Мұса хан (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
«Ажалды адам, қайда да жүрсе дағы, өледі. Мұса хан алып келген дүниенің шеті жоқ. Біз де бірге Мұсамен аттанайық»,— деді сонда, Мұса Асанәзір ханның еліне аттанатын болды. Үш ай тоқсан күндік жол еді. Оның мекен еткен елі Оқ Балқан деген жер еді.
Ол үш айлық жер еді,
Мұса хан мінген боз еді,
Бұл тұлпардың өзі еді.
Бұрын тек бір сауытпен
Соғысқанда жүретін.
Сауытының сырты шарайна,
Оны тағы киетін.
Сонда үш айлық жолға аттанып кетеді көп әскермен.
Арасы алыс құм еді,
Бер жағы жатқан шың еді,
Бір жағы дария су еді.
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз жолда мол жүрді.
Бір күндері болғанда,
Көрінді елдің қарасы,
Ол қара деген бес жүз кісі
Қалмақ екен қарауылда
Жатқан, шамасы.
Қарауылда ол кісі
Көп әскерді көреді.
Асанәзір бас болып,
Жүз кісі алып қасына
Баралық деп хабарға,
Онан хабар аларға,
Төрт жүз кісі бұл қалмақ
Артынан жүріп барады.
Қарап жүріп көреді,
«Білейін,—деп Асан жүрді,—шамасын»,
Мың кісінің ішінде,
Мұса хан да бір жүрді.
Елу кісі қасына алып,
Екеуі қарсы келісті.
Ілгері шығып Мұса хан
Екі хандар кез болды,
Енді айтатын сөз болды.
Сонда Асан хан сөйледі.
Сөйлегенде, не деді:
—Мен бір қалмақ деген ел едім,
Етек-жеңім кең едім,
Қашаннан жатқан ел едім.
Берік еді қаламыз,
«Келер,—деп ойлаймыз,—
Мұсылманға шамамыз».
Деуші едік: «ноғай халқына
Қашан барамыз?»
Отыр едік қамалып
Балқан суының басында,
Дарияның қасында.
Қай халықсың сен?—деді,
Сұрасалық, кел,—деді.
Сонда Мұса хан сөйледі:
—Асылымды сұрасаң,
Дінім—ісләм баласы.
Мен—ноғай деген халықпын,
Мұсылман кәміл баласы.
Менің атым—хан Мұса,
Нұрадынның баласы.
Асылымның несін сұрадың,
Мұсылман кәміл ел едім.
Жасқанатұғын мен емес,
Білемісің сөзімнің
Осы жерде санасын.
Қаза айдаған сор маңдай,
Қалмақ, қайда барасың?!
Білмеймісің ноғайдың
Қандай қайрат шамасын?!
Білмеймісің жеріңнің
Алыс-жақын арасын.
Алмай қойман мен,—деді,
Біз бір бөлініп шыққан ел,—деді.
Қайратымды қарасаң,
Ендігі жерде көр,—деді,
Қапы қалма сен,—деді.
Ішіңдегі еріңді
Бәрін жинап кел,—деді.
Сонда Асанның айтқаны:
—Мен—қалмақтың ханымын,
Артық туған жанымын.
Іздеуші едім: «ноғай,—деп,
Алуға жақсы, оңай,—деп.
Тапсаңыз, іздеп баралық,
Ноғайды іздеп, солай»,—деп.
Ноғай болсаң сен,—деді,
Кезегімді бер,—деді.
Кезектесіп әуелі
Ұрысалық, кел,—деді.
Мұса хан тұрды кідіріп:
—Ата бер, қалмақ, сен,—деді.
Жасқанбаймын мен,—деді.
Сұрадың-ау кезекті,
Жасың үлкен болғасын,
Зұлым қалмақ, сен,—деді,
Ата бер, қалмақ, сен,—деді.
Толайына қалмақ қол салды,
Есепсіз қылып мол салды.
Әуелі атайын дегенде,
Қозы жауырын оқ алды.
Атып еді, өтпеді,
Киімінен өтсе де,
Етіне қарай батпады.
Және тұрып, берен деген оқ алды,
Оны тартып тағы алды,
Тартып қалса, ол оғы,
Онысы да өтпеді.
Киімінен өтсе де,
Етіне қарай жетпеді.
Сонда тұрып қалмағың
Тағы атайын деп оңдалып,
Сауыт бұзар оқ алды.
Салып алып қорамса,
Оны да тартып бұл қалды.
Бұл оғы да өтпеді,
Етіне қарай кетпеді.
Сауыты мен шарайна
Онан әрі батпады.
Сонда тұрып қалмағың:
—Бердім кезек мен,—деді,
Ата бер, ноғай, сен,—деді.
Мұса ханың қарады,—
«Осында бар-ды сауыт»,—деп,
Сауыт бұзар оқ алды,
Мұнан бұлай өткір оғы жоқ еді.
Он екі қатар оқ алды,
Қорамсаға салғасын,
Көздеп тұрып ол оқты,
Мұса хан сонда қалмаққа
Бір ауыз жауап айтады.
Сонда Мұса хан сөйлейді,
Сөйлегенде, не дейді:
—Атамын, қалмақ, мен,—деді,
Енді өлесің сен,—деді.
Он екі тұтам оқ алды,
Мұнан өткір оғы жоқ еді.
—Өлдің, қалмақ, сен,—деді,
Атың басын тарт,—деді.