Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жұбаныш (7-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 4 мин оқу

Сонда хан мың жарым әскер шығарған екен «ноғайлы келе жатыр» деп.

Жұбаныш қараны көргесін,
Жау екенін білгесін,
Қарсы келді тебініп,
Омырауынан тер сорғалап.
Қорықсын ба ындыстан,
«Көп екен» деп, қорғалап.
Астына мінген бұл қара ат
Құйрығын тігіп, қамшылап,
Тер шыққасын, қызады.
Маңдай тері тамшылап,
Қарыштап аяқ басады.
Бұрынғыдай болмады,
Терлегесін жануар,
Адымын қатты ашады,
«Жібер» деп сонда басын-ай.
Жетіп келді ындыстың
Мың жарым кісі қасына-ай.
Келгендігі ындысқа
Жұбаныштың осылай.
Ындыс деген көп халық,
Алып келді қамалап,
Тұра қалды жағалап.
Ортаға келіп бұл тұрды,
Бір Аллаға паналап.
Он екі жілігін
Он екі мыңға санап-ай,
Қамаған жауға қарамай.
Сонда ындыс сөйледі:
—Жылқының міндің қарасын,
Жарқыным, қайда барасың?!
Білмей ме екен жас бала
Өзінің қайрат-шамасын?!
Қолындағы найзаңыз,
Болмайды енді айлаңыз.
Қамап тұрған ындысқа
Келе ме, байғұс, шамаңыз?!
Қайта жүр, бала, сіз,—деді,
Сіздің елге барамыз.
Елден шықтық ноғайға,
Көрсек, елін шабарға.
Олжа қылып мал-басын
Ол ноғайдың аларға.
Баста сен бір еліңе,
Тауып бер бізге жеріңді.
«Өлмеймін» деп ойлама,
Бізіңменен ойнама,
Қамап тұрған ер,—деді.
Боламысың осынша
Көп халыққа тең?—деді.
Түк ашуда пайда жоқ,
Өлесің, сорлы, сен,—деді.
«Өлмеймін» десең бейшара,
Еліңе бастап жүр,—деді.
Сонда Жұбаныш сөйледі:
—Мен ноғай деген ел,—деді,
Мекенімді сұрасаң,
Еділден шыққан кең сала,
Ноғайдан шыққан ер,—деді.
Бастайын ба енді мен?!—деді,
Аузыңа келген сөзіңді
Сөйледің-ау, ындыс, сен,—деді.
Ұстадым алмас қолыма,
Салармын, ындыс, жолыңа.
«Аламын деп тұрсың ба,
Жалғыз ғой» деп, өзіңше!
Еліңді іздеп табарға,
Ындысты қоймай шабарға.
Артымда жүрген әскер көп,
Ілгері озып мен келдім
Болатұғын хабарға,
Еліңді іздеп табарға.
Бес мың кісі қолым бар,
Енді, ындыс, сорың бар,
Атың менен тоныңды
Олжа етіп аларға
Ойлаған менің ойым бар.
Елің.....
Тобылғылы тауға.....
Көп ындысты......
Келдім мен.....
Сонда ындыс сөйледі:
—Жерімді менің сұрасаң,
Тобылғылы тау,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Еділ деген су,—деді,
Жағасы қалың ну,—деді,
Жер сауыры бұл,—деді.
Әңгімені көп айтпа,
Баста енді соғысты.
Енді өлесің сен,—деді.
Ер еді артық айлалы,
Көлденеңнен қолға алды
Жұбаныш сонда найзаны.
Бір шабуыл жанына
Батыр етті пайданы.
Найзасын алып қолына,
Ұрысатын жаулардың
Сонда салды жолына.
Сермеді, найза қолға алып...

.............................................
............................................

Жұбаныш сонда ақырды.
Рүстем Дастан, Арышлан—
Екі ерді шақырды.
Жеңейін деп ойлады
Ындыс деген кәпірді.
Найзасын салып ындысқа,
Апшысын жаудың қуырды.
Көрмегенге таң болды,
Ұрысқан жерін қараса,
Қызыл жоса қан болды.
Өлген адам үстінен
Қара ат шауып, басады,
Ындыс қорқып, сасады.
Күні-түні соғысты
Бұл төрт күнге толады.
Күн қараңғы болады,
Ындыстар қашып тарады.
Ағарып таң атқанда
Жұбаныш дөңге көз салған.
Ешбіреуін көре алмай,
Сай-саладан қарады,
«Тағы да қалмақ бар ма,—деп,
Кеткен екен заңғар,—деп,
Жетейін,—деп,—еліне,
Тобылғылы тауына»,—
Жұбаныш батыр салады.
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз көп мол жүрді.
Еліне хабар тиіпті,
Мұнан бұрын қалмақтар
Еліне келіп жетіпті,
Ханға хабар етіпті.
Күні-түні шапқылап,
Еліне жетті жалбақтап:
«Бізге қиын болды,—деп,
Ноғай келіп қалды,—деп.
Қатын менен баланы
Ноғай талап алды,—деп.
Артында оның бар,—деді,
Бес мың кісі қолдары.
Әскері оның көп екен,
Қазылып жатыр жолдары бұл,—деді.
Озып келген бір адам,
Қолында бар найзасы,
Көп екен жауға айласы,
Шапсақ, қылыш өтпейді.
Онан да жақын баруға,
Қолымыз, қорқып, батпады.
Қу жебесі қолында,
Кейінгі қалған ындыстың
Жүрген шығар соңында».
Ілгері кетті хабарға:
«Ханымызға айтар,—деп,
Жинап әскер алар,—деп.
Ханымыз барса ноғайға,
Басын кесіп алар,—деп,
Сормаңдай өліп қалар,—деп.
Астында жүйрік Қара ат бар,
Тек сермесе, кеседі,
Жанында кескір болат бар.
Не қылса да, қоймайды,
Жарағы қанға тоймайды.
Ортада қамап тұрғанда,
Шамырқанып, шамданды,
Буырқанып, бусанды,
Қалмаққа құтырып оқ атты,
Жұмсады қатты болатты.
Көрген адам айта алмас,
«Жылқы» деп бұл атты.
Атқан оғы іркілмей
Нешесінен өтеді.
Ортаға атқан бұл оғы
Нешелерді бұл тесіп,
Шетке шығып кетеді.
Қолында бар-ды жебесі-ай,
Көрмеді жөнді шегедей.
Жалғыз келді оңаша,
Қайраты мықты, тамаша.
Мың жарым кісі қамады,
Келмеді сонда бір жанның
Бұл адамға шамасы.
Бұл пәле екен табылған
Жалмауыздай, қарашы-ай».
Ханы сонда ақырды,
Әскерлерін шақырды.
Тұрмады әскер бапталып,
Бәрі шығып, шабады,
Мұрсатқа қоймай, жапырып,
Хан бұйырғасын, шақырып.
Ханға келді қашқаны,
Тұра ала ма сасқаны.
«Жалғыз болса бұл адам,
Етерміз деп ұйығын,
Кесерміз деп мүйізін»,
Көп әскердің ішінде
Ханы жүрді бас болып,
Көрейін деп ноғайдың,
Жалғыз болса, шамасын.
Кім өлтірсе, сол алсын
Астындағы Қарасын.
Және алсын қолынан
Қылышы мен найзасын,
Тарылтсың деп тынысын.
Шығармай, жылдам өлтір деп,
Сол ноғайдың тынысын.
Алдымен келді ерлері,
Ханынан бұрын жетем деп.
Жалпылдап шауып келеді,
Ат-тонын олжа етем деп.
Қанғырып жүрген бұл ноғай
Олжа қылмай, не етем деп.
Жұбаныш сонда Қара атты
Мініп алып, шабады.
Топырағы кетеді
Құйындайын бұрқырап.
Кесек-кесек кетеді
Табанынан зырқырап.
Бұрылмады батыр-ай,
Салды, «Алла!» деп, айқайын
Жұбаныш сонда, япырай!
Дауысын естіп ындыстар,
Зәресе кетіп, сасады.
Ермін деген немелер,
Түсі кетіп, қашады.
Найзағайдай ойнады,
Шабысқа Қара ат тоймады.
Ол дыбысын қарасаң,
Күркіреген күндей-ді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз