Жұбаныш (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 2 мин оқу
Қамалып тұрған ындысқа
Жұмсады батыр болатты.
Араға түсіп ындыстар,
Қылыш ханды қорыды.
Қарт бурадай қасқайып,
«Алла!» деп ұран салады.
«Еліңді алдым» дегесін,
Құм сағыздай сазарып,
Қаны қашты бозарып,
Өз-өзінен долданып,
Батыр жаман қорланып,
Үлкен соғыс болады.
Қаңбақтайын жұмалап,
Жұмсады найза сабалап,
Ындыстың басы құлады
Қара жерге жұмалап.
Әрқайсысын әр жерде
Найзалады қуалап.
Өлгеннен соң нобайлап,
Өлтіруге қолайлап,
Ындыстың кетті сәндері.
«Бізге болды солай,—деп,
«Болмайды екен оңай,—деп,
Құлады таудан Қылыш хан
Жасырынатын тоғай»,—деп.
Жұбаныш шапты тоғайды-ай,
Қылыш етті тойынды-ай.
Тұрмады жаудың қасында,
Талайдың түсірді басын-ай,
Қысқартып иттің жасын-ай.
Қарсы тұрып, тоғысты,
Мұндай етіп соғысты.
Көбі қашты еліне,
Артынан қуып бұл жетті,
Бірталайын меңдетті.
Қатын менен баласын,
Ындысқа көрсетпей, шулатты,
Алып барып еліне.
Кірді туған еліне,
Жеткізіп қанды жеріне.
Қашқанының артынан
Жұбаныш қуып жетеді.
Ақ сүңгіні салады,
Жығылып шіркін қалады.
Жер жазықтап ол дағы
Топыраққа барады.
Қырылды ындыстың
Бірі қалмай, қарашы.
Тап келеді далада
Жұбанышқа анасы.
Дорба салып мойнына,
Тезек теріп жүр екен,
Ен далада мұңайып.
—Аспандағы жұлдызым,
Судағы берен құндызым,
Ішімнен шыққан уызым—
Жапанда жүріп зарлаған
Есітер ме екен дыбысым?!
Шақырсам, қолға қонар ма,
Жалғызынан айрылған
Біздей сорлы оңар ма?!
Заманым менің түзеліп,
Бұрынғыдай болар ма?!
Қан төгіліп көзімнен,
Қалды дүние өзімнен.
Атаңа нәлет, бұл ындыс
Ойды менің көзімді,
Құртуға қалды өзімді.
Есітер ме екен жалғызым
Зарлаған менің сөзімді.
Естісе оның құлағы,
Келер еді шырағым.
Бұрылуға шама жоқ,
Залым қалмақ алғандай,
Енді болды арманда-ай.
Сонда кемпір мұңайды,
Жапанда жүріп жылайды.
Артынан еріп Жұбаныш
Анасының келеді.
Айтқан сөзін естіп,
Соңынан қалмай ереді.
Алдынан шығып Жұбаныш,
Анасына сөйледі.
—Артық туған данамыз,
Сен едің туған анамыз,
Мен едім сіздің балаңыз.
Ындыстың көрдім қаласын,
Қалмақтың көрдім шамасын.
Тоғыз ай, он күн көтерген
Қайран менің анамсың.
Танымасаң өзімді,
Тыңда менің сөзімді.
Сонда кемпір сөйледі:
—Айналайын, жас бала,
Кеселеп менің алдымды,
Басыма күн туды,
Үйге барсам,сабалап
Қатын мен бала тұрады,
«Өлтірем,—деп,—өзімді,
Жұлады талдап шашымды,
Кесейін деп басымды,
Қысқартуға жасымды,
Қорлады менің өзімді,
Тыңдамайды сөзімді,
Танымай тұрмын мен,—деді.
Жұбаныштай жас бала
Атынан түсе қалады.
—Жалған емес сөзім,—деп,
Балаң едім өзім,—деп.
Жұбаныш балаң—мен,—деді,
Менің шешем—сен,—деді.
Сынайын десең, шешеке,
Мамаңды маған бер,—деді.
Сонда кемпір қарады,
—Қарағым менің сен бе?—деп,
Омырауын бұл ашып,
Кемпір жақын барады.
—Жасымда емген мамам,—деп,
Сен едің менің анам,—деп,
Аузына салып Жұбаныш
Емшегін сорып қалады.
Танығасын бір-бірін,
Екеуі атқа мінеді.
Қылыштайын қалмақтың
Жылатқан екен баласын,
Көргесін шамасын,
Алды жинап қарасын.
Шұбыртып елге айдады
Ындыстың қатын-баласын.
Шешесіне өзінің
Жорғаны таңдап мінгізді,
Торқаны таңдап кигізді.