Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жаңбыршыұлы Телағыс (6-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 1 мин оқу

Сыпыраға Абат еріп, Мамайдың тобына келіп сөйлейді.

Сонда Абат сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
—Көп ноғайдың елі еді,
Шерқұртты мен Қырымды,
Бір қыз үшін тартысып,
Көрсетпе бүйтіп түріңді.
Асан атам үйде еді,
Елің қандай күйде еді.
Сыпыраны бас қып жіберіп,
Біздерге атам бүй деді:
—Көп ноғайдың баласы,
Тату болып айырылма.
Араға дұспан түсіріп,
Бірлігіңді ұшырып,
Бір қыз үшін жауласып,
Елдігіңнен айырылма.
Мамайға сәлем айтарсың,
Іреңін елдің кетірмей,
Мамай мұны байқасын,—
Деген қарттың сөзі еді,
Осылай деген сөзі еді.
Жиылып түгел бас қосып,
Телағыстың аулына
Жүрейік енді тез,—деді.
Мынау сөзге қиналды,
Бұл айтқанға иланды.
Сонда Мамай сөз бастап,
Ноғайлының қорғаны
Асан ата деген соң,
Ер Абат бастап келген соң,
Қырымнан келген қырық батыр
Бұл Абатқа ерген соң,
«Бірлікке тартпай оңбас» деп,
«Енді бармай болмас» деп,
Көп әлеумет жиналды.
Сонда бәрі жол тартты,
Мамай бастап отызын,
Алып келді ерлерге.
Қырымның қырық батырымен
Татуласып ерлердің,
Қолдасқан осы жер еді.
Телағыстың еліне
Біраз шеру қол болып,
Сонда ерлер жөнеді.
Еліне оның барады,
Барып тойын қылады.
Қалыңмалға сұрасаң,
Жүз елу қой береді,
Елу жылқы қосады.
Мамайдайын батырға
Берендікпен белдіктеп,
Шұғаменен терліктеп,
«Ағалығы оның» деп,
Астына тұлпар ат берді,
Беліне қару зат берді.
Қарасай, Қази ерлерге
Басына киер дулыға,
Үстіне киер шарайна,
Қолына берді ақ сүңгі,
Сүйтіп қайтты еліне.
Арасын ашпай ерлердің,
Батырлардың сұрасаң,
Біріккен жері осы еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз