Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жаңбыршыұлы Телағыс (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Арада бірнеше жыл өтті, батыр Жаңбыршы өлерге жетті. Сонда Мамайды шақырып алды. Сонда Жаңбыршы Мамайға айтты:

—Ай, Ер Мамай, Ер Мамай,
Айтшы, білші, сен Мамай,
Егер өлсем мен,—деді,
Мынау жалғыз Телағыс
«Қияметтік өкіл бала» деп,
Тарыққан жерде жебей көр,
Қысылған оның жерінде
Қолтығынан сүйей көр.

Мамайға тапсырып, сосын бір-екі күн тұрып қайтыс болды. Осыдан біраз уақыт өткеннен кейін Телағыс «Мамайдың қарындасын аламын» деп, бұл жұмысқа Мұсаның отыз баласы қарсы болып, «бергізбейміз» деп және Телағысты өлтірмек болады. Соны естіп Телағыстың Аққозы деген жылқышысы келіп сөз бастады:

—Ай, Телағыс, Телағыс,
Мен бір жаман іс білдім.
Мұсаның отыз баласы
Айласын оның қарашы,
Сонда кеңес құрыпты.
Мұсаның отыз баласын
Белгілі Құдай ұрыпты.
Ең кенжесін сұрасаң,
Қалу менен Сары еді,
Қызғаншақ іші тар еді.
Ақбілектей бір сұлу
Ортасында бар еді.
Сонда олар құрыпты
Шақырып ертең аларға.
Біреуі тартып ер күйін,
Біреуі тартып би күйін,
Біреуі өлең айтады,
Біреу жырды жырлайды,
Сүйтіп кеңес құрыпты.
Ортаға сені саларға,
Есіңді сенің аларға.
Сүйтіп еліріп кеткенде,
Қиындық сізге саларға.
Өлтіріп сені алған соң,
Ен малды бөліп аларға.
Қази менен Қарасай
Орақтың батыр сұрасаң,
Екі сондай баласы-ай.
Сондай кеңес құрыпты,
Айттым саған мен,—деді,
Есіңе ал сен,—деді.
Үй сыртынан ол келіп,
Телағысқа сөйледі.

Сонда Телағыс күрсініп дем алды. Сонда қатыны домалап кетіпті. Таңертеңмен Күреңше атқа ер салып, атты ерттеп, қолына жылан бауыр қамшыны алып, жол кетуге шықты. Сонда қатыны барып шылбырдан ұстап алды:

—Аптықпа, батыр, аптықпа,
Аптықтың тимес пайдасы.
Жасанысқан жау болса,
Кетпеңіз оған жарақсыз.
Осыдан барып сен өлсең,
Мен қалармын қарақсыз.
Сонда барып сен өлсең,
Тігулі үйіңде кім қалар,
Адыра қалып тұл болар.
Басқа жерге бұрылма,
Көкем менен Мамайдан
Сосын хабар ал,—деді.
Оның сөзін тыңдамай,
Қамшыменен бір ұрып,
Өте берді Телағыс.

Мамай сарала таңда шапанының бір жеңін киіп, бір жеңін кимей, аяғына кебісін жалаң аяқ киіп жүгіріп кетеді. Бір шаршы ақ шүберекті басына тартыпты. Соған Телағыс қарсы келмеді. Келіп Мамай сөйлей бастады:

—Ай, Телағыс, Телағыс,
Өкіл бала сен едің.
Орағымның барында
Алушы еді тілімді.
Қарасай, Қази жас бала
«Үндеме» дейді сен қу бас,
Баласыздық білінді.
Тілімді алсаң Телағыс,
Боғданы талақ ет,—деді,
Мұнан көшіп кет,—деді.
Еділдің бойы ен қамыс,
Боғданың бойы боз қамыс.
Енді барсаң Телағыс,
Еділ бойын жайлаған,
Қырымды ноғай жайлаған,
Қырымды ноғай сол,—деді,
Баршы соған сен,—деді.
Ақбілектей аруды
Алып жұбай ет,—деді.
Ол Мұсаның отыз ұл
Ер болса, ол қайда-ды,
Ағалыққа отыз ат, отыз шапан
Сен алғанда қайда еді?!
Сонда Телағыс сөйлейді:
—Айналайын, ағамыз,
Дүниеге қолды салыңыз.
Керегің болса дүниеден
Болғанша толы алыңыз,
Елге біздің барыңыз.
Сонда Мамай сөйлейді:
—Алмаймын сенен мал,—деді,
Ағам деп мені сыйласаң,
Тілімді менің ал,—деді.
Еділдегі ноғай Қырым-ды,
Соған көшіп бар,—деді.
Сонда тұрып Телағыс,
Отыз ұлға бармады.
Келіп атты ерледі,
Айыл-тұрман берік тартып,
Құйысқанын қысқартып,
Енді атына мінеді.
Атқа мініп алған соң,
Қарауға шықты малдарын,
Тұр екен соны алуға.
Боғданы талақ бұл етіп,
Ағайыны Қырым-ды,
Соған таман баруға
Бес күнде малды жинады.
Құйысқаны шартылдап,
Атты Күрең қинады.
Малдың сондай көптігі,
Сегіз күндей шұбыртып,
Қара өткелден өткізді.
Сол өткелден өткенде,
Хан Мамай бар қасында.
Мұсаның отыз баласы
Хантөрткілдің басында
Шығып тұрды, қарашы.
Телағыстай батырың
Отыз ұлдан хабар алуға,
Жаулығын оның білуге
Аттың басын бұрады
Соған таман баруға.
Сонда әйелі сөйледі:
—Артық туған сұңқарым,
Астыңда бар-ды тұлпарың.
Жасанысқан жауыңа
Барма жақын сен,—деді.
Мамай көкем бар болса,
Жақындап жетіп барғанда,
Тура қарап тұр,—деді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз