Әмет батыр (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Әмет батыр ағасы Алаудың орнын қуып батыр болады. Қарақобда бойының Елекке құйған жерінде ағалы-інілі оншақты үй болып, қоныстанып отырады. Мұнымен бірге басқа да қара ноғайдың да елі отырады.
Бір күні Әметке ой түседі. Ол ойында Әмет батыр ерлік атақ шығарғысы келеді. Бір күні ағасына келіп:—О, аға, өзің болсаң қартайдың, мен де жетісіп қалдым ғой, қонысымыз тар ғой, қоныс кеңітпесек болмас. Басыма ерік берсең, қару-жарақ берсең, мен кетер едім,—депті. Алау: «Ә, менің қарағым жігіт болған екен. Ағаның орнын ұстайды екен» деп қуанып, өзінің сарайда бағылып тұратын Ақтанау тұлпарын беріп, өзінің қаруларын береді. Осыны қолына беріп тұрып, Алау ағасы:— Ә, Әметжан, қай жаққа барасың, жөніңді айтып кет, хабарсыз кетсең іздерміз, Қара ноғайдың батыры көп қой,—дейді. Сонда Әмет батыр сөйлей бастады:
—Барысымды сұрасаң,
Маңғырдың қырын жайлаған
Көп қалмақтың елі еді.
Етегінде аққан су
Малға жайлы дер еді.
Ойладым соған барарға,
Сондағы қалың қалмақтың
Қонысын тартып аларға,
Қалмаққа ойын саларға.
Ноғайлар маған айтады:
«Тумай кеткір сен,—дейді,
Ағаңдай болып тумадың,
Ағаңның жолын қумадың».
Осы сөзді есітіп
Отырғаным жарар ма?!
Барар жолы бір айлық,
Келер жолы бір айлық.
Аман болып, сау тұрсам,
Екі айда келемін.
Тап қылғанын Алланың
Сол арада көремін.
Кетейін деп жатқанын шешесі біліп қалып, келіп баласының тізгінінен ұстап тұра қалып, сөйлей бастады:
—Перзентім, кетпе далаға,
Қартайған анаң сорлыны
Кеткенің тастап бола ма?!
Ағаң да қалды қартайып,
Бағып жүрген қалмақ ел
Кетсе шауып, жарай ма?!
Қолымда кенже баламсың,
Қартайған мынау ағаңның
Бұрынғыдай әл кетті
Соғысты жалғыз саларға.
Тілімді алсаң, бармашы,
Боғданың бойы боз қамыс,
Електің бойы ен қамыс,
Осыдан артық қоныстың
Керегі бізге болар ма?!
Анаңның тілін аласың,
Осыдан алмай кетсең сен,
Көңіліме қаласың.
Аязды күні айналдым,
Бұлтты күні толғандым,
«Қарағым шошып кетер» деп,
Бесіктен шешіп қолға алдым.
Сүйтіп баққан анаңды
Қайда жүріп бағарсың?—
деп еді. Батыр:—Ағам ұлықсат етті, сен қанша айтсаң да, сапарымнан қалмаймын,—дейді. Сонда шешесі баласының кетерін білген соң, қол жайып бата береді:
деп анасы қала берді. Әмет батыр жалғыз өзі кете берді.
Ақтанаудай тұлпардың
Қалмаққа басын қаратты,
Қамшымен бұтын таратты,
Бауырынан жаратты.
Дөңгеленіп желеді,
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Еті қызып тұлпардың
Ә дегенше болмай-ақ,
Біраз жерге асады.
Тұлпарға батыр мінген соң,
Бұрынғы ердің бойынан
Кез жарымдай асады,
Әруағы ердің тасады.
Он екі күн дегенде
Қырдың шықты басына.
Жайылып жатқан мал көрді,
Қалың жатқан ел көрді.
«Екі-үш мыңдай ел ғой» деп,
Алыстан тұрып шем берді.
Айыл-тұрман бекітті,
Құйысқанын қысқартып,
Сол қалмаққа шабуға
Енді батыр жөнелді.
Көк сүңгісін өңгерді,
Азын көпке теңгерді.
Көп те болса шабуға
Көкірегі ойлап, жөн көрді.