Алау батыр (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда Есен сөйледі:
—Ноғай деген сен бе едің?!
Сүйіндей басыңды алармын,
Кесіп жерге салармын!
Бір мың кісі қолым бар,
Сен секілді ноғайды
Алатұғын ойым бар,
Саған етер тойым бар.
Сүйіндей басыңды алмасам,
Кесіп жерге салмасам,
Бірге туып не етейін,
Ер белгісін етейін.
Қызылбастың қолдарын,
Талқандап неше ерлерін,
Сындырып неше белдерін,
Енді іздеп баруға
Келе жатыр едім ноғайды
Мекен еткен жеріне.
Ер болсаң артық тұр,—деді,
Атыңның басын бұр,—деді,
Жалтақтама, сен,—деді,
Басыңды алам мен,—деді.
Осылай деп Есенің
Алау ерге сөйледі.
Сонда Алау сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Қолыңнан келсе, аяма,
Шамаң келсе сен,—деді.
Менің атым—Ер Алау,
Салармын саған мен талау.
Сонда Алау ер еді,
Астына мінген сұр еді.
Бес жүз кісі әскермен
Сонда Есен жапырды,
«Қаптаңыз!» деп шақырды.
Сонда екеуі ұрысты,
Ұрысып қатты соғысты.
Батырың сонда ақырды,
«Алла» деп ұран шақырды.
«Соғыспай қалай қалам» деп,
Тәуекел етіп іс қылып,
Қалмаққа салды ойынды,
Көрсетті сонда тойыңды.
Қызыл қанға толады
Қалмақтың талай қойыны.
Ішінде мықты жан қалды,
«Менің кегім кетер» деп,
Есендейін хан қалды.
Қарсы шауып хандары,
Қарсыласып бұл қалды.
Екі бірдей жандары,
Есен дейін ханыңыз
Ол да алмасты сермеді.
Батыр да қарап тұрмады,
Жағаласып қалады.
Басында бар-ды дулыға,
Онан алмас өтпеді,
Етіне ешбір жетпеді.
Суырды алмас белінен,
Дулығаны қайырып,
Маңдайын сонда ашады.
Астындағы сұр атқа
Алау да қамшы басады.
Өтпегесін қылышы,
Жан тәтті екен сорлының
Қалмақ та тұра қашады.
Артынан батыр қуады,
Құтылсын ба қашқанмен,
Артынан жетіп алады.
Айнала тұрып алысты,
Екеуі қатты соғысты.
Аясын ба батырың,
Басын жұлып алады.
Басын жұлып алғасын,
Есен хан өліп қалады.
Айдады жесір шұбыртып,
Тұрғызбады кідіртіп.
Күндіз-түні демеді,
Шұбыртып айдап келеді.
Тұрғызсын ба далаға,
Неше күндей жол жүріп,
Еліне жақын қалғанда,
Жесірді кейін қалдырып,
Алдынан озып келеді
Айсадайын атаға
Барып сәлем етерге.
Балаң келді дегесін,
Алдынан шықты ат мініп.
Ат үстінде қолдасып,
Сәлем берді баласы.
Сөйледі сонда бабасы:
—Сау-саламат келдің бе,
Берді ме қуат бір Алла,
Алау деген баламыз?!
Әлі елге келген жоқ
Ахметдейін ағаңыз.
Барған ісің бітті ме,
Қайратың жауға жетті ме?
Есен, Сүйін хандарың
Алдың ба шауып қаласын,
Қатын менен баласын?
Сонда Алау сөйледі:
—Ақылы жетік данамыз,
Қайраты асқан бабамыз,
Сау-саламат келеміз.
Жеті ай болды кеткелі,
Осы елден шыққалы.
Есен, Сүйін хандарды,
Өлтірдім сондай жандарды.
Он екі күн ұрысып,
Босаттым тұрған қаласын,
Сөйтіп көрдім қалмақ шамасын.
Айдап келдім қарасын,
Жетім-жесір баласын.
Айса барды қарарға,
Ноғайлының аш-арық
Ол да келді шетінен
Олжа сұрап аларға,
Сауға сұрап барарға.
Айсадайын бабамыз
Қызықты сөйтіп көреді.
Сауға сұрап келгенге
Аямай бөліп береді.
Алау артық туған ер,
Қалмақпенен соғысып,
Мекенін тартып алған жер.
Ер Алаудың бұл түрі
Қырымның қырық батырындай бар еді.
Айсадан туған Ахмет
Сонымен бірге жүр еді.