Жаңбыршыұлы Телағыс (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Қайтадан қырық батырға келеді, келіп Сыпыра тағы сөйлей бастады:
—Асанның ұлы Ер Абат,
Қасындағы ер Тоған,
Тұрыңыз ерлер сен қабат.
Көріп келдім мен,—деді,
Қарасай, Қази ер,—деді.
Қази ердің қарасаң,
Бұзылып тұр реңі,
Қайтар емес жүрегі.
Қайнарлы қара бұлттай
Қайтпас қайсар неме екен.
Өз дегені болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын
Шынжырлы артық ер екен.
Жалаң аяқ, жалаң бас
Ақ найзасы қолында,
Жайдақ аттың үстінде
Қази артық ер екен.
Қорқар емес өлімнен,
Қалың беріп, қыз алған
Ноғайда үлгі қашаннан.
Малды сендер беріңіз,
Ұрыспаңыз, ерлерім,
Сөзіме менің еріңіз.
Сонда Сыпыра қарт Мамайға келді, Мамайға сөйлей бастады:
—Асыл туған ерлерім,
Шынжыры мықты беглерім,
Келдім сізге мен,—деді.
Қатар еді Телағыс,
Қарындасың Ақбілек
Сол батырға бер,—деді.
Қайсысынан батырдың
Ол Телағыс кем еді?!
Ұрыспаңыз, ерлерім,
Ашуыңды басыңыз,
Еліне барып батырдың,
Қалыңмал алып қайтыңыз.
Қыз алып, қыз беру—
Қашаннан-ақ дәрбіміз.
Тілімді алсаң, балалар,
Менімен еріп барыңыз.
Асанның ұлы Абат сонда Сыпыраға сөйледі:
—Жасы үлкен қартымыз,
Азды-көпті демеңіз,
Алам десе сол малдың
Жайын оған айтыңыз.
Сонда Қази сөйлей бастады:
—Бұрын туған данасың,
Білесің халықтың шамасын.
Ықтиярсыз тартып алар ма
Мұсаханның баласын?
Орақтан тудым мен,—деді,
Тоқалдыққа қыз беріп,
Емес пе қорлық көрмеген,
Неміз қалсын, баба, өлмеген,
Ойлашы, баба, сен деген.
Сонда сөйлейді Сыпыра:
—Жақсы туған баламыз,
Орақтан қалған тұяғым,
Екеуің де асылсың.
Асылы артық шырағым,
Артық туған ер,—деді.
Егер тілек сен берсең,
Меніменен еріп жүр,—деді.
Телағыстай батырды
Бар да өзің көр,—деді,
Болалы құда кел,—деді.
Сонда Қази сөйледі:
—Жасың үлкен бабасың,
Жақсы менен жаманның
Білесің өзің шамасын,
Ақылың көп данасың.
Тоқсан баулы ноғайда
Ықтиярсыз қыз алған
Бар ма еді ноғай баласы?!
Бұрын-соңды онда болмаса,
Орынсыз сөзді айтқаның,
Өзің байқа, қара да.
Сонда Сыпыра сөйледі:
—Орақ пенен Мамай бар,
Жан білмейтін бір талай
Толып жатқан ноғай бар.
Ноғайлы деген ел,—деді,
Толып жатқан ноғайды
Аралаппын ба мен,—деді.
Ақылы көп жас бала,
Жасы үлкен аға бар,
Ақылы көп дана бар,
Сексенге келген Мамай бар.
Ақылға қамал ұғып ал,
Сен оларға жеткенше,
Қази бала талай бар.
Бұл жиынның ішінде
Смайыл—Тобаяқ,
Қалу менен Сары бар.
Мұсадан туған отыз ұл
Орақтан басқаның бәрі бар.
Тақылдама, жас бала,
Ағаларыңа ақыл сал,
Соларға таман өзің бар.
Сонда Мамай сөйлейді:
—Ноғай деген ел,—деді,
Қыз алып, қыз беру—
Атаның жолы сол,—деді,
Бұрыннан келген жол,—деді.
Жасың үлкен данасың,
Біздер бердік билікті.
Екі жанның байқасаң,
Өзің шешші арасын.
Сыпыра сонда сөйледі:
—Берсең билік біздерге,
Барайын мен ерлерге,
Ерлердің тұрған жерлерге.
Сыпыра қырық батырға келіп сөз сөйлей бастады:
—Абат, бері кел,—деді,
Тоған да батыр, ер,—деді.
Қарғабойлы, Қазтуған
Сендер де бері кел,—деді.
Жаңбыршыұлы Телағыс,
Ерлерімнің басы едің,
Өшіккен жауға қас едің,
Сен де бері кел деген.
Шақырып алып ерлерді,
Ортада тұрып Сыпыра,
Сонда тұрып сөйледі:
—Асылы туған ерлерім,
Артық туған беглерім,
Өшіккен жауды қорлаған,
Әруақ қонып торлаған,
Табыңнан ерлерім,
Байқап келіп отырсам,
Әрқайсыңыз батырсыз
Мың кісіге болмаған.
Шерқұртының елінде
Мамай деген хан еді,
Ақылға кәмал дана еді.
Ортасында байқасам,
Қарасай, Қази бар еді,
Смайыл мен Тобаяқ,
Қалу менен Сары еді.
Мамайдайын ханыңыз
Билікті маған ол берді.
Татуластыр ноғайды,
Арасында бол,—деді.
Соған келдім, ерлерім,
Неғыл дейсің сен,—деді.
Ірмеліп ноғай тұрғанда,
Қазтуған батыр сөйлейді:
—Ноғайлының ерлері,
Жақындап келің сен,—деді.
Жасы үлкен қартыңа
Билікті бәрің бер,—деді,
Айтқанына көн,—деді.
Телағыс сонда сөйледі:
—Бұл кісінің ішінде
Асанның ұлы Ер Абат,
Біріңе-бірің қат-қабат.
Көп ноғайдың баласы,
Жасы үлкен данасы,
Жел жағында панасы,
Жиналып келген жамағат,
Ендігісін өзің біл.