Ақжонасұлы Ер Кеңес (6-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Ол оқ атқанда Қара тұрып:—Қарлығаш, мені маса ма, сона ма бірдеңе шақты, қақ,—деді.
«Айтқан сөзін қара» деп,
Алмасты батыр алады.
Жүгіріп барып алмаспен
Мойнына салады,
Бөлініп басы қалады.
Ақтанауға мініп ап,
Қалаға ойран салады.
Қарадай ханды өлтіріп,
Қалмақты жүрді аралап.
Ішіндегі мықтысын
Өлтіре берді шамалап.
Қалмақтың елі көніп қалды, Қарлығаштай аруды ат көтіне міңгестіріп өзі алды.
Ендігі хабарды Ақжонастан алыңыз. Кеңес кетіп қалған соң, қалмақтардан қорыққан ноғай қашып, тарады. Жалғыз үй Ақжонас көше алмай, жұртта қалып қояды. Бағлан таз деген бір қалмақ ежелден келе жатқан жау еді. Ақжонасты аңдып жүрген жан еді. Сонда Бағлан таз мың кісімен Ақжонасты шабуға аттанады.
Күні-түні жол жүрді,
Есепсіз тазың мол жүрді.
Ноғай тарап кеткен соң,
Ақжонастай еріңіз
Отырды өзі қалуға.
Жау да таяу келеді
Ақжонастың елін алуға.
Жақындап елге келген соң,
Бөлініп шығып кетеді
Он кісі қалмақ баласы.
Бағлан таздай залымның
Айласын оның қарашы!
Сонда Бағлан таз жансыз есебінде сақал, шашына ақ кірген бір шалды жібереді:—Ақжонас үйінде бар ма екен, қалай екен, шамасын біліп кел,—деп. Шал Ақжонастың үйіне кіріп келеді, өзінің неге келген себебін білдірмей: —Қатыным өліп, жетім бала-шағамен қалған едім,—деп мұңаяды.
Сонда Ақжонас басын көтеріп, қатынына қарап:—Мынаған ас бер,—деді. Нанды алып қалтасына салып, келген жұмысын әбден байқап біліп алып, шал кейін қайтты. Сонда шал Бағлан тазға келіп айтты:—Ақжонас қарусыз отыр, аты да жоқ, баласы да жоқ,—деді.
Шал шығып кеткен соң, Ақжонастың әйелі тұрып:— Жаңағы кісі қалай кісі, бұл жерде ауыл жоқ еді,—деді. Сонда Ақжонас:—Ой, қаңғырып жүрген шал дағы, не бір қатыны өлген ноғай шығар,—деді де, отыра берді. Сонда әйелі үйден жүгіріп шықты. Ақжонасты шақырды:—Анау шаң не зат? — деп бір сөз айтты:
—Айналайын, алғаным,
Ұл мен елден айырылып,
Ен майданда қалғаның.
Қаруың жоқ, затың жоқ,
Астыңа мінер атың жоқ.
Осы келген жау болып,
Бізді шауып кетпесін.
Шошынып тұр жүрегім,
Кетіп тұр-ау реңім,
Сен, шамаң келсе аса көр,
Осы шаңнан тез кетіп,
Елге қарай қаша көр.
Тыңдамас менің сөзімді,
Егер келсе жау болып,
Өлтірер сенің өзіңді.
Сонда Ақжонас сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Ажалға болмас еш айла,
Ажалсыз жан қайда?—деп,
Жаяу қашсам жүгіріп,
Болмайды жанға пайда,—деп.
Сол уақытта жау қарасы көрініп қалды. Сонда тұрып қатыны жылай берді.
Тұра берді Ақжонас:
—Бізге өлім жетті,—деп,
Мен өлсем егер, бұл жерден
Сізге бейнет көп-ті,—деп.
Сол замандар болғанда,
Жау да жақын жетті кеп.
Сонда Бағлан таз алдымен келді. Ақжонасқа:—Сен кім едің?!.—деп ақырды.
—Менің атым—Ақжонас,
Қасымда тұр алғаным.
Ат, жарақтан айырылып,
Осы күн кешті арманым,
Жаяу тұрмын мен,—деді.
Тірі болса Ер Кеңес,
Төбеңді сенің ояды,
Болдырады тойыңды!
Қалмақ шіркін қамады,
Қатынымен екеуін
Қосақтап алып сабады.
Қайыра қолын буады,
Ақжонастай батырға
Шынымен күн туады.
Екі қолын байлады,
Еліне қарап айдады.
Талқандады ордасын
Жинап алды малдарын,
Жинады сүйтіп жандарын.
Қалмақ кетті еліне,
Өзінің айдап жеріне.
Күні-түні жол жүрді,
Елу күндік жер жүрді.
Аяққа салды кісенді,
Мойнына салып күндіні,
Томарға мықтап байлады.
Ақжонастай батырдың
Сүйтіп соры қайнады.
Қатынын салды сиырға,
Қатынымен екеуін
Қуды сүйтіп қиырға.
Сиырды бақты далада,
Ерте кетіп, кеш келді
Өзі жүрген қалаға.