Жұбаныш (6-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 3 мин оқу
Алдыңызда Қарадөң
Деген бір шөл жатыр.
Бір сөзінде өзінің
Айтушы еді Қарадөң:
«Арасы алыс дөң, деуші ед,
Өзі алыс шөл, деуші ед.
Сол себептен бара алмай
Жүруші едім мен», деуші ед.
Ол шөлді, балам, не етесің,
Қалай алыс кетесің?
Шөлдің алыс шамасы,
«Отыз күндік жер», деуші еді.
Астыңа мініп барасың
Қарадөң мінген Қара атты.
Тұяқтары болат-ты,
Қолаңсада ол еді
Ұшқан құстай қанат-ты.
Сонда Жұбаныштың қартқа айтқан сөзі:
—Ілгергі туған ағалар,
Жақсы-жаман көп көрген
Бәрің де білгір даналар!
Мен мінемін Қара атты,
Құс секілді жануар,
Төрт аяқта бар-ды қанаты.
Атадан қалған адырна,
Белге будым болатты.
Қу жебені қолға алдым,
Шарайна киіп үстіме,
Дулыға кидім басыма.
«Барам деп жауға», кезендім.
Бір ноғай ермей қалушы ед
Қашаннан-ақ қасыма.
Ақ сүңгіні байлаған,
Жүрерге жолын сайлаған,
Тапсырып Аққа, кетем,—деп,
Ындысқа бармай, не етем!—деп,
Әкеме еткен қорлығын
Сол ындысқа етем»,—деп,
Атқа мініп алғанда,
Ақсақал мен даналар,
Бәрі үлкен ағалар,
Келіп тұрды ноғайлы
Жұбанышты қамалап.
Анасы келіп қасына,
Сөз сөйледі шамалап:
—Жұбаныштай перзентім,
Қолыңды көтер, сүйейін,
Берейін бата мен,—деді.
Алланың шері—Аршылан,
Қысылатын жер болса,
Шаһимардан..................
Жалғызға жәрдем бер,—деді.
Рүстем, Дастан деген бар,
Ол—Аршыланның досы еді.
Жұбаныштай перзентім
Саламат келер күн болса,
Ендігі қалған жасымда
«Аршылан» деп ат қойған—
Солар болсын жолдасың,
Ындыстың жолы оңбасын.
Атаңнан қалған көк алмас,
Сермесе, кеспей қалмаған.
Қолыңа алған ақ сүңгі,
Сауыты мен шарайна,
Онан өтпей қалмаған.
Дұшпаныңа барғанда,
Жақындасып сөз айтпа,
Аз ғана сөйлесіп, кеткейсің.
Перзентім, енді кел,—деді,
Оң қолыңды бер,—деді.
Алла оңғарсын жолыңды,
«Тапсырдым Аққа мен,—деді.
Сонда тұрып Жұбаныш,
Қара атқа мініп жөнелді.
«Тапсырдым,—деп,—Аллаға»,
Үйден шығып барады.
Тобылғылы деген тау еді,
Қашаннан ындыс жау еді.
Ол үйіріп жан ұстаған
Талайдан мықты хан еді.
Ындыс деген халыққа
Ие болған асыл жан еді.
Әскер жиып, алдынан
Ноғайға таман барады.
Мың жарым кісі әскермен
Шыққан екен алдынан.
«Үшқиянға жетем,—деп,
Ноғайды талқан етем,—деп,
Олжаға малын салам,—деп,
Ноғайдың жерін алам,—деп.
Алты айлық азық бұл алып,
Бұл алты айда, не қылып,
Жетпей қалай қалам,—деп.
Ноғайға жетіп алғасын,
Азықты сонан алам»,—деп,
Мейманасы тасқаны.
Есепсіз батыр жол жүрді,
Жетейін деп, мол жүрді.
Астындағы Қара ат-ты,
Буады белге болатты.
Айамады Жұбаныш,
Қатты жүріп, бұл атты.
Артында жатқан Қара тау
Мұнар деген тау еді,
Өзі биік жар еді,
Сол таудың шықты басына,
«Жетпей қалай қалам»,—деп.
Жаны жоқ еді батырдың
Аттан басқа қасында.
Сонда Жұбаныш тұрып сөйледі:
«Көлденең жатқан Қаратау,
Басың мұнар, қараңғы-ау.
Байтақ ноғай ел еді,
Ішінде ері көп еді.
Ар жағыңда жалғыз болғасын,
Тумадан тума болмады,
Жалғыз адам бармады.
Аттанып жолға жүрсем де,
Жалғыз кетіп барсам да,
Мырза мен би келмеді.
Көкіректе шыбын жан,
Тапсырдым Аққа мен,—деді,
Рүстем, Дастан—ер,—деді,
Алла шері—Аршылан,
Шақырамын ерлерді.
Жау қарасы көрінсе,
Көлденең жатқан Қаратау,
Аттанған шығар ындыс—жау.
Көрініп тұрған қара жер
Ағарған енді шаң болды.
Шаңды көріп алғасын,
Жұбаныш әр нәрсеге таң болды.
Батыр таудан құлады,
Алладан медет сұрады.
Іздегені жау еді,
Құламай батыр қалай тұрады?!
Аяңдамай, желеді,
Құйындайын бұрқырап
Жапанда жалғыз келеді.
Тәуекелмен іс қылған
Сондай тұқымды ер еді.
Ол ындыстан аттанған
Мың жарым әскер сол еді.