Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Көгіс, Тегіс (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Бегістейін еріңнің
Жасы отызға келеді.
Әйел таңдап алмайды,
«Ал» десе де, болмайды.
Отырып бір күн атасы
Баласына сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Балам едің, сен,—деді,
Асырадым әлпештеп,
«Қарғам адам болар деп».
Сен бір адам болмадың,
«Ал десем әйел, алмадың».
Атаң келді жетпіске,
Анаң келді алпысқа,
Бүкшеңдеп жұмыс істейді.
Әйел таңдап жастықта,
«Қой» десем де, қоймадың.
Сонда Бегіс ұялды,
Атасының алдында
Жігіттің беті қызарды,
Сонда кетті далаға,
Сол жерде бір бай бар еді,
Жалғыз қызы бар еді—
Өз халқына қадірлі,
Қанымша сұлу атанған.
Бегіс батыр барады,
Бұрын айтқан сөзімен
Соны барып алады.
«Әйел алды Ер Бегіс»,
Дегенді естіп ноғайлы,
Қалмай, бәрі жиналды.
Қыз да келді отауға,
Көбейді қыздар отауда.
Үш күн ұдайы ойын қып,
Тоғыз күн ұдайы жібермей,
Ат шаптырды тойын қып.
Аттар шапты бәйгеге,
Жүз елу қой, сегіз қара
Тігілді сол бәйгеде.
Ноғайлының жандарын,
Тамақ сыйлап, тойғызды.
Арада өтті бір жыл.
Ер Бегістің әйелі
Екіқабат болады.
Тоғыз ай, он күн болғанда,
Еркек бала табады.
Ноғайлы сонда жиылды,
Ақсақал мен кәрие
«Көгіс» деп атын қойды,
Және де тойы тарады.
Ер Бегістің досының
Әйелі тапқан ұлының
Атын қойып, қылды той,
Және де тойы тарады.
Ер Бегістің достысы,
Соның бар-ды әйелі,
О да туған бір ұлды,
Оның аты болды «Тегіс» деп.
Атасы жүріп, екеуін
Қияметтік дос қылды.
Ес білмейтін уақтынан,
Екі жас бірдей дос болды.
Бірнеше жыл болғанда,
Кішкене екі баланың
Жасы беске толғанда,
Атасы менен анаға
Ермек болды бұл бала.
Жасы онға толады,
Недәуір жігіт болады.
Атасының мініп тұлпарын,
Екеуі соған мінгесті,
Жылқы бақты, малдарын.
Жылқышы мен түйеші,
Болды соның иесі.
Бір күндері болғанда,
Ер Көгіс пенен Тегістің
Жасы он бірге толғанда,
Тегістейін жас бала
Анасына келеді,
Келіп, сөйлей береді:
—Айналайын, анамыз,
Аязды күні айналдың,
Бұлтты күні толғандың.
Дыбысым шықса ол менің,
«Қарағым шошып кетті»,—деп,
Бесіктен шешіп, қолға алдың,
Өсірдің жастан әлпештеп.
Атасыз болдым мен неге?
Әуелі бастан жаралдым,
Атамыз қайда, анажан?
Сағынып тұрған атасын
Сорлы болған балапан!—
Деп, бір бала егілді,
Көзінің жасы төгілді.
Ол атасын еске алып,
Қабырғасы қақырап,
Омыртқасы сөгілді.
Анасы сонда сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Айналайын, жас бала,
Атаңды алма ойыңа.
Атаңды алсаң ойыңа,
Анаң да бірге егілер,
Қабырғасы сөгілер,
Көзден жасы төгілер.
Атаңның айтсам мен жайын,
Ауадағы құстар мен
Жердегі аң да—барлығы
Қайғыланып, көбейер.
Оны білсең, арманда,
Қайғы толар басыңа.
Атаңнан қалған жалғызсың,
Елемес сенің өзіңді.

Солай деп әйел баласына жауап айтып еді, бала: «Ана, неге олай, кім өлтірді?»,—деп қоймады.

—Қоймадың ғой, жан балам,
Атаңды мен айтайын,
Қалай кеткен мән-жайын.
Бегіс қатты ер еді,
Атаңменен болған дос.
Қосылып екі арыстан,
Халықтың қамын ойлаған.
Белшеден батып ойларға,
Екеуі кеткен қалмаққа,
Халық үшін мал алып,
Қалмақтан кекті алмаққа.
Қалмақ елге барулы,
Қалмаққа соғыс салулы.
Сол соғыстың ішінде
Атаң өліп кетіпті,
Тар жерлерге жетіпті.
Жылай-жылай сені ойлап,
Дүниеден өтіпті.
Ішімде едің сен сонда,
Арманда болып, келе алмай,
Жарық күнді көре алмай,
Дүниеден кетіпті.
Мәні-жайы осылай,
Сөйлеттің, балам, тосын-ай.
Және де тастап кетіпті
Ер Бегістей досына-ай.
«Арманда сені кетед»,—деп,
Отыр едім мен айтпай.
Ақыры айттым, болмады,
Мәні-жайы осылай.
Сонда бала үндемей,
Көгіс пен Тегіс қосылып,
Жылқысына жөнеді.
Жайымен жүріп отырып,
Жылқысына келеді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз