Мұса хан (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу
Сонда тұрып Мұса хан сөз бастайды:
—Ай, Қосым қалмақ, сен,—деді,
Мұса хан ноғай—мен,—деді.
Сенің жаның темір болса,
Менің жаным от,—деді.
Саған енді, қанша да болса,
Бұл Мұса хан жоқ,—деді.
Ақылың жоқ сен,—деді,
Не түседі бұл сөзден?
Соғысалық, кел!—деді.
Мұса хан мінген боз еді,
Жер басқаннан озады.
Атының басын бұрады,
Ұрысуға оңтайлап
Әзірленіп тұрады.
Қосымның мінген кер еді,
Қасарып, қалмай,
Ол да жетіп келеді.
Екеуі де оқ алды
Атайын деп кезеніп.
Атқан оғы бірден өтпеді,
Киімінен өтсе де,
Етіне, сірә, жетпеді.
Үстінде бірдей сауыты
Екеуінің шамалас
Қайратының зауықы.
Бір күн, бір түн атысты,
Ат үстінде алысты,
Ұйықтамай жатысты,
Шыдап ерлер тұра алмай.
Ағарып таң атқанда,
Атқа қамшы салады,
Жағасынан алысты.
Ат үстінде алысып
Екі батыр қалысты.
Аттарынан түседі,
Қасындағы жолдастары
Кейін тұрып қалысты.
Шыдамады, япырай,
Қалмақ тұрып шабысты,
Жақындасып қалысты.
Қалмақ жақын келгесін,
Берді тұрып қарады
Артындағы әскерге.
Аз да болса ноғайлы,
Ол да шыға жапырды.
Екі жақтан әскер келгесін,
Ұлы соғыс болады.
Бір күн соғыс бұл болды,
Екінші күнгі соғыс нағыз шын болды.
Үшінші күн болғанда,
Қалмақ тұрып сасады,
Алды-алдына қашады.
Сонда тұрып Мұса хан
Қосымды артынан қуады.
Таба алмай, іздеп жүред,
Көк мінген кісі көрінсе,
«Қосым» деп, қуып жетеді,
Оны өлтіріп кетеді.
Қосым кетіп қалаға,
Тұра алмады далада.
Көп әскерді қырдырып,
Қалмақтан болды садаға.
Мұсылманның тұсында
Қалмақ қалды пәлеге.
Сонда Мұса Қосымды іздеп, артынан қаласына барады. Қала ішінен іздеп таба алмағасын, ағасы Оспанды іздеді.
Оспан деген ағасын
Іздеді тауып алам деп,
Тастады тұрған қаласын.
«Анау Қосым» дегесін,
Қалмақтың көріп шамасын,
Сонда Мұса хан қуады.
Артынан қуып жетеді,
Жеткесін, қайрат етеді.
Қосымдай қалмақты өлтіріп,
Мұса кейін қайтады.
Қосымның алды қаласын,
Қалмақтың көрді шамасын,
Шулатып қайтты баласын.
Мұсадайын хан еді,
Артық туған жан еді
Нұрадының баласы,
Болсын ба осал Мұса хан?!
Бұл сегіз күн болғанда,
Қосымдайын қалмақтың
Білінді сонда шамасы.
Шулатып алып жетімді,
Қатыны мен баласын.
Жаяу айдап қатынын,
Қасына ертіп барады,
Қосымның жалғыз баласын
Өзінің тұрған жеріне,
Еділ—Жайық бойына.
Боғданың бергі жағасы
Хантөрткілдің басы еді
Мұса ханның салған қаласы.
Ноғайдан жинап ер алған,
Қалмақтан Мұса кек алған,
Мұса атқа мінгесін
Ноғайлы халқы демалған.
Қалмақ Қозан зор болып,
Балалар ноғайдан қырылып, қор болып.
Қосымды ноғай алғасын,
Оспан бекітті мықтап қаласын.
«Көрейін,—маған келсін,—деп,
Ноғай халқының шамасын».
Биіктігін бұл қылды,
Сексен аршын қаласы,
Қалыңдығын қарашы,
Үстінен арба жүргендей.
«Аз болсын,—деп,—есігі»,
Төртеу еді дарбаза
«Осы есігім болар» деп,
Қалмақтар соған жайлаған.
Он екі қатар ор қазған,
Он екі қатар орына
Он екі бірдей тор салған.
Он екі қатар жебесі
Кіл болаттан қағылған.
Тойтармалы шегесі,
Сондай берік қаласы,
Келер ме жанның шамасы?!
Ноғайлы деген елдерден
Әскер жинап, аттанды
Мұса хандай ханыңыз.
«Оспанның шәрін алсам,—деп,
Сол қалаға барсам»,—деп,
Қатты жүрді тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Тұрды сонда шегініп.
Алыс емес арасы,
Алпыс күндік шамасы.
Тек екі айлық жол еді,
Бір мың кісі әскермен
Аттанды Мұса қарасы.
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз көп, мол жүрді.
«Алыс та болса,—жетем,—деп,
Жауға бармай, не етем,—деп,
Қалмаққа қайрат етем»,—деп,
Мұса аттанып жол жүрді.
Екі айлық жерге мың кісі
Әскерімен ол жүрді.
Мұса хан артық ер еді,
Ол Оспан [ның] шәріне
Мың кісімен келеді.
Шәріге жақын келгенде,
Бір мың кісі әскермен
Алдынан Оспан шығады.
Екі әскер күресті,
Қарсыласып алысты.
Ноғайдан шықты хан Мұса,
Қалмақтың шықты [ер] Оспан.
Екеуіне қарасаң,
Қасында бар жолдасы.
Екі хан бірге келгесін,
Енді сөйлей бастады.
Мұса хан сонда сөйледі:
—Танымай тұрмын мен,—деді,
Қай қалмақсың сен?—деді,
Жауапты бер сен,—деді.
Сонда Оспан тұрып сөйледі:
—Мен—қара қалмақ елімін,
Сол қалмақтың ішінде
Артық туған ерімін.
Әкем аты—хан Қозан,
Төбесі шоқты қалмақта
Белгілі артық ер еді,
Сондай асыл төре еді,
Сонан туған мен,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Ноғайлы деген ел,—деді.
Ноғайлы көрсем, алармын,
Барып, елін шабармын.
«Бұзармын,—деп ойладым,
Ноғайдың салған қаласын.
Жесірлікке айдармын
Қатыны менен баласын».
Мың кісі шықты әскермен
Мұса ханның елін іздеп табарға.
Ұзын өзен, кең тоғай
Мұса ханның елі бар.
Сол тоғайды кең деген,
Іздеген оны мен деген,
Алмасам хан Мұсаның қаласын,
Жылатпасам баласын,
Қайратын көрсем бұл деген,
Халқым еді көрмеген,
Алмай қойман мен деген.