Әмет батыр (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Бұл елдің адамы жоқ екен. Қатын, бала, жесірді қашырып, орнын босатып, сол орнына өзінің елін әкелейін деп батыр кейін қайтты. Бұл елдің бас көтерері Ындысқа аттанып кеткен екен. Еліне келсе, орнында елі жоқ. Батыр елін іздеп сөйлей бастайды:
—Елім кетіп, жұрт қалған,
Айналайын, Құдай-ай,
Елді шауып кім алған,
Елге бүлік кім салған?!
Қартайған кетті анамыз,
Інімен кетті аға да.
Жолын білмей қалдым-ау,
Артынан іздеп барарға.
Ойланамын, қараймын
Ақыл ойлап табарға,
Жау болған біз дұшпанның
Еліне ойран саларға—
деп батыр найзасына сүйеніп қамығып тұр еді. Бір ошақтың астынан бір бала шықты. Үлкені қалуға айла таба алмай, жер ошаққа сол баланы көміп кеткен екен. Бала тұра келеді. Сонда Әмет батыр балаға сөйлей бастады:
—Ел қайда, бала, ел қайда,
Өскен-туып жер қайда?
Ата мен қайда анамыз,
Іні мен қайда ағамыз?
Неғылып жатқан баласың,
Келбетіңе қарасам,
Бозарасың ғой, соласың,
Өзің жалғыз баласың.
Мидай жазық далада
Жалғыз қалай қаласың?
Қалмақ елді шапты ма,
Содан елім қашты ма,
Қонысты тастап асты ма?
Айтшы, кәне, сен бала,
Қапияда дұшпан басты ма?
Сонда бала жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Жылап тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Әмет батыр ағамыз,
Желді күні панамыз,
Сен кеткен соң артынан
Қалмақ шапты еліңді.
Мал менен кетті дүние,
Ана мен кетті ағаңыз,
Сындырды дұшпан беліңді.
Алау батыр ағамыз
Қапияда ғой жатқанда,
Оны ұстап қолға алды.
Аяғы менен қолына
Салды қос-қос кісенді.
Жалғыз қалған ағаңа
Қиын болды, ағеке,
Байқасаңыз қиын іс енді.
Сәлем айтты байқасам,
Ақ сүт берген анаңыз,
Сәлем айтты ағамыз,
Өзіңіз ойлап қараңыз.
Бар болса, өзің білерсің,
Көкіректе ақыл-санаңыз.
Ол сәлемі мынау еді:
«Қобдаға таман барсын» деді,
Орақ пенен Мамайдың
Қасынан әскер алсын деді.
Келсін деді сосын дұспанға,
Онан басқа келмесін,
Келіп босқа өлмесін.
Қаптап жатқан қалың жау
Ойыншық деді көрмесін».
Орақ, Мамайға батыр барайын деп ойлады.—Орақ, Мамайдың елін таба аламысың?»—деді батыр. Бала:—Табамын,—деді.—Қобданың жоғарғы жағында отырады дегенді есітіп едім, осы судың жоғарғы жағынан табылар. Өрлеп жүре бер,—деді. Баланың айтуымен үш түн, үш күнде Жаңбыршыұлы Телағыстың аулына келді. Үйден Жаңбыршы шыға келіп:— Ә, балам, қайдан жүрген баласың? Қай ноғайсың, кімнің баласысың, қайдан келесің, қайда барасың?—деп сұрады. Сонда Әмет батыр сөйлей бастады:
—Мекенімді сұрасаң,
Қобданың төмен сағасы.
Барысымды сұрасаң,
Қобданың жоғарғы жағасы.
Іздегенім сұрасаң,
Орақ, Мамай, Телағыс—
Басындағы ноғайлы баласы.
Менің тегім сұрасаң,
Мен ноғайдың елімін.
Ер Алаудың інісі,
Атымды Әмет дер екен.
Біз де ноғай баласы,
Іздеп келдім әдейі
Солардан көмек болар деп,
Көкіректің болмас,—деп,—аласы.
Келген менің себебім:
Өзім жауға кеткенде,
Елімді қалмақ шауыпты.
Ұйықтап жатқан Алауды
Ұстап қалмақ алыпты.
Келсін неге шамасы,
Аяққа кісен салыпты.
Шауып елді бүлдіріп,
Олжа оңай тауыпты.
Келсем жұртқа, елім жоқ,
Мына тұрған бір бала
Жер ошақтың астында
Жасырынып қалыпты.
Хабарды маған беруге
Жатып мені бағыпты.
Ағамыз еді ер Алау,
Сәлем бізге айтыпты.
Жауға депті жалғыз келмесін,
Қаңғып депті өлмесін.
Қобданың жоғарғы жағасы
Бар депті ноғай баласы,
Әскер сонан ал депті.
Сосын келіп дұшпанға
Ойын-соғыс сал депті.
Соның айтқан жолымен
Елден шығып келемін.
Берсеңдер, әскер аламын,
Қалмаққа таман барамын,
Ойын-соғыс саламын.
Бермесең де, кетермін,
Жесір беріп тұра алман,
Жалғыз да болсам жетермін.
Бермеген әскер ноғайға
Айла нешік етермін.
Жалғызбын деп тұра алман,
Сиынармын Құдайға,—