Жұбаныш (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 2 мин оқу
Ұзыннан жатқан дария еді,
Екі жағы ел еді—
Ындыс пен қалмақ елі еді.
Бір күндері болғанда
Бөтентауға барады.
Биіктің шығып басына,
Төңірегіне қарады.
«Білейін деп шамасын,
Ашылсын деп арасы.
Көрейін,—деп ойлады,—
Ындыстың азды-көпті шамасын.
Мен де жоқ-ты қатын,—деп,
Қалған жетім бала,—деп,
Жоқ еді менде қара»,—деп,
Ойлады тәсіл, ақылды.
Неше күндей қыдырып,
Түйеші мен қойшыға
Жылқы баққан жылқышы—
Малшыға барды аяңдап.
—Бұл кім деген ел?—деді,
Алыстан қаңғырып келген мен,—деді,
Киімнің киіп төменін.
Бұл бір қалай ел,—деді,
Ханыңыз сіздің кім?—деді.
Қай жерде ханның қаласы?
Қанша еді ындыстың баласы?
—Бұл бір ындыс елінің
Қойын баққан қойшымыз.
Бұл—ындыс деген ел,—деді,
Етек-жеңі кең,—деді.
Еш нәрсені білмеймін,
Бұл бір—бұқара ел,—деді.
Елімізді билейтін
Қылыш деген хан,—деді,
Біздің елде сондай біреу хан еді.
Қылыш деген ханымыз
Бір мың кісі әскермен
Іздеп кетті ноғайды,
«Алайын,—деп,—шамасын.
Олжа қылып алам,—деп,—
Қатыны мен баласын».
Көрініп тұрған—Көктөрткіл,
Сонда бар-ды, сұрасаң,
Қылыш ханнын қаласы,
Жоқ еді ер жеткен оның баласы.
Кеткелі Қылыш ханға ай болды,
Қатаңдау елге хан еді.
Шығып елден кеткесін,
Нағыз тыныш жай болды.
Келіп тұрған ақсақал
Берді хабар біздерге.
Бөтен хабар бермеді,
Келетін шақ болса да,
Әзір Қылыш келмеді.
Сый саулықты ал дағы,
Кете берші, тілеуші,
Неге керек саған ел.
Керегіңді ал да, жүре бер,
Қарамай, сен,—деді.
Жұбаныш ақыл біледі,
Осындай хабар болғасын,
Бөтентаудай биікке
Шығайын деп жүреді.
Ел шетінде бар еді
Қарадөңнің қаласы.
Жеткендей еді бір қолға
Жинаған дәулет, қарасы.
«Елге қиын салар,—деп.—
Атаңа нәлет бұл ындыс
Осы біздің елге барар,—деп,
Алыстан қарап алайын.
Биіктау деген таудың
Үстіне шығып алайын.
Биіктігі сол еді,
Түссе, адам көрінбейді
Айналасы қамыстан.
Басына шықса, көруші еді
Алыстағы қараны.
Бір күндері болғанда,
Бөтентауда тұрғанда,
Алыстан көрді бір қара.
Көргеннен соң қараны,
Бөтентаудан құлады.
Алайын деп хабарға,
Сол қараға барарға.
Жұбаныштай ер еді,
Соған құлап жөнелді.
Арасы сексеуіл, жыңғыл ну еді,
Қалыңдығы бұл еді.
Бөтентаудың басынан
Жүз кісі әскер көріпті.
«Жетім-жесір алдық,—деп,
Олжаға батып қалдық»,—деп,
Жүз кісіге бас болып,
Қылыш ханың қас болып,
Қарадөңді өлтіріп,
Талқандап оның қаласын,
Шулатып қатын-баласын,
Еліне бұрын барарға,
Салайын деп хабарға.
Қашаннан жүріп, ел алған,
Ноғайдан неше кек алған.
«Елге таман барамын,
Жатып, демді аламын.
Ноғайға тағы шабам»,—деп.
Сонда Жұбаныш сөйледі:
—Асықпашы, батыр-ай,
Қорықпашы, япырай.
Атаңа нәлет, сен ындыс,
Мақтанасың, Қылыш хан,
Сөзіме енді құлақ сал.
Мен—ноғайлы елімін,
Елден шыққан ерімін.
«Қылыш хандай ындысты
Алармын, көрсем»,—деп едім.
Тұр едім көріп қолыңды,
Білейін деп тұр едім
Сендей Ындыс шамаңды.
Мен—Қарадөң баласы,
Менің атым—Жұбаныш.
Тыңдап, салып құлағың,
Ұрысар болды уағым.
Ақ сүңгіні беруге
Ерге бола ма тұруға!
Астыма мінген Қара атты,
Жануар құстай қанатты.