Жұбаныш (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 2 мин оқу
Жекпе-жекке келгенде,
Шарайнасыз келмейді.
Жұмсап қатты болатты,
Сауыт бұзар оқ атшы.
Қарадөң мен Жұбаныш
Екеуі сөйлеп тұрғанда,
Шешесі келіп сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Халық ұстаған хан едің,
Ақылға қамал дана едің.
Айтпасыңа болмайды,
Перзентіңе үйрет ақылды.
Ақылы болса, аңдасын;
Барған жауын шамдасын.
Тек сөйлескенмен, жылыстап,
Дұшпанға сырын бермесін,
Оны жақын көрмесін.
Естісін Жұбаныш, құлағың,
Тапсырдым Аққа, шырағым.
Алыс та болса, барарсың.
Аршыланнан көп тіле,
Қабыл болса тілегің,
Ындыс пенен қалмақтың,
Қайсысын болса да, аларсың.
Кетемін десең, кетерсің,
Дұшпанға қайрат етерсің.
«Шаршаймын» деп ойлама,
Алыс болса, барарсың.
Жері жазық дөң болса,
Кештің қырын жүргейсің.
Ол дұшпанға қаларсың,
Ортаға кіріп кетпегін,
Шетте тұршы оңаша.
Орта тұрсаң, қаларсың,
Қиындыққа, қарағым.
Ақылың болса, аларсың,
Жадыңа ал мұны, қарағым,
Жадыңа алып әр сөзді.
—Батаңызды бер,—деді,
Жақсы менен жаманды
Көп көріп едің сен,—деді.
Рұқсат алып бәрінен,
Жұбаныш шықты үйінен.
Алғыс алып анадан,
Қара атты, келіп, ерледі.
«Етіне қатаң тиер» деп,
Мақпалдан тоқым салдырды,
Жібектен салды құйысқан,
Жоқ еді шуысқан.
Омырауша бұл салды,
Екі тартпа бұл тартты.
Шешесіне Жұбаныш
Қайрылып тұрып, сөйледі:
—Асыл туған анамыз,
Алыс та жерге біз кетіп,
Қайран ана, барамыз,
Болғай Алла панамыз!
Қолыңды бер, қарт ана,
Жылағаннан пайда жоқ,
Тәуекел, ерде айла көп.
Ындыс деген елдердің
Қылыш деген ханы бар,
Ар жағында тауы бар,
Бер жағында құмы бар,
Өзен, дария, көлі бар,
Естігенім шын болса,
Байтақ жатқан елі бар.
Асыл туған анамыз,
Оң қолыңды беріңіз.
Жылап қалма, шешеке,
Жас шығарып көзіңнен.
—Ризамын өзіңе,
Қарғам, айтқан сөзіңе.
Аман қайтар күн болса,
Кешікпей, балам, кел,—деді.
Жасы жеткен бабаң бар,
Шетте тұрған қалаң бар,
Ноғайлы деген елің бар.
Осынша ноғай ішінен
Барасың жалғыз сен,—деді.
Жылағанмен, пайда жоқ.
Тапсырдым Аққа мен,—деді.
«Бер десең қолым», қарағым,
Берегірек кел,—деді.
Жұбаныштай жас бала:
«Ат үстінен қол берсем,
Мұным ұлық болар»,—деп,
Аттан түсіп қалады,
Шешесінің қолынан
Жұбаныш ұстай алады.
Көзінің жасын тигізбей,
Қолдасып кемпір қалады.
Атқа мініп Жұбаныш,
Сапар шығып жөнелді.
Жануардың жүрісі
Ор қояндай ырғиды,
Атқан оқтай зырғиды.
Аяңдамайды, желеді,
Дөңгеленіп келеді.
Диірменнің тасындай,
Жүрісі қызық осындай.
Ындыстың жері алыс-ты,
Балалығы емес пе,
Жұбаныштай батырың
Ұшқан құспен жарысты.
Арандай аузын ашады,
Құлаштап аяқ басады.
Дарияның суындай
Тер шыққан сайын құлашты
Жануар жаман ашады.
Найза бойы жар келсе,
Үстінен аттап кетеді.
Тасыған дария су келсе,
Онан да қарғып өтеді.
Бір айданның баласы
Онан не қып озады!
Таулардың шығып басына,
Көз салады әр жерге.
Іздеп жүрген ындыстың
Еш қарасын көрмеді.
Артық туған ер ме еді.
Он екіде жасын-ай,
Ноғайлыдан ермеді,
Бір адам шығып, қасына-ай,
Кеткені жалғыз осылай.
Бөтентау деген тау екен,
Ар жағы ындыс—жау екен.
Қара томар, сексеуіл
Қалың шыққан бұл екен.