Оңғар жырау мен Ырысты қыз
Оңғар Дырқайұлы · 167 жол
Оңғар жырау:
Етікші етік тігер бізіменен,
Бізден соң ине жүрер ізіменен.
Түрленіп түспес қолға дүние шіркін,
Сағымдай алдап жұртты жүзіменен.
Бір жылша кіре салдым күзіменен.
Басынан Қаратаудың көшкен күні,
Қалыпты бір ат дорба тұзыменен.
Сол тұздың түсіп қалған себебінен
Айтыстым бір төбеттің қызыменен.
Атыңды мен білмеймін, қарағым қыз,
Келе жатқан ұзақ жолдан жолаушымыз.
Ағаңның арнап келген жұмысы бар,
Қайырға болар ма екен бір салым тұз?
Ырысты қыз:
Сұрасаң, менің атым — Ырысты қыз,
Айтайын керек болса ат-есіміміз.
«Тұз» деген қажетіңді, жеңгем білед,
Болмаса одан өзге жұмысыңыз?
Көмірші кіре айдаған толып жатыр,
Өзің де айт, аты-жөнің кім боласыз?
Оңғар жырау:
Баласы ата- ананың жат жұрттық — қыз,
Кететін бөтен елге айдап дәм-тұз.
Білмесең, атымды Оңғар деп айтады.
Дүр Оңғар Дырқайұлы
Бозғұлда қаратамыр, аты-жөніміз.
Жұмысым тұздан да өзге толып жатыр,
Айтайын, қарындасым, бітірсеңіз.
Ырысты қыз:
Базардан алып келген қызыл көрсен,
Керсеннен кім дәм татпас, тегін берсең.
Қажетің ия табылар, ия табылмас,
Мән-жайын білер едік, айтып көрсең.
Оңғар жырау:
Адамзат қайда жүрмес, айдаса тұз,
Талпиды әр тарапқа көңіліміз.
Айтайын «айт» десең мен жұмысымды,
Өзіңдей іздегенім бір сұлу қыз.
Ырысты қыз:
«Бір салым іздегенім тұз» деп едің,
«Жолаушы, шын мүсәпір біз» деп едің.
Сөзіңнің алғауы көп жан екенсің,
Қаруы қайтпайтындай ештеңенің.
Жолыңнан қалмай-ақ қой дәмеленіп,
Алдыңнан шыға берсін іздегенің.
Оңғар жырау:
Керуен күн-түн қатар сүргін болып,
Көңілімде қалды айтқаның кірбің болып.
Істерсің, істемессің айтқанымды,
Үйіңе кетсем қайтед бір күн қонып!
Ырысты қыз:
Үйімді қызғанбаймын «қонам» десең;
«Жай жатып, жақсы қонақ болам» десең.
Дүр Оңғар Дырқайұлы
Кісідей ұстамалы ауруы Сар,
Орныңнан түнде тұрып елірмесең?
Оңғар жырау:
Кей-кейде әдетім бар елеурейтін,
«Бітір, – деп, – қажетімді» жеделдейтін.
Күтініп, кең салып жат төсегіңді,
Қонақтан дәмең болса, «келер» дейтін.
Қалмасын қатарыңның көңілі ренжіп,
Нәрсе жоқ өзгеріліп «кенермейтін».
Ырысты қыз:
Күте бер, олай десең, «көнергенше»,
Тілеуқор болып сырттан өле өлгенше.
Болмаса адал жолмен ізденсейші,
Қол жайын көрінгенге, тіленгенше.
Оңғар жырау:
Көбейер, күз басталса, жел менен күз,
Кеткен соң қырық күн шілде, сарша-тамыз.
Секілді олжа малы қардың суы,
Қашаннан жұртқа жеңсік қыз бен қымыз.
Несіне білмейтіндей бұрмалайсың.
Болмап па ед атаң – жігіт, анаңыз – қыз?
Ырысты қыз:
Алты айдың – үшеуі жаз, үшеуі күз,
Екі елу – ердің жасы болады күз.
Кездестің келе жатып көш жөнекей,
Отырсаң, үй тіккенше кідіріңіз.
