Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жұбаныш (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 2 мин оқу

Қарадөңнің баласы болып,
Жасы жетіге толып,
Едәуір егде болып,
Ноғайда хан болған,
Өзі асыл жан болған.
Жетім қалып жасында,
Бақыт қонып басында,
Қалмақ пен қызылбас,
Ындыстан кек алған,
Атасынан тақ алған.
Құдай беріп бағын да,
Отырғасын тағында,
Тоқсан баулы ноғайды
Өз аузына қаратқан.
Ақылы асып, білік пен ерлікке,
Қосқан жоқ Алла кемдікке.
«Енді кеттім-ау»,—дегенде,
Қатынынан бір ұл туады.
Артық туған ерлердің
Тілегі қабыл болған соң,
Бұрынғы өткен пірлерден
Балалы жан болғасын,
Мерекелі той қылып,
«Кім қоямыз деп атын».
Ноғайлы халқы кеңесті,
«Жұбаныш» деп қойды атын.
Онға жасы толады,
Едәуір жігіт болады.
Әкесі Қарадөң
Сексенге таман жетеді.
Әкесі Қарадөңге келіп,
Жұбаныш сөз сөйлейді:
«Артық туған данасың,
Ноғайлы халқына панасың.
Алыс пенен жақынның
Жүріп білдің арасын.
Жас басыңнан ат міндің,
«Алыс жерге жетем,—деп,
Ноғайды бермей қорлыққа,
Соған пана етем»,—деп.
Бір күндері болғанда,
Артыңнан туған мен балаң.
Сіз барда көлік мінейін,
Жақсы менен жаманды
Қыдырып-ақ білейін.
Күш—көмегі аз еді,
Жалғыз болды тағайын,
Бола ма бізге ағайын.
Шығуға қалай далаға,
Отырған қалай қалада.
Алыс жерге барарға,
Көкірекке жел енді,
Басқа жерді аларға.
Рұқсат сізден аларға,
Алыс жерге кетерге,
Қару-жарақ, атыммен
Ындыс пенен қалмаққа,
Шама келсе, жетерге.
Ноғайлының жақсысы
Ақыл салып, жолықсын.
Көп халықтың ішінде
Неше түрлі бар шығар,
Жамандары қорықсын.
«Ата жолын қуды,—деп,
Атаға тартып туды»,—деп,
Жақсылары қуансын,
Жамандары күйінсін.
Тәуекелмен, әй, ата,
Жапанда жалғыз көп жүрдің.
Тәуекел мен де етейін,
Аллаға қойып ниетті,
Бұл қалмаққа кетейін.
Енді басқа халықтар
Бізбен болмас ағайын.
Қайратым халыққа білінсін,
Ноғайға болсын қайратым.
Білінген сыртқа тағайын,
Тудым, ата, мен сізден,
Не қылып мал бағайын!
Не қылса да, бір жерге,
Рұқсат болса, барайын.
Қарадөң сонда сөйледі:
—Ақ сұңқар едің қу алған,
Жалғызы кетсе алысқа,
Оның арты суалған.
Алпыстан жасым асқасын,
Перзентті беріп бір Алла,
Мен едім қатты қуанған.
Қойып едім атыңды,
«Жұбатсын» деп Жұбаныш.
«Кетемін десең алысқа»,
«Жүремін» десең, жол болсын.
Ерлік деген жалғанда
Айламенен он болған.
Айламенен ерлік қыл,
Тек ерліктен пайда жоқ.
Біреуге күйіп сен кетпе,
Құр ашудан пайда жоқ.
Жалғыз жүрген ерлер көп,
Ноғайлының ішінде—
Ол ерлерде айла көп.
Айламенен іс қылмақ,
Егескен жауға күш қылмақ.
Міне қалсаң, шырағым,
Байлаулы тұрған Қара атқа,
Төрт тұяғы болат-ты.
Төрт аяқтан қолаңса,
Ол бір үлкен қанат-ты.
Сандықта бар-ды,
Темірі-асыл болат-ты.
Кез келгенді кесерге,
Кез келген қылыш жарамас.
Сандықта тұрған көк балдақ,
Ол темірге қарамас.
Ақ сүңгі найза қолыңа ал,
Жебесі алмас жасалған,
«Өтпейді» деп, тая алмас.
Сандықта тұрған көк жебе
Ер қасына ілерсің.
Алыс та болса, шамалы
Жерге қатты жүрерсің.
Шамалы жерді өлшеп бар,
Ол шабыстан танбайды.
Жүрісін байқап қарасаң,
Ұшқан құстан қалмайды.
Жекпе жекке келгенде,
Көк жебенің ішінде
Сауыт бұзар бір оқ бар—
Ол сауытты бұзбай қоймайды,
Өтпей, сірә, қалмайды.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз