Әсет пен Ырысжан айтысы (1-бөлім)
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 191 жол
Аспанда ай бірдей ме жұлдызбенен?
Шын кәмшат тері бір ме құндызбенен?
Жолықпай теңдесіне ұнаспайды,
Қоңыр қаз жапалаққа ілгізбеген.
Көрінбес көмескінің бәрі бірдей,
Қараңғы тең бола ма күндізбенен?
Жарамсыз жай кісіні кім мақтайды,
Ел қостап ережеге кіргізбеген?
Ашпаған жасырынды кім біледі?
Өнер көп кей сараңда білгізбеген.
Кешегі ел қыдырған есер шақта
(Қараөткел, Қарқаралы, Қояндыда)
Айтыстым асқан жүйрік бір қызбенен.
Сөз тыңда, отырған жұрт, үлкен-кіші
Татымды сөз тамаша көңіл қошы
(Тәтті сөз, әз әңгіме – құлақ құрышы)
Көңілде, көз алдыңа көлбеңдейді,
Адамның өткен өмір көрген түсі.
Қоянды үлкен базар жәрмеңкеге
Біз бардық сауда қыла алты кісі.
Ол күнде қиын күнім татымды енді,
Әйелден сескенбейтін батымды енді.
Той қылып жәрмеңкеде Қамит Жапар,
Адамын бір дуанның шақырды енді.
Бәйге ат, балуан күрес, ақын жолын
Тұсында өзге тойдың асырды енді.
Сол тойға қыз-келіншек көп жиналып,
Не түрлі жаннан асқан ақын келді.
Сол тойға ел шақырған біз де келдік,
Ағұс өтіп, сентябрь күзде келдік.
Құлақ түріп қайдағы жиын жерге,
Қайда өнерпаз бар болса іздеп едік.
Өткен күн арзаны мен маржаны бар,
Ұмытып бәрін қылға тізбек едік.
Халықты шағалалы көлдей қылып,
Бетінен қай дарияның жүзбеп едік.
Ырзығын түзге шашқан кім термеген,
Ұғынсын тыңдаушылар сөз пернеден!
Бір асқан Қарқаралыда қыз бар екен,
Аттыға аял, жаяуға жол бермеген.
Көз таңбалы Арғынның бәрін жеңіп,
Алты таңба Найманға қол сермеген.
Сөз дарысы басына орнағанда,
Бәйгеден басып озып кім келмеген?
Ән салған толып жатыр сөзге сақ-сақ,
Ақ мылтық адамдар бар тілге тақ-тақ.
Семейден Әсет ақын келіпті деп.
Айтыпты сыртымыздан әркім мақтап.
Болыпты Ырысжанмен айтыстырмақ,
Жүйрікті сынға алмақшы әбден баптап.
Жүруші ем сексигенсіп, сөз білгенсіп,
Бір қорқып сүмірейдім сүрең аттап.
Болыпты Ырысжанмен жарыстырмақ
Өнерін екі қыран салыстырмақ.
Ел тыңдап екі ақынның айтқан сөзін,
Бір дуан Қарқаралыға таныстырмақ.
Табылса топан асқан атақтылар,
Дұрыс қой майдан жерде алыстырмақ.
Бұрынғы елге жаққан дана сөзді,
Дұрыс па қайта сөйлеп ауыстырмақ?
Аяңдап жетіп келді бір-екі адам,
Аяғын жебей басып маған таман
«Әсет ақын сіз бе?» деп жұбап қыла,
Сұрағанын білмедім қалайшадан.
Сол күнде он сегізге келген едім,
Жарым ес жастық жеңген көңілім алаң.
Амандасып тұрды да жөнін айтты.
Қалайша бізге келген уақиғадан.
«Өнерің болса, бала, бізге еріп жүр
Той қылған рұқсат алдық байбатшадан».
«Кетпейді терің зая, зарла!» – дейді,
Мәнісін шақырғанның барла! -дейді.
Бір қызбен осы тойда айтысасың,
Әсеке, жәрдем берсін Алла, – дейді.
«Тартатын айдаһардай ызғарлы қыз,
Әйтеуір, оқыс кетіп қалма!» – дейді .
«Шашаңа шаң жұқпаған тобышақ ең,
Шабасың бүгін сүрлеу қарға!» – дейді.
«Ырысжан – әйел заттың алаяғы,
Кім білсін кім шығарын алға», – дейді.
«Еркектің бөрік киген намысы бар,
Әйтеуір, оқыс кетіп қалма!» – дейді
«Дүбірін ғалам білген тұлпар едің,
Баяғы жүгірісіңнен талма!» – дейді.
Той десе, топшыл басым қалған бар ма,
Ұят қой қымбат бағаң арзандарға.
Сескеніп, сезіктеніп ұрғашыдан,
Ойыма қыз жеңер деп алған бар ма?
Жасымнан сөз кестесін жаттап едім,
Жеңіліп қыздан өлсем, арман бар ма?
Бел байлап, тәуекел деп тас түйініп,
Қан жиын кірмек болдым майдандарға .
«Бара тұр, мен де артыңнан барайын», – деп
Сол келген жауап бердім бағландарға.
Шақырған шаршы топқа келдім жетіп,
Біле алмай не істерімді есім кетіп.
Ішінде сегіз қанат қызыл үйдің
Ән салған домбырамен өлеңдетіп.
Хан қара би-болыстың қатындары
Ортаға ап отыр екен сөз сөйлетіп.
Ата жөні, нәсілі нәсібі, тегін мақтап,
Сөзге ұста және дауысы әнге жетік.
Гармоньмен скрипка сұхпатындай
Дауысы сыбызғыдай сыңғыр етіп.
Тыста еркек, үйде ұрғашы өлеңге мәз,
Жаратқан құдай сондай бұлбұл етіп.
«Ой, пәле-ай, Ырысжанның жауабы-ай!» – деп.
Жұрт гулеп көтерілді ду-ду етіп.
Тысқарыдан біраз тұрдым сөзін тыңдап,
Ағындап айтып отыр анық шындап.
Інжудей елге жаққан дана сөзін,
Хош алып түшіркеніп, жұртқа бұлдап.
Айғайлап алғыс айтар тыңдаған жұрт,
Жым-жырт боп құпиялап сөзін тыңдап.
Сөйлесіп өзім көрген ұрғашыда
Оңай ма Ырысжандай адам тумақ.
Тұлпардың шын тобышық бедеуі екен,
Көресің шапса шаңын будақ-будақ.
Алдына шын қасқарса жан салмайтын,
Қояндай құмнан қашқан кетер зымғап.
Көп түскен тайталасқа жазған көңіл,
Жүрегім арпалысып аттай тулап.
Осы кеп кең дүниені бір уыс қып,
Тастайды қолмен жиып умақ-шумақ.
Есіктен шыдай алмай келдім кіріп,
Отырдым орын берген жерге тұрып.
Құйқылжып құландыдай төңкеріліп,
Сонда қыз жалт қарады мойын бұрып.
Жақтырдым сайрап тұрған сандуғаштың,
Барабар жауабының тегін біліп.
Екі сөз теңелгенше байқала ма?
Біреуді біреу сырттан тілмен қырып.
Балалық именгенім – естің жоғы.
Шын майдан Орта жүздің жиын тобы.
«Әлгі Әсет ақынсымақ осы ма?» – деп,
Өкпеден мына қыздың атқан оғы:
– Орманда мен бір біткен шынар, – дейді.
Кім талап Ырысжаннан қылар? – дейді.
Үш жүзге ұран болған ақын Әсет,
Байқасам, түсі осыған ұнар, – дейді.
Кел, шырақ, енді аяңдап жет қасыма,
Отырмын жан таба алмай сынар, – дейді.
Алысып екі мықты, бірі жықса,
Көрген соң, жұрттың көңілі тынар, – дейді.
Сыртыңнан атағыңа құлақ салып,
Осы жұрт әуеніңе құмар, – дейді
Ысқырып атқан аңның обалы жоқ,
Көрейін, лебізіңді шығар! – дейді.
Сөзінің қайран қалдым кірін таппай,
Кенедей лебізіңнің мінін таппай.
Жүйрік ем жеке шапсам жан салмайтын,
Адастым айтар сөздің бірін таппай.
Қамалып тұтқиылда қалдым тұрып,
Қайымның қосып айтар ығын таппай.
Басында басқындатып біраз ғана,
Қыз алды сөзбен кегін атпай, шаппай.
Сөзіне сөз таба алмай кеттім бұғып,
Біле алмай не дерімді есім шығып.
Тағы да қыз тоқталмай сөйлеп кетті:
«Жүрмін деп алысқанның бәрін жығып».
Бауыздап мақтаменен із баулайды.
Сөзбенен тұншықтырып жерге тығып.
Қақпаға қара малдай қашан көндім,
Жерім сол ылдилаған сөзден ығып.
Ырысжан:
– Бір таудың жан салмаған ақтан кері,
Шыдайды егес жерде ердің ері.
Сыпайы сынық қылмай келтіріп айт.
Болады өлеңнің де оқа, зері.
Сен – Әсет, мен – Ырысжан әлем білген,
Екеуміз тартысалық ары-бері.
Қорғалап не ғып отыр, бойын бағып,
Жұрт бұлдап тұмарлаған белгі тағып.
«Атар киік адырға» дегендейін ,
Айтпасаң нысанаға келдің не ғып?
Аянып өлеңіңді отырмысың,
Жұрт көңіліне құмарлық отын жағып?
Барабар Ырысжанмен деуші еді жұрт,
Жүр екен өсекшілер босқа лағып.
– Осы ма атақтыңыз Әсет деген,
Бере ме өнер пайда көрсетпеген.
Топастау торы шолақтың біреуі ғой,
Мұны кім зор білгішке есептеген.
Үрейің мұнша неге ұша қалды,
Бұл жерде жалмауыз кісі жоқ кісі жеген.
Шаппайтын, желмейтұғын жорға десем,
Ақша майға семірген еккен көбең.
Көбеңдігің көрінді көлденеңнен,
Заты ұрғашы әйелден болдың төмен.
Желаяқ, жан салмайтын жүйрік десем,
Әншейін-ақ екен ғой, сығыр деген.