Жаңбыршыұлы Телағыс (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Ноғай деген елдерді
Табанға салып жер едім.
Жүз кісі бар қасында
Алыстан дұшпан бұл келсе,
Жүн қылып оны жер едім.
Сонда Телағыс сөйлейді:
—Біздің текті сұрасаң,
Ноғай деген ел едік.
Сол ноғайдың елінен
Бөлініп шыққан ер едік.
Қалмақтың іздеп қаласын,
Елін оның шабуға
Шығып едік елдерден,
Мекендеген жерлерден.
Қасымдағы ерлерім—
Артық туған беглерім.
Қош көрген соң олар да,
Оңай олжа табуға,
Егер қалмақ болсаң жау,
Олжа қылып аламыз,
Талапайды саламыз,
Ат-тонымыз жоғымыз,
Ат-тонды боп қаламыз.
Сонда Беген екі кісі еліне жібереді хабарға, елден әскер жинап аларға. Сонда екі кісісі еліне барып, екі мың кісі әскерді жинап алды. Жолға шықты. Бұлар әлі төбелеспей тұр екен. Әскері келген соң, Беген аз кісіге сөйлей бастайды:
—Қалмақ деген елдерім,
Артық туған ерлерім,
Мынау тұрған аз кісі—
Келген өзі ноғай ғой.
Аз кісі мынау ноғайды
Шауып алу оңай ғой.
Жапыралық біз,—деді,
Қамады сонда ерлерді.
Ортада ерлер қалған соң,
Қысылып сонда терледі.
Сонда Телағыс отыз кісі жолдастарына сөйлей бастады:
—Ай, жолдастар, жолдастар,
Заманы қатар мұңдастар,
Бір сапарда қолдастар,
Қалдық қамау жерлерде,
«Өлмейміз» деп ойламаң,
Кегіміз болып кетпесін,
Іс болды-ау қиын ерлерге.
Телағыстай жас батыр,
Қалмақпенен қас батыр
Сонда тұрып ақырды
Қасындағы ерлерге.
Өлеміз деген ойменен
Тұтасымен жапырды.
Қалмақ, ноғай арасы
Қан төгіліс болып арада,
Судай құйған сапырды.
Телағыстай жас батыр
Қылышын алып қолына,
Онды-солды сермеді.
Қалмақ сонда көбейіп,
Аттың талайы босады.
Қырғын күшті болған соң,
Ат тұяғы астында
Қаны ағып жосады.
Қалмақтың басы төгілді,
Қара жерге домалап.
Ерлер қайрат қылады,
Үсті-үстіне сабалап.
Қалмаққа мүшкіл туады,
Шеткері қолдан ол шығып,
Бегендей қалмақ қашады,
Елдердің пысы басады.
Артынан қуды Телағыс,
Сол Телағыс батырдың
Әруағы судай тасады.
Қалмақ мінген қара-ды,
Қараменен ол қашып,
Ұрып сонда қара атты,
Басы, көзге сабады.
Астына мінген байқасаң,
Телағыстың Күреңі.
Ешбір малдан кем емес,
Сол Күреңнің реңі.
Арандай аузын ашады,
Аяғын топтап басады.
Мұрсат та қоймай қалмақтың
Сонда алдын тосады.
Алдын оның басқанда,
Бегендей ол қалмағың
Бұлтара келіп қашады.
Не істерін білмей сол жерде,
Бұтына тышып сасады.
Телағыстай батырдың
Әруағы басады,
Ұстап сонда алады.
Мұндай жазық далада
Екі батыр алысты.
Найза ұстап қолдарына,
Біріне-бірі қарысты,
Қарсы тұрып шабысты.
Найзасынан шыдамай,
Аттан түсіп екеуі,
Жағалас жаяу салысты.
Қара қанға батысты,
Сол уақыт болғанда,
Күн екеуге толғанда
Ханды қара басады.
Жығыларға таянды,
Жығылып сонда ол қалды.
Телағыстай еріңіз
Суырып қанжар қолға алды.
Астында жатып Бегенің
Сонда сөйлей бастайды:
—Ай, Телағыс, Телағыс,
Ер екенсің сен,—деді,
Қалмақтан айла асырған
Ер едім сондай мен,—деді,
Сондай болған ер,—деді.
Қатын менен баласын
Көрмей оны шөлдеді.
Енді менің өлгенім,
Өлім болды-ау көргенім.
Бақытымның бұл қайтып,
Шырағым жанған сөнгені.
Сол сөзді айтқан кездерде,
Қанжарын қолға берік ұстап,
Сонда оған салады.
Өлтіріп тастап Бегенді,
Телағыстай батырың
Кәпір залым қалмаққа
Істеткен екен дегенді.
Қайта атқа барады,
Қара атты жетекке ап,
Күреңге мініп алады,
Шабуылды салады.
Жауды қуған жеріне
Қайта батыр барады.
Жатқан екен соғысып
Отыз кісі ноғайлар.
Кетпеген екен ыдырап,
Жүрген екен отызы
Біреуін бірі ол қорғап.
Іш қазандай қайнады,
Талайының ол қолын
Телағыс батыр байлады,
Өлімге оны сайлады.
Шәһарына қарай кәпірдің
Қуып, сабап айдады,
Жеткенінше бәрін қырады.
Еліне барып кәпірдің:
—Мұсылман дінге көн,—деді.
Артық сондай діндерді
Бар да, соны көр,—деді.
Қатын, бала, жандарын
Мұсылман дінге көндірді,
Шырағын жанған сөндірді.
Айтқанын етеді,
Кәпірдің алып қаласын,
Көрді соның шамасын.
Дүниесін бөліп алады,
Мұсадан туған отыз ұл
Дүниеге қолды салады,
Бөліп бәрі алады.
Телағыстай батырың
Аты шығып қалады.
Аман-есен отызы
Еліне қайтып барады.
Телағыстай батырың
Отыз шапан, отыз ат
Ағалыққа алады.
Еліне аман ол барып,
Ананың жүзін көреді,
Атаға сәлем береді.