Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жаңбыршыұлы Телағыс (1-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Жетпіске Жаңбыршының жасы толды, он бес жаста Телағыс болды. Телағыс әкесіне:—Әке, жасым жетті, мен жауға аттансам,—деді. Сонда Жаңбыршы Телағысты шақырып алып, былай деді:

—Телағыс, балам сен,—деді,
Сенің әкең мен,—деді.
Өзіңнен өзге бала жоқ,
Аға-іні және жоқ.
Сен кетсең егер алысқа,
Бұл дүниеге ие болып
Тұратын бізде шама жоқ,
Жетпіске жасым толған соң,
Үлкендік жетіп болған соң.
Тоқсан баулы ноғайлы
Қыз тауып ала алмадың,
Балам, өзің қолайлы.
Кетемін дейсің, сен балам,
Бегеңдейін қалмаққа,
Қасыңда жоқ жолдасың.
Сонда Телағыс сөйлейді:
—Ертемін, ата, мен,—деді,
Мұсадан туған отыз ұл.
Орақ пенен Мамай жоқ,
Қарасай, Қази жас бала,
Жүруге онда шама жоқ.
Бір бөлек әскер қол,—деді,
Болмай ма жолдас сол,—деді.
Сонда Жаңбыршы сөйлейді,
Баласына бата береді:
—Алланың шері арышлан
Жәрдем бергей сіздерге.
Жалғызым қайта бұл келіп,
Көрсеткей Алла біздерге.
Берік еді қаласы,
Аз кісінің бұл келмей
Жүрмесін қалып шамасы.
Қалмақтың салған оры бар,
Болман деген ноғайға
Қашаннан оның ойы бар.
Астында мінген Телкүрең,
Шабыстан ол тана ма?!
Аяғы төртеу жылқыдан
Озбай күрең қала ма?!
Телағыстай жас берен
Жаңбыршының ақ сауыт
Үстіне киіп алады.
Үйде тұрған сұр жебе
Қасына ердің іледі.
Беліне буып көк балдақ,
Беліне шала байлады.
Көк сүңгіні қолға алып,
Атқа батыр барады,
Үзеңгіге аяқ салады.
Атқа мінер болғанда,
Алпыстағы анасы
Ат қасына барады.
Сонда кемпір сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Перзентім едің сен,—деді,
Қасыңа келдім мен,—деді.
Барасың қайда, перзентім,
Жалғызым едің сен?—деді.
Тастай ма екен туған баласын,
Тастай ма екен анасын?
Іздегенің мал болса,
Төңірекке көзің сал.
Сонда Телағыс тұрып сөйлейді:
—Айналайын, анамыз,
Желді күні панамыз,
Көруге жердің шамасын,
Барайын деп мен тұрмын
Бегендей қалмақ қаласын.
Мұңаймаңыз, анажан,
Алыс жолға барғанда,
Қайтара ма екен анасы
Өзінің жалғыз баласын?!
Шегуге сапар мен тұрмын
Қалмақтың сондай елдерге.
Қуайын деп ойлаймын
Алыс сондай жерлерге.
Мұсаның отыз баласы
Расын оның сұрасаң,
Қалу менен Сары еді.
Тобаяқ бар ішінде
Жиналыпты Мұсаның
Орақ пенен Мамайдан,
Қарасай мен Қазидан
Басқасының бәрі еді.
Сол сөзді айтып Телағыс,
Жүрудің қамын ойлады.
Жөнелер болды Телағыс,
Мұсаның отыз баласы
Бірікті бәрі, қарашы!
Баратынын сұрасаң,
Беген қалмақтың елі еді.
Алыстығын сұрасаң,
Екі айлық жер еді.
Есепсіз жолда жүреді,
Бірнеше өтті белестен,
Бірнеше өтті таулардан.
Бір күндері болғанда,
Қаланың көрді қарасын.
Келеді ноғай деген соң,
Мың кісімен аттанып
Жатқан екен көп қалмақ.
Бастығы оның Беген-ді,
Қылдырған екен дегенді.
Көрінген соң қарасы,
Беген бастап мың кісі,
Өңкей шора бектері,
Артық шықты ерлері,
Бөлініп шығып жөнелді.
—Азғана өзі кісі еді,
Өлтірелік біз,—деді.
Баршасын оның қыралық,
Аты менен тондарын
Ортаға олжа қылалық,
Жүріңіз енді сіз,—деді.
Бөлініп алып мың кісі
Шабуылды салады.
Жазбаған тобын кісіге
Беген бастап алдымен
Шауып жетіп барады.
Бегендей залым қалмағың
Телағысқа келіп сонда сөйлей береді:
—Айтшы өзің кім едің,
Танымаймын сіздерді?
Менің атым сұрасаң,
Бегендей батыр ер едім.
Өз дегенім болмаса,
Кісі дегенін қылмайтын
Артық туған шері едім.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз