Жұбаныш (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 3 мин оқу
Білмейді екен бейшара
Жұбаныштай баласын.
Көрінді қалмақ қарасы,
Тау басында тұр екен
Жұбаныш жалғыз шамасы.
Астындағы Көкшабақ
Тұрған екен байлауда,
Әзірленіп салуға.
Әзірленді Жұбаныш,
Ішіне қалмақ барады,
Білейін деп хабарды.
Атқа мініп бұл жүрді
Жүз кісіге барарға,
Қойшы менен түйеші
Айтып сөзін болғасын,
«Енді келді бізге»,—деп.
Мынау ындыстың байтақ жері
Алдынан келді тебініп.
Жап-жалаңаш баладай
Жеңілдетіп барады
Ат сүңгіні қыздырып.
Қолға алып найзасын,
Белге буып беренін
Тақымына қысады.
Жақын келіп сөйледі
Жұбаныштай балаға:
«Келесің қайдан қалаға?!»
Қалмақтың ханы—Қылыш сонда сөйлей береді. Жаудан кейінірек бұл тұрған «бері кел!» деп балаға.
—Жапанда жалғыз баласың.
Жарқыным, қайда барасың?
Астыңдағы қатқан көк,
Ал қайратың тіпті жоқ.
Біз ындыстың елі едік,
Елден бір шыққан ері едік,
Өңкей бір шыққан төре едік.
«Ноғайдың елін алсақ»,—деп,
Ноғайлы еліне біз шаптық.
Қарадөңді өлтіріп,
Қатынын алдық жесірге,
Айдап бір жолға салуға,
Жасы елуде болса да,
Келеміз енді алуға.
Асылы, қайт, баласың,
Байғұс-ай, енді
Өліп қаласың.
Білмей ме екен жас бала
Қайратының шамасын!
Қарадөң сонда қалған соң,
«Өлді» деп хабар алған соң,
Жұбаныш бала тулаған.
Тулағанда, не деді:
—Шыққан бір жалғыз мен,—деді,
Менімен адам тең бе еді?!
Алған бір болсаң қатынын,
Қандай еді ақылың?!
Сөздің білмейсің нақылын
Қандай жауап сұрайсың,
Дінсіз кәпір сен өзің?!
Мен—ноғайдың елімін,
Елден шыққан ерімін,
Айқайлаған бөрімін.
Тәуекел етіп жол шықтым
Енді, ындыс, көрермін.
«Мықтымын»,—деп, мақтанба,
Жазаңды сенің берермін.
Сонда Қылыш хан бір тебінді,
Жалмауыздай емінді,
Қорамсаға қол салды.
Атайын деп Жұбаныш,
Ол қалмаққа оқ атты.
«Тәуекел, Алла, енді»,—деп,
Өз өзінен буланды.
Екі көзі бірдей қызарды,
Құм сағыздай сазарды,
Түсі кетіп, бозарды.
«Тәуекел, Алла, енді,—деп,
Қасиетің бар болса,
Осы жерде кел»,—деді.
Қалмаққа салды ойынды
«Етем,—деп,—сенің тойыңды».
Ындыстың алып қаласын,
Кәпірдің көріп шамасын,
Аударған жүз кісі,
Жетемін деп еліне,
Шыға қашқан жеріне.
Артындағы көп қара
Ол да әскер көрінді,
Қашқанын батыр қумады.
Жүрді бір күн орнына,
Қараның көп тобына,
Алайын деп ыңғайлап,
Көп ындыстың қаласын.
Қайта келді ындысқа,
Қырып-шауып қаласын,
Көрейін деп шамасын.
Онға жасы толғасын
Елден шыққан аю ғой,
Аю шаппай қоймайды.
Қарасын көріп салысты,
Атысып жаман қалысты.
Қорамсаны қолға алып,
Бір атқанда, он атты.
Көріп қалмақ, сасады.
Нешесін алып ит қалмақ,
Еліне қарай қашады.
Сасыған сайға жиналып,
Айналдырып қарады.
Сегіз жүз ындысты бұл қырды,
Бір жүзі кетіп қалады.
Жапанда жалғыз айналып,
Көп әскері қалада,
Қарасын ба бұл оған
«Қайда менің анам?»—деп,
Ораған жасынан балам,—деп,
Көрейін деп анасын,
Емейін деп мамасын,
Артық туған ер еді,
Білуге анасының шамасын
Қалаға келді қуалап,
Отырсын ба байбалап.
Келген болса қалмаққа
Хабар берді қамалап.
Астындағы Көкшабақ
Бұл шабыстан тоймады
«Менің анам қайда?»—деп,
Қыдырып шықса далаға,
Дорба салып мойнына,
Тезек теріп жүр далада.
Қарсы келді сұрасаң,
Анаға жалғыз баласы.
Танымады сормаңдай
Көзіне түсіп жылаған:
«Қай баласың сен-ау?»—деп
Жұбаныштан сұраған
«Асыл туған баладан айырылып,
Сорлы болған мен-ай,—деді,
Елден келіп мен деген,
Тек жаным бар өлмеген.
Жалғыз ұлым көрмедім,
Алған жарым—Қарадөң
Тоқсан төртте бұл кетті.
Мынау тұрған ындыстың
Иттері бұл жетті.
Жылқы менен қой келді,
Менің маңдайыма сор келді.
Көре алмадым жалғызым,
Мен көрмеген баласың».
Жолығып жауап бергесін,
Шыдамады жас бала,
Болғанын білді масқара.
Тура келіп, сөйледі,
Сөйлегенде Жұбаныш
Шешесіне:—Сен,—деді,—
Айналайын анамыз,
Суалған емген мамамыз.