Әсет пен Ырысжан айтысы (2-бөлім)
Әсет Найманбайұлы · 1867–1923 · 195 жол
Қыз сөзі өңменімнен кетті-ау өтіп,
Еттен өтіп, сүйекке тұры жетіп.
Көріскен соң дұрыс па керіспеген,
Білмедім қашарымды қыздан нетіп.
Әйтеуір, тисе, күйсе бір жауап деп,
Жібердім әлгі жерде ән гулетіп.
Әсет:
Басында нұрын мақтап нәзік белден,
Сөз ұғар нәсілі таза айтқан жерден.
Сөзіңнің қатты, жұмсақ – бәрі әдемі,
Шыққандай тыңдаған жан қайғы-шерден.
Адыңнан адам шығып көрмеген соң,
Үйрендің қатаң шауып ылди-өрден.
Тірі жан менен өзге туған жоқ деп
Алыпсың күпір мінез әзәзілден.
Қыз едің естуімше, кемел ойлы,
Білетін үлгі, өнеге әрбір жолды.
Сыйғызбай күпірлігі жер жүзіне,
Әзәзіл имам еді, шайтан болды.
Тірі жан менен өзге туған жоқ деп,
Сөзің бар қарлы-жаңбыр оңды-солды.
Шөп желке, шошаңдатпа таяғыңды,
Дәндеген бастай берме баяғыңды.
Шарам кеңнен шабылған қарашормын,
Тартармын асықпасаң табағыңды.
Соғатын албастыңды әкең менмін,
Басқайсың аңдап-аңдап аяғыңды.
Ырысжан:
Сөзің қалай шығады қардан суық,
Қасыма ақырындап келдің жуық.
Артыңнан тасымалдап әрең жеттің,
Апшыңды бір қуырдым сөзбен буып.
Бес қазылық Ойтүндік, Сарыарқамда,
Арғын теңдік алып па менен туып.
Алты ақан Аязбай мен Шашубайлар,
Артымнан жете алмаған құстай қуып.
Бағымнан құдай берген өте алған жоқ,
Жеңілмей бәрі де аман кете алған жок.
Бір шыққан Қарқаралыға қызыл гүлмін,
Ексе де бөтен баққа біте алған жоқ.
Арғынға неше түрлі өлең айттым,
Қадірін жауабымның күте алған жоқ.
Дау айтып күні бұрын керіспелік,
Майданда озса жүйрікке есептелік.
Орта жүз тегіс білген Ырысжанмын,
Жыланды үш кертсе де кесірткелік.
Әсет:
Дәндеп қапсың Аязбай, Шашубайдан,
Болыпсың өнегелі үлгі жайған.
Қиуасыз мақтан сөз сөйлегенмен,
Қыран бүркіт жасқанбас бозторғайдан.
Бошан түгіл орта жүз түк қылмайды,
Уақ, Керей, жеңілген Арғын, Найман.
Сәуле түскен байқарсың сөздің түрін,
Аңдамай бір сынайсың елдің сырын.
Қарқаралы, Семей, Омбы, Қараөткелмен,
Білемін он дуанның ойын, қырын.
Екінші сөзін тектеп сөйлесін деп,
Көрсеттім алты қырдан әннің түрін.
Бәйгені байтал шауып алған емес,
Ырбаңдап қалжыңдама менен бұрын.
Мінезіңнен,бойыңнан мін таптырдың,
Қабағым емес еді қызға қырын.
Екі ердің ерегессе бірі өлер,
Тең тартсаң желқомыңа қойман жырым.
Ырысжан:
Осы жерге бата беріп көп әкелген,
Айтыссын Әсағаңмен деп әкелген.
Кекетіп келген жерден байтал дейді,
Бойына таудан үлкен кек әкелген.
Жар қадірін білмейтін әулекіні
Өлшемей осы жұртым неге әкелген?!
Әсет:
Бұл сөзің дұрыс емес, тәңір атқан,
Байқадым шамбайыңа сөзім батқан.
Байтал деген сөзімнің мәнісін біл,
Мал қылып мен емеспін маңыратқан?
Тату дос шын ниетпен саған теңмін,
Асылын өлшеп сөйле артық кемнің.
Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ.
Алты арысқа білінген әкең менмін,
Сен менің бағып жүрген тоқтымдайсың.
Қасқырша қарным ашса басып жермін,
Байқарсың сөз тамырын тарсытқанда,
Жығылмай түзу кетсең ақын дермін.
Ырысжан:
Рас ақын осындай дүрден шығар,
Соқталдай сорақы сөз кімнен шығар?
Қасқыр болса қой жейтін анық сырттан,
Арлансып өз ойында жүрген шығар.
Арлан төбет сықылды аңғал ақын,
Ырылдап қотанында үрген шығар.
Арлан қасқыр екен деп жасқанам ба,
Қайдағы қу сұмдық сөз бізден шығар.
Сізді де қалай айтты деп сөкпейтін,
Жаныңа жауап барып тиген шығар.
Мен Ырысжан екенін байқай алмай,
Әншейін бір қыз ғой деп кірген шығар.
Әсет:
Тиегін тиер сөздің айттың шенеп,
Көтермелеп өзіңді өзің демеп.
Ессіз, есірік, әйелддің ақымағы,
Екі аяқты айтады итке теңеп.
Кеудесі кең өрескел, албыт ауыз,
Әдептен аттаған соң солай демек.
Ырысжан, өзге ақыннан мазалысың,
Жел сөз бен тантық сөздің азанысың.
Ер төбет те, ұрғашы-өлекшіні,
Болуға сен де қаншық жазалысың.
Алпыс итті еріткен, ақ қаншығым,
Әйелдің төмен етек наданысың.
Ырысжан:
Ақынның тура келмей данасына,
Соқтықтым жанып тұрған шаласына.
Қоржын толмас бойыңның кескіні бар,
Бойыңның көзім толмас қарасына.
Осы жұрт жөнін білмей соқтықтырды-ау,
Майқының жұдырықтай баласына.
Табысып татулықпен сөйлеселік,
Қыстырмай ұят сөзді арасына.
Әсет:
Топанның тура келдің тасқынына,
Тасыған Ніл дарияның басқынына.
Бұйырған қай жұмысың толмап еді,
Не кінә тағарың бар жастығыма?
Тең көрмей тексерместен бала дейсің,
Қарашы құрдым қыздың қастығына.
Сендей екі кәрі қыз жатушы еді,
Біреуі аяқ, біреуі жастығымда.
Жанарлы жар қадірін білмейтұғын,
Жетті ғой жаңа көзім настығына.
Ырысжан:
Әсеттің біліп едім бала екенін,
Жарқырап жанып тұрған шала екенін.
Жеткем жоқ жиырмаға, әдіра қал,
Ырыстың қайдан білдің кәрі екенін?
Шалығынан әр сөзіңнің абайлаймын,
Шекеңнің ашуланшақ тар екенін.
Бағана кірген жерден байқап едім,
Бойыңда зор кесапат бар екенін.
Әсет:
Абайла қызға жігіт дәрі екенін,
Сүйкімді, сұлу болса жар екенін.
Ат жақты, албыт ауыз, көкіме қыз,
Өңіңнің жаңа көрдім сары екенін.
Мен қашан әжетіңе жарамап ем,
Әсеттің қайдан білдің бала екенін?
Ырысжан:
Жіңішке бойың нәзік, қылдырықтай,
Сөйтсе де, сөзің ұшқыр бұлдырықтай.
Қу бала-ай, бала демей, не деуші едім,
Көзіме көрінесің жұдырықтай.
Қалай қашсам мойныма түсем дейсің,
Ыңғайлы қашағанға тал құрықтай.
Қызығып қыз екен деп далбаңдама,
Тұйғынның жемін қуған кезқұйрықтай!
Әсет:
Өзіңе өзің болдың әулиедей,
Жақсыға аруақ қонбас ел сүйемей.
Кәрі ит –ау, кәрі демей, не деуші едім,
Қаңқайып көрінесің нар түйедей.
Ақ түскен самайыңа, бетіңде әжім,
Ақпанда құлын салған боз биедей.
Нәсілің, затың таза көрінбейді,
Болса да екі бетің қан шиедей.
Ырысжан:
Қой, Әсаға, осы сөзден адасалық,
Аз ғана әзіл сөзбен жанасалық.
Біріміз үлкен, біріміз кіші болмай,
Кел енді, жасымызды санасалық!
Әсет:
Кәрі, жас айырамын беттің нұрын,
Білемін жауабыңның жаққан сырын.
Санасып-ақ көрелік жасымызды,
Жасымды мен айтпаймын сенен бұрын.
Естіп алып кетесің кішірейіп,
Қылт еткізбей білемін қыздың сырын.
Ет пен сүйек толысып түгенделіп,
Болған жоқ анық толып түгел сыным.
Ырысжан:
Қараңыз келістіріп келбетіме,
Дауа жоқ сұрап алған бейнетіме.
Әсеке анық жасым баян болсын,
Шығып ем он алтыдан он жетіге.
Жастығымды танымай бет бейнемнен,
Жұртым-ау, жолығып па ем әулекеге?
Қалайша көңілің толмай олқысындың?
Талайлар мас болушы еді сәулетіме.
Әсет:
Тағады теңге шашбау қыз артына,
Жаққанмын жас күнімнен өз халқыма.
Ырысжан, ибаменен сырласайық,
Шығып ем он бес жастан он алтыға.
Басымнан сөз асырып көрмеген соң,
Күйдірдім кәрісің деп сөз салтына.