Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жұбаныш (5-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 2 мин оқу

Қасына қосып бір қосшы,
Тәрбиемен жүргізді.
Қалмақты айдап еліне,
Жеткізем деп жеріне,
Келеді айдап батыр-ай,
Жақындады, япырай!
Жаяу жүріп, қаңғырды,
Шарасы бар ма, пақыр-ай!
Елге жақын келгенде,
Жұбаныш озды еліне,
Бұрынғы қонған жеріне.
Жеріне келсе, елі жоқ,
Елсіз жерде тұрғасын,
Ырғалып тұрған шөбі көп.
Жұбаныш сонда келеді
Әкесінің қасына,
Моласының басына:
«Артық туған бабамыз,
Талайды көрген данамыз,
Алыс сапар жол жүріп,
Келеді-ау бүгін балаңыз.
Алдымда туған аға жоқ,
Күн туды, әке, біздерге.
Артымда туған інім жоқ,
Ерліктен басқа мінім жоқ.
Сөйлесер едің, әкежан,
Бұрынғыдай тілің жоқ.
Оқиын Құран басыңа,
Келіп тұрмын қасыңа.
Беретін жауап тілің жоқ,
Басыңа келдім енді»,—деп,
Құдай күнің берді,—деп,
Оқып Құран, басынан
Шығып кетті Жұбаныш—
Әкесінің қасынан.
Шұбыртып жесір келтірді
Өз орнына қондырды.
Жұбаныштай батырдың
Қылыштың елін шауып келгені.
Жұбаныш бір күндері кеңес құрды,
..............................................
Жер шамасын көрейін,
Қызылбас пен ындыстың,
Жүріп, елін көрейін.
Ар жағында қалмақты
.................... бармақты.
Шамасы келсе, ноғайды
Бұл қалмағың алмақ-ты.
Ноғай деген бұл халық—
Толып жатқан байтақ ел.
Үшқиян—деген жақын жер,
Ағынды дария су еді,
Жағасы балқаш—ну еді.
«Қалмақ келіп қалар,—деп,
Жесірлікке алар,—деп.
Үстімнен дүбір өтпесін,
Басыма қорлық жетпесін.
Өзім тірі тұрғанда,
Ата жолын қуайын.
Ындысқа кегім кетулі,
Қорлығына мекен өтулі.
Алған менің қаламды,
Өлтірген менің бабамды,
Аямаспын ындысты,
Шамам келсе дүниеде,
Істеген ісі жаман-ды.
Ойламай ма ер жігіт,
«Қорлық көрсе, намыс» деп,
Ноғайлы халқым—ел»,—деді,
Ақсақалдар, жиналып,
Жолығалық, кел,—деді.
Жасы жеткен қарт анам
Тапсырамын мен»,—деді.
Ақ сақалды данасы,
Бірқатары шалдардың
Сонда келді шамасы.
Жұбанышты бұл көпке
Айтқан сөзін қарашы.
—Жасы үлкен даналар,
Бұрын туған бабалар!
Қызылбастан ел алса,
Енді бізді қамалар.
«Сындырдым,—деп,—белдерін,
Суалттым,—деп,—көлдерін.
Бетегелі, боз бұйрат,
Аламын,—деп,—жерлерін»,
Кетейін деп мен тұрмын,
Ындыстың естіп елдерін.
Іздесем, ақыр табармын,
Солардың мекен жерлерін,
Мынау тұрған—анамыз,
Жасаңдау еді балаңыз.
Алла оңғарса сапарды,
Алысқа кетіп барамыз.
Тапсырдым Аққа мен,—деді,
Жамандық көрер жер болса,
Жәрдем берің ақсақал,
Ағайын-туған, ел,—деді.
Баратұғын жерімнің
Қиғаш екен арасы.
Айтушы еді Қарадөң:
«Жүдә алыс,—деп,—шамасы.
Тоқсан күндік жол,—деді,
Жиырма күндік шөл,—деді.
Арасы—батпақ, дөң,—деді,
Өзінің тірі күнінде
Іздеме балам сен,—деді.
Қайрылып жауға бармайды,
Кеткен қайтып келмейді».
Ақсақалдар, не дейсің,
Барамын кетіп мен?—деді.
Сұлтан деген бір шалың
Сонда тұрып сөйледі:
—Жұбаныштай баланың
Оңғарсын Алла сапарын!
Өзің кетіп барасың,
Үстіне дұшпан келмесе,
Залым қорлық бермесе,
Біз отырмыз, шықпастан,
Зәре тимес ноғайдан.
Жақсы-жаман болса да,
Көрерсің, балам, Құдайдан.
Барамын деп, ат міндің,
Бұл ындыстың елі еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз