Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көгіс, Тегіс (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Жылқыда отырып Көгіс Тегістің қайғылы екенін сезіп, досының қасына келіп, сөйлей бастады:

—Ай, досым-ай, досым-ай,
Қайғыланып жүрсің ғой.
Қабағың қату көрінді,
Ұйықтай алмай қайғымен,
Түн ұйқыңды бөлдің бе?
Жас уақыттан екеуіміз
Қияметтік болдық дос,
Сырыңды маған айтшы сен,
Ақылдасып екеуіміз,
Көңіл кірін ашалық,
Көкіректегі қатты қайғыны,
Қайғыланбай, басалық.
Біреу келіп, жан достым,
Көкірегіңе қайғы салды ма,
Бетіңнен иттей алды ма?
Сонда бала жылады,
Айтпады ол сырын.
Көгіс тағы сөйледі:
—Жылама, достым, жылама,
Болса қайғың, маған айт,
Қас қылған саған кісіге
Сен үшін отқа жанармын,
Өлімге басты байлармын.
Жылағанмен, бола ма,
Кегің кетсе кісіде,
Оны да маған айтсаңшы.
Мың кісіге басымды,
Жалғыз да болсам, балармын,
Кегіңді, сөйтіп, алармын.

Бала қайғысын тағы да айтпады. Сонда Көгіс атасына келіп, айтады.

«Ай, ата, осы менің досым неге қайғылы, соны білемісің?»— деді.

Сонда әкесі сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ай, жан балам, жан балам,
Айырдан туған нар балам,
Ол достыңның жылауы:
Көкірегінде оның да
Кетпес кегі бар, балам,
Сөзіме құлақ сал, балам.
Әкесі де оның ер еді,
Өз дегені болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын
Сондай артық шері еді.
Өз тұсында о дағы
Атаңа нәлет қалмақты
Талай сүйреп жеп еді,
Ақылы оның көп еді,
Қасымда талай ол жүріп,
Ақылшым менің сол еді.
Бір замандар шағында
Біздер жауға баруға
Тұлпарды алдық сарайдан
Жеммен тұрған бағында.
Екеу ғана болсақ та,
Көк сүңгіні өңгеріп,
Тек екеу ғана болсақ та,
Елден шығып, жөнедік,
Азымызды көпке теңгеріп.
Халық үшін белді буғанбыз,
Жазық мидай далада
Қаңғырып талай жүргенбіз,
Қалмақтың күшін көргенбіз.
Соғыс салдық қалмаққа,
Сол соғыста жүргенде,
Досым еді ол менің,
Айрылып қалғанмын.
Сол кегі бар баланың,
Сол себептен жылайды.
Баруға жауға ол жалғыз,
Қайғыдан іші толып жүр,
Қуарып жүзі солып жүр.
Менен туған ұл болсаң,
Атаңнын жолын сен қусаң,
Қияметтік досыңмен
Жауға бірге барасың.
Не салса Алла басыңа,
Көтеріп өзің аласың,
Тілімді менің алсаң сен,
Дұшпаныңа барасың,
Алып кегін бересің,
Алла салса, көнесің.
Өлімнен аман сен болсаң,
Аман қайтып келесің,
Әне, балам, осылай,—

деп, Бегіс сөзін қояды. Сонда Көгіс Тегіске барып айтады: «Ай, достым, жылқыдан өзің жақсы көрген атыңды ұста»,—деді.

Сол бір сөзді естіп
Баланың жүзі кіреді,
Атқа қарай жүреді,
Көп жылқыға барады.
Сол жылқының ішінде
Ала аяқ торы бар,
Соны барып алады.
Басына жүген салады,
Ырғып атқа мініп ап,
Үйіне таман келеді.
Алып барып, ер салды,
Өмілдірік, құйысқан,
Айыл, тұрман бек тартқан.
Құйысқанын қысқартып,
Басына киді дулыға,
Үстіне киді шарайна,
Бәрі жанға ол пайда.
Беліне берен байланды,
Ұстады қолға ақ найза.
Жебесі оның шегеден,
Жебенің ұшын сұрасаң,
Асылы болат темірден,
Шақпақ тасқа егеген.
Көгіс ерге сол бала
Барамын деп жөнеген.
Көгіске сонда келеді,
Келіп, сөйлей береді:
—Ай, Көгісім, Көгісім,
Шықтым үйден мен,—деді,
Жаратып атты мінгенмін,
Саған қарай келгенім,
Жүрмеймісің, жан досым?!
Жатырмысың, Ер Көгіс,
Манағы уағда қай жақта,
Не болды сенің білгенің?
Астыма торы мінгенім,
Жау айласын құртуға,
Жалғыз болсам да, жүремін.
Атаның кегін жіберіп,
Емес пе жақсы өлгенім.
Сонда тұрып Ер Көгіс,
Ұйқыдан тұрып алады,
Шықары шығып, Ер Көгіс,
Тұлпарға жақын барады,
Үй сыртында жүгенді
Сонда қолға алады.
Әуелі салды ерлерін,
Айыл-тұрман, заттарын.
Онан соң салды құйысқан,
Атқа тегіс салады.
Үйге жақын барады,
Керегенің басында
Ілулі тұрған ақ берен—
Оны да қолға алады.
Ұсталмаған шарайна—
Оны да киіп алады.
Басына киіп дулыға,
Қасабасын қақайтып,
Ақ найзасын өңгеріп,
Алды мініп атына.
Сонда келіп атасы,
Баласына сөйледі:
—Ай, балалар, балалар,
Баталы құл арымас,
Батасыз құл жарымас,
Берейін бата мен,—деді,
Қолыңды жай сен,—деді.
Жолыңды Алла оңғарсын,
Үстіңізге нұр жаусын!
Сонсоң балалар жөнелді,
Көңілдері балалардың
Тасқан судай тасады.
Тек екеуін сұрасаң,
Екі мыңға теңелді,
Елден шығып, жөнелді.
Жазыққа шығып алғасын,
Аттың басын босатты.
Астына мінген қос тұлпар
Арандай аузын ашады,
Қырлы-ойлы жерлерден
Кідірмей, қарғып асады.
Қарсы келген қабақтан
Қарғып асып барады.
Сексен күндік жолдарға,
Аңдыздайын хандарға
Қырық күнде барады.
Мекендеген жеріне,
Тұрақты тұрған туған еліне
Екі бала келеді.
Келеді де, сол бала
Қаланың ішін қақ жарып,
Сонда шауып желеді.
Хан отырған қорғанға
Қарсы келіп қалған соң.
Білдіруге ерлігін
Атқа қамшы басады.
Таңға жақын шақ еді,
Жанына қамшы батқан соң,
Астына мінген Тегістің
Торы [ат] сонда асады.
Көгіс мінген көк тұлпар
Тұяғы қызып тұрған соң,
Кідірмей о да асады.
Аңдыздайын хандардың
Бет-аузын шаң басқан соң.
Жатқан ұйықтап ханыңыз,
Түрегеліп, қарады.
Екі тұлпар ол мінген
Көрді екі баланы.
Жайымен тұрып хан Аңдыз,
Ол атына барады,
Барад та, ерді салады.
Көгіс пенен Ер Тегіс
Оны біліп қалады.
Сонда жылдам атына
Аңдыз да ерді салады.
Қару-жарақ асынып,
Атқа мініп алады.
Аңдыз атқа мінгенде,
Көгіс те атты жондады.
Ақ сүңгісін өңгеріп,
Жүруге хан да оңдалды.
Артындағы досына
Сонда Көгіс сөйледі:
«Ай, жолдасым, құрдасым,
Бір жыл туған мұңдасым!
Қалмақ та мінді атына,
Барайын дедім мен соған,
Жолымды Алла оңдасын!
Қолтықтан сүйеп, жебесін»,—
Деп, Көгіс батыр жөнелді.
Ханға жақын келеді,
Аңдыз да артық ер еді,
Өз дегені болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын
Қайсар туған неме еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз