Жұбаныш (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 2 мин оқу
Ындыстың талайын мен алдым,
Атанған жерін, қаласын.
Мықты деген көрдім шамасын.
Ақылың жоқ жамансың.
Ақылыңның жоқтығы—
Ерткенің мың кісі қасыңа,
Қан туар сенің басыңа.
Астыңдағы керіңді көріп тұрып,
.............................................
Тебініп шықтым: «Елім!»—деп,
Алайын деп кегімді.
Кірсең бұл дінге, ер,—деді,
Кірмесең дінге, қал,—деді,
Екі жағы тең,—деді.
Ортасынан қолға алды.
Он екі тұтам ол оқтың
Құмалаққа қол салды,
Атайын деп … оқталды.
.....................................
Сонда бір тұрып сөйледі:
—Атпа, ноғай, сен,—деді,
Мықты болсаң, жақындап,
Қолыңды, ноғай, бер,—деді.
Алайын деп сенің жеріңді,
Мен—бір артық ер,—деді,
Кейін бір тұршы сен,—деді.
Іркілмей қарсы тұрып,
Жұбаныш жағаға қолды салады.
Ат үстіне тырысып,
Екі жағы келісті.
Көрмегенге тең бола ма?
Төрт күн бірдей атысып,
Ат аяғы шаң болды.
Енді бір тұрып қол салды,
Шабайын деп қияға
Жұбаныш бала толғанды.
Көзінің бәрі қызарды,
Қаны бір қашып, бозарды,
Құм сағыздай сазарды.
Бар екен оның үстінде
Киіп бір жүрген шарайна,
Басында киген дулыға.
............................................
Жұбаныштың айласы қылған жауға.
..................................................
Салып бір қалды қылышты.
.............................................
Ат жығылды, басы кетіп.
Аты жығылып қалған соң,
Қ … ер еді
Басы жерге кеткенде
Басындағы дулыға,
Өзі көзі көргесін,
.......................................
Шығармады дыбысын.
Беліндегі бос жатқан
........................................
Бес құлаш еді шамасы
Қарадөңнің ежелден бір алған аты.
Ындыстың патшасы бейнесі.
Жерге бір тастап бұл келді.
Артындағы екі жүз адам
Жіберіп ……. болғанда
..........................................
Сонда бір тұрып Жұбаныш,
Алмасты қия жұмсады.
Жеті күндей алысты,
Ат үстінде салысты.
..........................................
Кетейін деп жеріне,
Беруге хабар еліне...
..........................................
Қырмай оны, не қылсын?
Осылай еді ………….
«Түгіңді қоймаймын»,—деп,
Кезенді Жұбаныш ындысқа.
Күн бір онға толғанда,
Он күн соғысып болғанда,
Ындыстың алып қаласын,
Ханның қызы бар екен,
Жәмиладай сұлу баласы.
..........................................
Кезенді соны алуға,
Ақ Жәмила сияқты
Көруге Жұбаныштың шамасын
«Өлермін» деп ол қорықты.
Бұлдыраған сағымдай
Келді бір жетіп қасына.
Келе тұрып сөйледі
Жұбаныш ерге осындай:
—Ақ сүйек туған төресің,
Төрелер қайдан келесің?
Мен де бір—ханның баласы.
Келіп едім сіздерге:
«Кез келген ындыс екен,—деп,
Өлтірер,—деп,—біздерді».
Өзім қатар теңім-ді,
Он екіде жасым бар,
Келдім-ау, батыр, қасыңа.
Асылымды сұрасаң,
Осындай еді шамасы,
Мен де бір—ханның баласы.
Көтерейін пердемді,
Назарың салып, қарашы.
Ол қыз болған ……………
Жаратқан жаннан басқадай.
Мақпалдай беті құбылып,
Ботадай белі қыналып,
Сол секілді асыл-ай
Келіп тұрды қасына-ай.
Жұбаныш бала көз салды,
Қызды көзі көргесін,
Бұзылды ердің ақылы.