Жұбаныш (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (1-нұсқасы) · 2 мин оқу
Сағынып көрген, шешеке,
Мен едім жалғыз балаңыз.
.............................................
«Барып қайрат етем,—деп,
Шығарған екен Құдайым
Қаңғыртып елден, не етем?!—деп.
Жапанда тұрған дарамын,
Жалғыз туған баламын,
Менің атым—Жұбаныш
Жаңа көрдім өзіңді.
Дорба алып қаңғырған
Көрдім тезек жолында.
........................................
Мен келгесін елге
Болған екен....................
............................................
Бұзам бір қалмақ қаласын,
Иттің бір көрем шамасын.
Бұл ындыстың мен кіріп,
Қылыш ханын өлтірдім,
........................................
Секілденген данасың.
Асыл туған анамыз,
Дорба, қапты тастаңыз.
Өлгенім емей, немене?!
Ұзағырақ жерге
Келіпсің шеше, сен,—деді.
Астымдағы Көкшабақ
Бір шабысы толмаған.
…………………………..
Атаңа нәлет ындыстың
Нашарлары зарлаған.
..........................................
Мұндай жауды қорлаған.
Қапа болған дүниеге,
Неге тудым мен,—деді.
Сонда тұрып бұл кемпір:
—Бекер ме айтқан сөзің?—деп,
Жылай берді егіліп.
—Аспанда тұрған жұлдызым
Суда қама құндызым,
Рас па еді бұл сөзің?!
Беріп едім мамаңды,
«Бір көрсет,—деп,—балаңды».
Енді көрдім өзіңді,
Айналайын көзіңді.
Ындыста болып, қарағым,
Мазақтама сен,—деді,
Жалған айтып сөз,—деді.
Кесек алып артымнан
Қуады, көріп, балалар,
Рас па еді, қарағым?!
Шын болса айтқаның,
Бері кел,—деп жылайды.
Сонда тұрып, Жұбаныш
Аттан түсіп келеді.
Көкшабақтың шылбырын
Тастай беріп …
—Айналайын, анажан,
Мамаңды маған бер,—деді.
Шыдасын ба анасы,
Танығасын баласын.
Танығасын анасы
Екі емшегін шығарып,
Баласына береді.
....................................
Еме берді баласы,
Танығасын анасы.
Еміп тұрып мамасын,
Сонда бір Жұбаныш сөйледі:
—Жапанда жалғыз өзіммін.
Артымда іні бар болса,
Берер ме еді дұшпанға
Ақ сүтін берген анамды!
Қорғар еді мамамды,
Астымдағы малдарын...
Қыбырлаған жандарын
...........................................
Дүниеден сапар шегіпті,
Шешеке, енді жылама,
Жыламай, көңлің тына ма?
Өлген шіркін тұрар ма?
Алла тілек, берген бағында-ай,
Отырасың баяғыдай
Әкемнің қойған тағында-ай.
Атаңа нәлет, ит ындыс,
Анасын алып, келтірді,
Көп ындысты өлтірді.
Ындыстың алды қаласын,
Шұбыртып алып баласын,
Кәпірдің көрді шамасын.
Жиырма күннің ішінде
Талайды … ындыстың.
Ындысты жеңіп алғасын,
Шәрінде тұрып алады.
Күймелі арба, алтын тақ
Мінгізді сонда анасын
Қасында жүрді баласы.
Жеңе алмайтын шаһар жоқ,
Ерегіскен ер еді,
Асыл туған ер еді.
… туған ел еді,
Мынау тұрған, байқап қарасаң,
Ындыстың әуелі алған жері еді,
Атқа мініп жүреді.
«Қылыш ханның қатынын,
Жалғыз қызын Ажардай,
Оны алам»,—деп …
Жұбаныш қайта шықты, ындысты алып,
Ындысқа неше түрлі ойын салып,
Анасын ол шығарды, танып алып.
Анасы сонда сөз айтты баласына,
Айтқан ол жаудың шамасын-ай.
Көргесін перзентін, жылай берді:
—Қарағым, айналайын, сен аман ба?—
Деп, анасы сұрай берді.
Баласы сөз айтады, сонда тұрып:
—Қандай ана сен едің,
Қалған елден бұл жаққа келіп едің.