Дүр Оңғар Дырқайұлы
Оңғар жырау:
Болғанда үш ай тоқсан, қатады мұз,
Қар жауып, қара жерде болады сыз.
Үйің тік, олай десең, малыңды сой,
Бір қоста, жолдасым бар, он кісіміз.
Ырысты қыз:
Шаруаның қар жалаған, малы семіз,
Туады мал семірсе, төлдеп егіз.
Қонаққа қойымыз жоқ соятұғын,
Шұбыртып сонша бәрін, біздің неміз?
Оңғар жырау:
Қолыма, жырла десең, домбыра бер,
Менманға назарыңды оң бұра бер.
«Қырықтың бірі — қыдыр» деген сөз бар,
Он түгіл, жүз де болса қондыра бер.
Ырысты қыз:
Қыс болса, түлкі, қарсақ жортар саймен,
Санаспас, білмеген жат, жай-жағдаймен.
Күніне жүз кісіні сыйлайтұғын,
«Жомарт бар» деп пе едің тең Атымтаймен?
Оңғар жырау:
Қашаннан хан мен төре — ел ағасы,
Шығады жоғарыдан су сағасы.
Жомарттық етпесең де Атымтайдай,
Ағаңа бермеймісің қонақасы?
Ырысты қыз:
Бұл кезде, би мен болыс — төр ағасы,
Жылқының көзге қораш көк аласы.
Дүр Оңғар Дырқайұлы
Қыс болса шаруаның жайы мәлім,
Көп болмас, көңіл-қоштық ырадасы.
Қар жауып, үй тігілмей жатқанында,
Қой, жаным, қонақасы сұрамашы.
Оңғар жырау:
Дау болды-ау қонақасы арамызда,
Бар болса, түсінер ең санаңызда.
Еншіміз қонақасы айрылмаған,
Айрылып көре тұра қаламыз ба?
Құдайым, қайдан бізді кез келтірді,
Кескенде қан тамбайтын сараң қызға?
Ырысты қыз:
Қонағым, ақырында қас болдың ба?
Білместей жай-жағдайды жас болдың ба?
Мен, саған «жөн сілте» деп тұрғаным жоқ,
Айта бер ақылыңды басқа орныңда!
Аузыңа келген сөзді қайтармайсың.
Базаршым тентіреген, мас болдың ба?
Оңғар жырау:
Ау, жаным, мына сөзің тиді жаман.
Айтасың ашындырын қалай маған?
Кемді күн қыз да қонақ, бір секілді,
Бұтына ошағының болмас таған.
Сөгесің неге бізді жүрген түзде,
Далаға шықпайтын ба ед сенің ағаң?
Ырысты қыз:
Қолында құсбегінің биялай-ды,
Атады мерген тосып құралайды.
Айтылған ишаратқа түсінеді
Дүр Оңғар Дырқайұлы
Жақсы адам жайды білген, сынамайды.
Далаға менің ағам шықса-дағы.
Тентіреп қонақасы сұрамайды.
Оңғар жырау:
Болмады айтпасқа сөз саған тағы,
Шымшыған тиді тілің маған тағы.
«Атаңнан мейман ұлық» деген қайда?
Білмесең, ол — кемістік, шалаң тағы.
«Қайырды қабаған ит байлар» деген,
Ауылды сен билесең, қараң-дағы.
«Тентіреп, қонақасы сұрадың» деп,
Тек жапқан сылтауратып жалаң-дағы.
Бетінше кеткеніңіе қайырусыз,
Жеңген мен жақсы ат алмас ана-дағы.
Бола алмай ауылға – ие, әйелге – ер,
Ойлап көр, не болғаны ағай-дағы,
Қыдырып қонақасы іше алмаса,
Атаң да бір нәсілсіз жаман-дағы.
Осымен тоқталарсың тілімді алсаң,
Болмаса, бұдан да өзге табам тағы.
Сол жерде қыз жауаптан кідіріпті,
Деп айтқан: «Аға тілін алам-дағы».
Қоштасып тарасыпты жөн-жөніне,
«Сау бол – деп, көріскенше, аман-дағы».
Оңғардың Ырыстымен айтысының
Аяғы осыменен тамам-дағы.