Әмет батыр (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 1 мин оқу
деп Ер Әмет сөзін тоқтатып еді.—Қаңғырып шетке шығып жүрген ноғайға, әскер бере алмаймын, жөніңнен қалма, кете бер,—депті. Батыр ашуланып қайырылып тұра қалып сөйлей бастады:
Қалың қалмақтардың ішінен біреу шығып жүре қоя беріпті, бұған қарсы Әмет батыр да жүреді. Келе тұра қалың қалмақ сөйлей бастайды.
—Ал қалмақ, ағасың ғой, кезегіңді ала бер,—деді.
Сонда қалмақ оңдалды,
Қорамсаққа қол салды.
Атып қалмақ қалады,
Әметке оғы барады.
Оғы бірақ өтпеді,
Екінші атып қалады,
Өтпеді де, жетпеді.
Үшінші атып қалады,
Тоғыз қабат сауыттың
Алтауын оқ жарады,
Жаңылтпай жазды тобаны.
Кезек келді батырға,
Садақты қолға алады,
Сауыт бұзар оқ салды.
«Қалмақ ердің қасы» деп,
«Қақ өлер жерің осы» деп,
Толықсып тұрған қалмақты
Толғап тартып қалыпты,
Қалмаққа оғы барыпты.
Өтпесе де қалмаққа,
Қабатын алты жарыпты.
Алып оқты тағы атты,
Ит қалмақты жайратты.
Жығылып ері қалған соң,
Сонда қалмақ жапырды.
Семсерін батыр қолға ұстап,
«Қырамын» деп ақырды.
Қылышын жауға сермеді,
Батырды ашу кернеді.
Батырдың үстін қан жапты,
Арыстандай ақырып,
Сонда да кезек бермеді.
Қайраты тасып өрледі,
Қаптаған қалың қалмақты
Бұта құрлы көрмеді.
Он екі күн соғысты,
Мыңдай келген қалмақтан
Тек жүз кісі ғана көрінеді.
Мұны көріп алған соң,
Әруағы асады,
Ердің нысы басады.
Қалғандары қалмақтың
Еліне қарай қашады.
Қалмақтар қашып келіп қалаға тығылады. Қалаға тығылған соң батыр:—Менің дініме көнесің, көнбесең, бәріңді де қырамын,—деді. Сонда қалмақтар көнеді.—Ал менің ағам, шешем, қарындасым қайда, соны тауып бер, және басқа елім қайда, соны тауып бер?—дейді. Қалмақтар бәрін бір зынданға салған екен, тауып береді. Қалмақты бұл жерден кетіріп, мұсылман дінге көндіріп алып, мал, дүние-мүлкімен қайтады, өзінің отырған жеріне шұбыртып алып кетеді.