Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алау батыр (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Қаланың көрді қарасын,
Мың кісіге бас болып
Есен дейін ханыңыз
Қызылбасқа кетіпті.
Алау мініп сұр атқа,
«Жеткізгей,—деп,—Алла мұратқа»,
Ор қояндай ұйытқып,
Ақ бөкендей жортады.
Алдынан шығып он кісі
Алауға қарсы келеді.
Мінген аты қара еді,
Қару-жарақ түп-түгел
Онында да бар еді,
Алауды қамап қалады.
—Бір-бір байтақ ел,—деді,
Қайдан жүрген адамсың?
Қамап тұрған он кісі
«Кімсің?» деп сонда сұрады,
Ұрыспай батыр тұрады.
Сонда қалмақ сөйледі:
—Уағаштың елі дария
Мекен қылған жер еді,
Қалмақ деген байтақ ел еді.
Есен, Сүйін ханымыз,
Ешкіммен жоқ-ты бәсіміз.
Мың кісі әскер бұл кетті
Қызылбастың еліне.
Тағы да әскер қол алып,
Ноғайлының еліне,
Жүреміз деген ойымыз бар
Үшқиянның байтақ жеріне.
Жарқыным, өзің баласың,
Жолдасың жоқ дарасың,
Сор маңдай, қайда барасың?
Сонда Алау сөйледі:
—Атаңа нәлет сұм қалмақ,
Сен қалмақ деген ел ме едің?!
Мен ноғай деген ел едім,
Ноғайдан шыққан ер едім.
Ындыс пенен қалмақты
Көрсем алам деп едім.
Шулатуға қатын-баласын,
Көрейін деп шамасын.
Әскерің қайда, ел?—деді,
Ер болсаң, енді, кел,—деді.
Сонда тұрып Ер Алау
Жанға қолды салады.
Балдағы алтын беренді
Суырып қолға алады.
Тұс-тұсынан қалмақтар
Қылыштарын сыбады.
Ол өтсін бе қалқаннан,
Алау да қарап тұрмады,
Қылышын сонда сермеді,
Тарылтты жаудың тынысын.
Он кісі тұрған қалмақтың
Тоғызы қалды жығылып,
Тізесі жаман бүгіліп.
Тұра алмады далада,
Бәрі қашты қалаға.
Алау сонда қуады,
Қалмақ қалды бәлеге.
Келді қуып батыр-ай,
Айқай дүбір шыққасын,
Үйден шықты хандары,
Жылап қашты баллары.
Атын мініп ханыңыз,
Сауыт саба кие алмай,
Әскер қолын жия алмай,
«Енді қалай етем деп,
Жалпылдап қайда кетем» деп,
Шығып алып хан шапты,
Ақылды сонда бұл тапты.
Алауға қарсы хан келді,
Келе сонда сөйледі:
—Жылқыдан міндің сұр,—деді,
Бала, сабыр ете тұр,
Білмеймісің шамаңды,
Танырсың енді бабаңды.
Азғана сабыр етіңіз,
Керек болса жаныңыз.
Кетер енді сыныңыз,
Қалады жерде басыңыз,
Қысқарады жасыңыз.
Басыңды алмай қоймайды,
Жарағым қанға тоймайды.
Шыдамады батыр да,
Бұл да сөйлей бастады:
—Білемін, қалмақ, өзіңді,
Тыңда менің сөзімді.
Жіберген он кісің іздесең,
Әрқайсы әр жерде,
Өлімтігін қараңыз.
Жалғыз келдің жалпылдап,
Екі аяғың салпылдап.
Атқа жайдақ мінгенің,
Енді біл, сорлы, өлгенің.
Алау дейін ер еді,
Іркілмейтін ол еді.
Алмасты қолға алады,
Сүйінді сонда салады.
Басы үзіліп түседі,
Домалап жерде қалады.
Қалмаққа салды ойынды,
Ете берді тойыңды.
Жері жазық ен дала,
Жарағы қанға тоймады,
Қашқандарды қоймады,
Өлтіріп жерге салады.
Қызылбасқа кеткен мың кісі
Ол да хабарланып қалады.
Сол хабарды тапқасын,
Жесір алып қайтқасын,
Көңілі өскен бұл қалмақ
Бес жүз кісі әскермен
Еліне қарай шабады.
Қатын-бала бұл шошып,
«Ноғай ит келіп қалар» деп,
«Елге әлек салар» деп,
Бара берің, сіз,—деді,
Кейін барамыз біз,—деді.
Елді жинап алады,
Есен шабуылды салады.
Бес жүз кісі әскермен
Қалың шаңды көргесін,
Алдынан шығып Ер Алау
Соған қарсы барады.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз