Алау батыр (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Айсаның інісінің баласы—Алау. Сол Есен, Сүйін деген қалмаққа аттанады. Олар Уағаш, Даяс қасында отырған ел екен. Сонда Айсаның Алауға айтқаны:
—Жетіде қалдың әкеңнен,
Ересек болып сен жеттің.
Асыраған ағаңнан
Енді кетіп барасың.
Біздей туған ағаңнан
Ерлігіңді бұрын етпедің,
Ағаңмен бірге кетпедің.
Шырағым деп атағың
Қалдың бөлек сен,—деді.
Ахметің де жоқ еді
Қатардан, сірә, кемдігі.
Бірге жүрсең ағаңмен,
Көрер едің жақсы мен жаманды.
Кетемін деп ойладың
Бір үлкен жауға жалғыз бас.
Жалғыз кетсең, дарасың,
Атқа бір мінсең, келмейсің.
Қалмақ деген жаман ел,
Жалғыз қалмаң қапыда,
Дұшпанның білмек керек шамасын.
Мінген атың сұр еді,
Неше жылдай байлауда
Бағыңда шарбақ тұр еді.
Сауытсыз кидің шарайна,
Жебені қолға алмадың.
Будың алмас беліңнен,
Жалғыз кеттің еліңнен.
Найза менен жебең жоқ,
Өзің де жас баласың.
Он жасыңа келгенде,
Жалғыз қайда барасың?
Тірі келсе Ахмет,
Қатарына ер,—деді.
Дұшпанға еткен айласын
Ахметжанның көр,—деді.
Тілімді алсаң, сен,—деді,
Айтып болдым мен,—деді.
Барамын деген бұл жауың
Жүдә бір мықты ел,—деді.
Бұрын ноғай көп барып,
Ала алмай жүрген елі еді,
Бекіп қалған жер еді.
Тілімді алсаң, Алаужан,
Қызылбасқа бар сен,—деді.
Қызылбас емес қалмақтай,
Босаңырақ ел,—деді,
Және жақын жер,—деді.
Қызылбасқа сен барсаң,
Екі айда балам жетесің.
Есен, Сүйін қалмаққа
Төрт айда талып жетесің.
Есен, Сүйін қалмақты
Іздейтін болсаң, сен балам,
Шаттың бойын жағала.
Темір деген бір жер бар
Ол Шаттың жатқан бойында,
Жемнің түстік бетінде,
Ол бір биік Төрткілде.
Төрткілден өтсең, құм болар,
Құмның арғы жағасы
Асу дария бұл болар,
Ол ағып жатқан Сыр болар.
Арғы жағын араласаң,
Ұзыннан жатқан ну болар,
Елсіз жері бу болар.
Жаздың күні көлеңке,
Қысты күні ық болар,
Байтақ жатқан жер,—деді.
Құр көргендей жалпаңдап
Шаба берме сен,—деді.
Ерлік деген бір болар,
Айла деген оң болар,
Айласыз ер сор болар.
Сонда Алау сөйледі:
—Ақылы қәміл дана едің,
Халық билеген хан едің,
Талайды көрген жан едің.
Он жасымда ат мініп,
Жетейін деп әр жолға
Сапар шығып түзелдім,
Барайын деп тар жолға.
Жері қиғаш құм дедің,
Жүдә алыс бұл дедің.
Барайын деп кезендім
Есен, Сүйін қалмақтың
Мекен қылған жеріне.
Мен тәуекел етермін,
Атқа мінсем, кетермін,
Тапсырып Аққа қалысты.
Мінгесін атқа кезеніп,
Енді бармай не етемін?!
Алау дейін ер еді,
Атқа мініп алғасын,
Іркілсін бе батырың
Қорамса жоқ белінде,
Ақ сүңгі жоқ қолында,
Алты құлаш алмасты
Беліне тартып буады.
Алмасты бекітіп алады,
Сонан басқа қару жоқ,
Батыр да кетіп барады.
«Жауды көзім көрер» деп,
«Қолына алған қаруды
Жаудың өзі-ақ берер» деп,
Сауыты жоқ шарайна,
Басында бар да қалқаны,
Дулыға жоқ басында,
Жолдасы жоқ қасында,
Күні-түні жол жүрді.
Шаттың бойын жағалап,
Шаршамай батыр сол жүрді.
Төрткілдің келіп ол шықты
Алау батыр басына.
«Көрінер,—деп,—барғасын»,
Білуге жердің шамасын.
Көрінетін қара жоқ,
Хабарлар жан және жоқ.
Алда жатқан құм болды,
Түстік жағы шаң болды.
Құмнан арман бұл өтсе,
Шалқыған айдын көл болды.
Көлден әрі өткесін,
Ағып жатқан қара су болды.
Ол қара суды байқаса,
Амудария деген бұл болды.