Құттықия (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Құттықия өзі үлкен болған соң, хандықтан түскесін, оған басқа ой кіреді.
Қырымға хабар салады:
—Аттаналық, кел,—деді,—
Қалмаққа таман барайық.
Сыпыра сонда сөйледі:
—Ақташыны шап,—деді.
Парпария сөйледі:
—Ала алмайсың сен,—деді,
Қиын жері Қалмақтың,
Үш айлық жер жүреді.
Құттықия кетерде
Бәйбішесі сөз бастады:
—Кетемісің, алғаным?!
Бір перзенттің жоғынан,
Менің жалғыз қалғаным.
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтерем Алла салғанын.
Артыңда қалған балам жоқ,
Тәңірі қылды, шарам жоқ.
Және қалған мал да жоқ,
Жаны ашитын пенде жоқ.
Құттықия сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ақташының еліне
Барсам, хабар алармын,
Үш Бөкенбай жеріне,
Қалмақ деген еліне.
Жарлылық пен жалғыздық
Бір тәуекел етемін,
Ол үш айлық жол еді,
Қош, аман бол, сен!—деді.
Аттың басын жөндеді,
Тоқсан күндік жол еді,
Қашықтығы сол еді.
Күні-түні жол жүріп,
Есебі жоқ мол жүрді.
Құттықия сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ағайын-туған, ел де жоқ,
Есіркейтін пенде жоқ.
Ен майданда қаңғырып,
Ел, қараны көрмедім.
Ағайын-туған, ел қайда?
Баяғы кеткен жер қайда?
Аспанда жүрген бозторғай,
«Көрдім» деп хабар берсейші.
Бөкенбайға мен жетейін,
Алайын деп қаласын,
Хан мінген боз тарлан ат көрінді.
Қай жерде тұрып қаласың?
Алыс болды арасы.
Үш Бөкенбай көрінді.
Бөкембайдан шыққасын,
Ақташының еліне
Ол бір айлық жер еді,
Отыз кісі қасында.
«Барыңыз сыртқа,—деп еді,
Бөкенбайда бар шығар,
Қанша да болса, ел деген,
Барамын соған мен» деген.
Бөкенбайдан шыққасын,
Он күндік жерге толғасын,
Алдынан көрді бір қара.
Ол қараны көрген соң,
Жетейін деп долданды.
Жақындап келді қарасы,
Ол—қалмақтың баласы.
Көп қалмақтан бөлініп,
Алдына шықты, қарашы.
Қара жетіп келеді,
Келе сөйлей береді,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Қалмақ деген ел едік,
Бөлініп шыққан қаладан
Ақташының ері едік.
Алыстан қара көргесін,
Іздеп сені біз келдік.
Білейін деп мен келдім,
Көргеннен соң қараңды,
Білейін деп шамаңды.
Құттықия сонда сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Мен—ноғайлы деген ел,—деді,
Жерімді менің сұрасаң,
Өзен бойы жер еді.
Іздегенім сұрасаң,
Ақташы деген ел еді.
Тауып бер маған қалаңды,
Шақыр жолдас балаңды
Тая шаппан мен,—деді.
Соғысам десең, қалмақ,
Берегірек кел,—деді,
Қайратымды көр,—деді.
Қарсыласып, аңдысты:
—Бердім кезек мен,—деді,
Ата бер, қалмақ, сен,—деді.
Әуеліде оқ атты,
«Дәл жүректің басы,—деп,
Өлер жерің—осы»,—деп,
Атып еді бұл қалмақ,
Атқан оғы өтпеді,
Етіне оғы жетпеді.
Бір атқанда, үш атты,
Үш оқты бірден босатты.
Өзіне кезек берген соң,
Өз кезегі келген соң,
Құттықия оқ атты:
«Қалмақ ердің қасы,—деп,
Қақ жүректің басы,—деп,
Өлер жерің—осы»,—деп.
Бір атқан оғы өтпеді,
Етіне таман жетпеді.
Құттықия тебінді,
Жалмауыздай емінді,
Атқан оғы өтпеді.
Өтпей қалса, қиын-ды,
Сол уақыт болғанда,
Бабасына сыйынды.
Сонда Құттықия сөз сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Өлдің, қалмақ, сен,—деді,
Атың басын тарт,—деді,
Жолдасыңа қайт,—деді,
Арызыңды, бар да, айт,—деді.
Сонда қалмақ сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ата бер, ноғай, сен,—деді,
Жасқанбаймын мен,—деді.