мен білсем, сол емес пе сенің байың?
Жүрсем де жұрттан шығып, теңім таптым,
Мен айтып өз мініңді аңғартайын.
Мен емес біліп айтқан сенің сөзің,
Мін айтқан әуел бастан едің өзің.
Мәскеудің пұлы қымбат қамқасына
Бұқардың теңгересің ақша бөзін.
Білмесең әйел жайын мен айтайын,
Ойылсын жылауменен екі көзің.

Жекей қыз:
Молдеке, болдыңыз ба мінімді айтып?
Айтуға ұяларсың енді қайтып.

Тұзындай жақсы кеннің тілі тәтті,
Көрмедім сірә сендей адамзатты.
Алты Әлім, бес Шектілі елің болса,
Сен маған білдіруге жөніңді айтшы?

Қарасақал Ерімбет:
Әлімде алты жүйе, бес Шекті көп,
Айтатын әдетім жоқ сөзімді ептеп.
Екеуі алты Әлімнің Қарасақал,
Ішінде бізді айтады Сарыбас деп.
Ей, жаным, мен де сенен сөз сұраймын,
Айтады арғы атаңның атын кім деп?

Жекей қыз:
Мен сенің тоқталмаймын бұл сөзіңе,
Жарқыным, қарай сөйле сен де өзіңе!
Әуелі өз атыңды айтпай жатып,
Атамның менің саған керегі не?

Қарасақал Ерімбет:
Сұрасаң, менің атым ақын Ержан,
Сөзім жоқ, сенен қорқып, кейін қалған.
Анықтап арғы атаңды айта алмайсың,
Түйедей төрт тағандап тұрып алған.
Атын айт өз әкеңнің, есітейін,
Айтпасаң арғы атаңды онан әрмен.

Жекей қыз:
Сүйретер орыс шана қатқан сеңнен,
Мінемін Кершабақты жайлап жеммен.

Ниетің мысық тілек кісі екенсің,
Сен-дағы не айта қойдың сұрағанмен?
«Өзіне шымшық батпан» деген сөз бар,
Құлмысың, құтанбысың, жөнің білмен.
Молдеке, ата текті не қыласың,
Абайла, өзім қандай, өзіңменен?

Қарасақал Ерімбет:
Шырағым, кемітпеймін өз басыңды,
Еркекке теңеймісің ұрғашыны?
Көтеріп көңіліңді айтып едім,
Баладай кім үйретті жармасуды?
Әріптес мұнан былай болмасақ та,
«Тастама,– деген сөз бар,– жолдасыңды».

Қыз Жекей, келген жерден мінімді айтып,
Не жаздым, мұнша әлектеп бір басымды?
Тең ғой деп Елібайға келіп едім,
Білгенде келемін бе симасымды?

Жекей қыз:
Елібай арамза емес, аңқау елі,
Көңілдің көтере айтса, шығар желі.
Манағы өзің айтқан керісудің
Ереке, енді лайық келді жөні.
«Сыпайы сыр бермейді» – деген сөз бар,
Көріссең, қолыңды бер, келші бері!

Қарасақал Ерімбет:
Қыз Жекей, мүдірмейсің, тілің жорға,
Сөзімді қадір тұтсаң, шықшы мұнда.,
«Атаңнан қонақ ұлық» деген сөз бар,
Жарамас такаппарлық, жақсыларға.

Жекей қыз:
Сөзіме тілім айтқан, тісім куә,
Жел сөзді жетіліпсің қуа-қуа.
Елібай жақсылығын ұмытсаң сен,
Қайраты ердің қылған кетер зая...

Қарасақал Ерімбет:
Қазанда қар ұшады, қауылдырық,
Келеді құбыла жақтан дауыл тұрып.
Жолаушы жалғыз атты жолым үлкен,
Сенің де тұр ма келсең жүйкең құрып?
Алыстан ғашық болып келгенімде
Жапсардан сөз сөйлейсің мойның бұрып.
Алдыңда көлбеңдеген мен қоңыр қаз,
Шөлдегі қара бауыр сен бұлдырық.
Таста өсіп, тауда туған сен бір марал,
Сен мені шақырасың үйде отырып.

Жекей қыз:
Молдеке, қайда қалған сенің көңілің?
Қызыл үй орыс салған бөлім-бөлім.
Он үйге «ондық» деген төре қойып,
Бес теңге айыбы бар жесең шөбін.

Алты ай қыс Атырауда малың жұтап,
Жаз малың жерден оттап үзбес көгін.
Мақтанып құр өтірік, өкпелейсің,
Білмейсің, ақылыңның азын-көбін.
Неке жоқ қатыныңда, малда зекет,
Айтамын шариғаттың арғы тегін.
Мінгенім дәйім менің асау керім,
Керменен көрдім Сырдың талай жерін.
Адамның келген жерден мінін айтып,
Жекейдің бір сындырдың басып белін.
Жасымда Жалайырға әкем берген,
Ол емес, енді ойласам, менің теңім.

Әр жерде есі бүтін елден шықпас,
Қарашы, бұл жарымес, антқан сөзін.
Теңіне сіздің Әлім тек бере ме?
Әлімге мені де апар, тапсаң ебін.

Әлімнің ақылы жоқ, түйе заңдас,
Өлтірткен Жанқожадай асыл ерін!
Қайран ер нахақ өліп, құнсыз кетті,
«Әлімнің қорғаймын,– деп,– бүлген елін!»
«Төрт жағым – төрт құбыла!» десең-дағы,
Аз емес, санаң болса, қайғы-шерің.
Молдеке, ақылың артық, дүр – данасың,
Орынсыз жаппа маған сөз жаласын!
Соқтықпай жөніңе жүр, тілімді алсаң,
Болмасқа әуреленіп, не қыласың?
Қалдырып халқын дауға, жұрттан шығып,

Қорғаған не болады жалғыз басын?
Өлгенде ол баладан не көреді,
Тірідей отқа салса ата-анасын?
Кел, енді көріселік қолыңды бер,
Бастаған үлкен едің сөздің басын!

Әсет Найманбайұлы өлеңдері

Барлық 59 шығарма

Басқа ақындардың өлеңдері