Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жұбаныш (8-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 2 мин оқу

«Қайратымды біл»,—дейді.
Бұрынғыны тастап Жұбаныш,
Енді нағыз шындайды.
Алдына келген ындысты,
Қылыш шауып, ұндайды.
Көрмеген екен сор маңдай
Қырғын салған мұндайды.
Қайратын көріп, сасады,
Әр жаққа ындыс қашады.
Шығармады биікке-ай,
Оны қуып киіктей,
Сай-салаға қамады.
Тығылғанын табады,
Балдағы алтын көк алмас,
Соныменен шабады.
Бұл батырға шабуға
Ендігі жерде хан керек,
Хан болса, сорлы не қылсын,
Оған дағы жан керек!
Барайын деп қалаға,
Ол да қашты, қайрылмай,
Ұрысуға шыдамай.
Бара алмады қалаға,
«Кетейін деп далаға,
Қалың қамыс араға.
Кетермін,—деп ойлады,—
Көрінбей ол қараға».
Жазық бір жердің даласын,
Жұбаныш көріп қалады,
Қашан ханның қарасын.
Қасында бар он кісі
Бұрыннан жолдас, шамасы.
Ашылсын деп араға,
Барайын деп қалаға,
Қашқан екен ол сорлы,
Жеткізбен деп қараға.
Жұбаныш қуып келеді.
Атының басын бұрады,
Қараны көріп алғасын,
Кетпесін деп далаға,
Шыға қашты қараға.
Жазылып келіп, бүгілді,
Омыраудан тері төгілді,
Шортандай белі бүгілді.
Аузын ашып арандай
Артынан жетті, япырай,
Жақындап келді батыр-ай.
«Қашқанменен, қоймас,—деп,
Құр қашқанмен, болмас»,—деп,
Тұра қалды қайрылып,
Жолдасынан айрылып.
Басқасы тұрды кідіріп:
«Ханды тастап кетпелік,
Құр қорқақтық етпелік,
Егер жеңсе ханымыз,
Сонда кірер сәніміз.
Хан жеңілсе, бұл қамыс
Ішіне қашып барайық».
Сонда келіп Жұбаныш,
Ындысқа сөз сөйледі:
—Астыңа мінген—сұр,—деді,
Әуре қылып, ындысым,
Қаша бермей құр,—деді.
Аты-жөнің айтшы сен,
Іздегенім сіз,—деді,
Сөзіме құлақ сал,—деді,
Өлмей тұрып, атыңды айт,
Сұрап тұрмын мен?!—деді.
Сонда ханың сөйледі:
—Ақылсыз ноғай—сен,—деді,
Ындыс деген—мен,—деді.
Әңгіме саған не керек,
Соғысалық, кел!—деді.
Артынан келген тебініп,
Жалмауыздай емініп,
Қорықсын ба ындыстан,
Тұрсын ба кейін шегініп.
Екеуі қатар шабысты,
Найзаны қатар салысты.
Ындыстың салған найзасы
Ұңғысынан омырылып,
Найзасы сынып қалады.
Жұбаныштың найзасы,
Салғанда оның айласын,
Ұстаған жерден жапырылып,
Омырылған екен ұңғысы.
Алмаспенен шабысты,
Сауыт пенен шарайна
Үстінде оның бар еді.
Темірден өтпей қаруы,
Сермесе де, қалады.
Сонда тұрып Жұбаныш
Қорамсаға қол салды.
«Қалмайын деп ноғайдан»,
Қалмақ та сонда оңдалды.
Жұбаныш артық ер еді,
Қыбырлайтын жер еді.
Сұр жебені қолға алып,
Батыр атып қалады.
Атқан жерін қарашы,
Жұтқыншақтан өтеді,
Қалмақтың басы жерге жетеді.
Ханы өлген соң, сормаңдай,
Қасындағы он кісі
Баяғы айтқан қамысқа
Жасырынып қалады.
Сытырлаған қамыстан
Даусын естіп алыстан,
Он кісінің аты да
Шаршаған екен шабыстан,
Онын бірдей өлтірді.
Жұбаныштай батыр-ай
Қарамады «олжа» деп.
Көрейін деп шамасын.
Алайын деп қаласын,
Бірқатарын қырғасын,
Ханның салған сарайын,
Сарайына барады.
Ішінде тұрған қолдардың
Қырып салды талайын.
Енді көрді шамасын,
Шулатты қатын-баласын.
Оттатпады ол атты,
Өзі де тамақ татпады,
Дем алып, кідіріп, жатпады.
Ат құйрығын өргесін,
Жау қайратын көргесін,
Тілегін Алла бергесін,
Ындысқа салды ойынды,
Қатты қылды тойынды.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз