Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Мұса хан (5-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Жолдасыңа бар дағы
Қатының мен балаңа
Арызыңды айт,—деді.
Сонда Асан хан сөйледі:
—Мынау тұрған, ноғай, сен,—деді,
Сенен өлмен мен,—деді.
Қолыңнан келсе, аяма,
Өлтіре бер сен,—деді.
Үзеңгіні тебініп,
Мұса хан тұрып оқ атты,
«Жұмсады қатты болатты,
Жұтқыншақтан өтсін,—деп,
Мойнын үзіп кетсін»,—деп.
Атқан оғы өтеді,
Мойнын үзіп кетеді,
Басы жерге жетеді.
Өлді енді ханыңыз,
Кетті енді сәніңіз,
Артындағы көп әскер
Бәрін бірдей жапырды.
Әскер де қатты шабады,
Болғанын біліп зор істің,
Артындағы көп кісі
Мұсаның да шабады.
Мұсаның елу жолдасы
Қалмақпен араласып қалады.
«Алла!»—деп ұран шақырып,
Мұса хан да айғай салады.
Көп кісі келіп ұрысып,
Араласып қалады.
Қалмақтар да ер еді,
Бөлініп шыққан өңкей бөрі еді.
Отырғанда үйінде:
«Бір-біріміз боламыз-ау
Мың кісіге»,—деп еді.
Отырғасын басында,
Мақтанады бейшара
Ауылдардың қасында.
Болды қызық осындай,
Екі күндей ұрысып,
Қаптаған шаң басылды.
Күннің көзі көрініп,
Төңірегі ашылды.
Мың кісілері бытырап,
Бұл қалмақтың шашылды.
Қашқан екен қалмақтар,
Тұра қалмай, сандалып,
Көлденең тауды жағалап.
Әрбір тастың түбінде
Біреуі тұр паналап.
Сондайды қалмақ ер еді,
Қуумен қалмақты
Өз шәріне келеді.
Оқ Балқан деген биік тау,
Араласып болғасын
Үлкен ұрыс сол жерде,
Қашқан жауды қояды,
Жарағы қанға тояды.
Қашқан жауды алғанша,
Талқандап шәрін болғанша.
Мекен қылған жер еді,
Қашаннан бері жау көрмей,
Тыныш жатқан ел еді.
Тоғыз күннің ішінде
Елді жиып алады.
Шамалы қалған қалмаққа
Қарамады Мұса хан.
«Қайталық енді елге»,—деп,
Мұса хан хабар салады,
Мұса хан тұрып қарады:
Кімдер бар да, кімдер жоқ?
Мың кісінің ішінен
Үш жүз елу кісісі
Сол жерде өліп қалады.
Мұса хан сол уақытта:
«Алпысқа жасым толды,—деп,
Қоятын шағым болды,—деп.
Ендігісін өзі біледі
Кейінгі туған балалар».
Мұса хан елге барғасын,
Өлгендердің үйіне,
«Мынау тұрған—дүние»,—деп,
Баршасына бөліп береді.
Мұса ханның үш барып,
Жау алған жері осы еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз