Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көгіс, Тегіс (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 4 мин оқу

Қызылбас пен ындыстан
Оның да жемі көп еді,
Ноғайдан да көп жеп еді.
Ақ сүңгісін өңгеріп,
Бадана көз, берік сауыт
Баса үстіне киіпті.
Ақ найзасын өңгеріп,
Көгіске қарай жүреді.
Көгіс те сонда ұмтылды
Қамшы басып атына,
Ұмытып кетіп найзаны,
Қамшымен ханды бір ұрды.
О да найза салады,
Ақ сауыттан жебесі
Жүрекке кірмей қалады.
Аңдыздайын кәуірді
Қамшыменен ұрғанда,
Басындағы дулыға
Домалап ұшып кетеді,
Қашып ханың жөнеді:
«Басыма қылыш тиеді»,—деп.
Есіне түсіп қылышы,
Күміс аппақ балдақтан
Алды сонда суырып.
Қашып кеткен артынан
Қуып сонда жетеді,
Қылышын сермей қалады.
Басына қару тиген соң,
Басы жерге барады.
Ұйықтаған қатын-баласы
Ордасында бар еді.
Жайыменен Ер Тегіс
Қасына барып түседі.
Ақ найзасын оңтайлап
Және де ұстап тұрады.
Үйге сонда қарады,
Ұстап үйді алады,
Көтеріп кеп салады.
Үйдегі қатын-баласы
Шулап келіп жылады.
Сонда қашып барады—
Қорғанның іші қан болды,
Қырылған көп жан болды.
Көгіс пенен Ер Тегіс
Қорғанның ішін алады.
Қорғандағы қалмақтың
Жиылып тұрған әскермен
Екеуі соғыс салады.
Ақ найзасы жарқылдап,
Көгіс пенен Ер Тегіс
Қалмаққа ойын салады.
Қамалды бұзып кете алмай,
Қамалда қалмақ қамалды.
Көгіс мінген көк тұлпар
Аспанға қарғып ойнайды.
Ұстаған қолға көк найза,
Қалмаққа салса, бойлайды.
Бір қолында ақ семсер,
Сермесе, кеспей қоймайды,
Жүзі қанға тоймайды.
Тегіс мінген Торыны
Аттың қағып топшысы,
Бір кезде Торы құлады.
Өлтіруге Тегісті
Қамалап қалмақ тұрады.
Оны көріп Ер Көгіс,
Қалмаққа жақын келеді,
Жиналған көпті көреді.
Ызаланып Ер Көгіс,
Шыдамады досына,
Қалмаққа қылыш ұрады.
Жиналған көп қалмаққа
Салды Көгіс лаңды.
Ақ найза мен семсері
Қара қанға бұланды.
Талайы аттың сұлайды,
Ішек-қарны ол түскен
Жылаған көрді талайды.
Сонда Тегіс тұрады:
—Атым, сенен қате болды ма?
Көзім, сенен қате болды ма?
Қылышты дұрыс сермемей,
Қолым, сенен қате болды ма?—
Деп бір тұрып ер Тегіс,
Сонда тұрып сілкініп,
Қайта атқа мінеді.
Қарсы келген қалмаққа
Бүркіттей жазып шеңгелін,
Найзаменен түйеді,
Лашын құстай іледі.
Тегіс, Көгіс тиген соң,
Қалмақтың көбі сілейді.
Қарсы келген ерлерді,
Аларып көзі, көрмейді.

Сол қалмақтың ері бар екен, соны қалмақ шақыртып жібереді. Ол қалмақтың ері бес жүз шеру ерлерімен келеді.

Бес жүз кісі қасында
Дулығасы басында,
Ақ найзасы жарқылдап,
Келеді қалмақ қуанып,
Өздерінше олар да
Пірлеріне сыйынып,
Ақ сауытын жамылған.
«Аңдыздайын хандарын
Өлтірді,—деп есітіп,—
Ханның жанын ол қорлап»,
Естіп сол хабарды,
Жүректері ердің қабынды.
Астына мінген тұлпарлар
Терлеп қатты, сабылды.
«Осы жол медет берсін!»—деп,
Өздерінше олар да,
Бабасына қатты жалынды.
Қорғандағы көріп баланы,
Сонда ерлер қағынды.
Көгіс пенен Тегістің
Сыртқы түрін қарасаң,
Арыстан мен аюдай.
Арыстан мен ол аю
Екеулесе, қоя ма?!
Аюдайын айбатты,
Арыстандай қайратты,
Жақындап қалмақ қамалға.
Ақ найзаға сүйеніп,
Екі ер тұрды қамалда.
Сонда жақын келеді,
Оларға қарай Ер Көгіс
Жеке шығып, жөнеді.
Сонда жүріп Қалмаққа
Көгіс батыр сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ай, құлым-ау, құлым-ау,
Қодыраңдап желесің.
Ақ найзаңды өңгеріп,
Жеңіп алар кісідей
Қақаңдап сен келесің.
«Алармын» деп ойлайсың,
Алдырарын қайдан білесің!
Олжаға атың алармын.
Артыңа ерген әскерің
О да маған олжа-ды,
Олжа болар уақытын.
Екі бала болжады.
Аңдыздайын еріңнің
Басын кесіп мен алдым.
Жан баспаған қорғанға
Ат қарғытып мен бардым.
Шаңырағын үйіңнің
Ортасына түсірдім.
Білгеніңді істей бер,
Аңдызды аттан ұшырып,
Қара жерді құштырдым.
Енді сені жүрдірмен,
Аяғы түгел арғымақ,
Енді сырым білдірмен!
Жанына тиіп сөз айтты.
Сонда қалмақ ерінің
Көзі құрдай қызарды,
Созылып кірпік, ұзарды.
Қаны қашып, бозарды,
Естігенде бұл сөзді,
Не қыларын білмеді.
Ақ найзаны өңгеріп,
«Жекпе-жек!»—деп, шабады.
Екеуі сонда алысты,
Ақ найзамен қағысты.
Ат үстінде және де
Ақ семсермен шабысты.
Бастарынан қылыш өтеді,
Сермеген соң қылышты,
Жарқылдамай, не етеді!
Артындағы Ер Тегіс
Алладан тілеп тілекті,
Бабасына сыйынды.
Досы жаумен жүргенде
Сыйынбасқа қиын-ды.
Сонда тұрып сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Алланың шері—Аршылан,
Ұлсыздарға ұл бердің,
Қызсыздарға қыз бердің.
Жақсы менен жаманды,
Кемітіп бірін тастамай,
Біріне-бірін теңгердің.
Ата тұяқ жалғызға
Кәне, берген жәрдемің?!
Атаңа нәлет қалмақтың
Тілегенін бермеді.
Екеуі тағы алысты,
Иірілісіп қол да тұр
Қалмақтың тілеп тілегін.
Сол уақыт болғанда,
Бабасы жәрдем бергендей
Бауырын жазып қылыштың,
Дұшпанына сермейді,
Құшырланып, қайрат кернейді.
Аллалап ұран шақырып,
Дұшпанды сонда шабады.
Екпінімен тиген соң,
Дулығаға қарамай,
Басын кесіп салады.
Айрылып екі қалады
Қолбасшысы өлген соң,
Қалмақтарды сонда жапырды.
Тегіс пенен Ер Көгіс
Оларға қарай ақырды,
Құйған судай сапырды.
Ақ найзасы жарқылдап,
Айқай дулап, көбейді.
Езілген қанның ішінде
Қамшы басып атқа, жебейді.
Өшігісіп алған соң,
«Қырылды қалмақ» демейді.
Бір мезгілдер болғанда,
Боғы аралас қан болып,
Жердің үсті толған соң,
Тегіс пенен Көгістен
Сонда қалмақ ығысты.
Аттары болып қан мен тер,
Қалаға азы қашады,
Қысылып, жаман сасады.
Екі бірдей жас балаға
Бабасы жәрдем болған соң,
Қылышын алып қолына,
Көгіс пенен Ер Тегіс
Қалмақтың түсті соңына.
Сол жағы оның тау еді,
Қуа-қуа қалмақтың
Шықты ерлер оңына.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз