Ақжонасұлы Ер Кеңес (8-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Сағындым жалғыз перзентім,
Естілер ме екен дауысым
Жапанда жүріп зарлаған?!
Жалғызым менің Ер Кеңес,
«Дұшпанға кегім кетер» деп,
Алты жаста арланған.
Қаумалаған көп қалмақ
Сиырға салып қорлады,
Баяғы заман болар ма!
Сиыр бағып жүргенде,
Біздей сорлы оңар ма!
Ұшып кеткен ақсұңқар
Шақырсам қолға қонар ма!
Біз секілді бейшара
Мұнан қалып оңар ма!
Патша болған атаңыз
Теректе тұр байланып,
Қалды сонда айналып.
«Жалғызым» деп көре алмай,
Пәнде болдым, енді, көр,
Маңдайымда болар ма
Арылмайтын мықты сор!
Сол сөзді айтқан соң, Кеңес шешесінің алдына келіп сөйлей бастады:
—Балаң мендей болар ма,
Жоғары жүрген ақсұңқар
Қолыңа келіп қонар ма?!
Ақсұңқар қонса қолыңа,
Баяғыдай боларсың,
Жақсылық келтір ойыңа.
Біздей болса балаңыз,
Қайғың болса, анажан,
Тағы да айтып қараңыз.
Сонда шешесі айтты:
—Бағлан таздың қатыны
Белгілі жаман залым-ай.
Кесе берме алдымды,
Тұрмын, бала, танымай.
Сонда Кеңес сөйледі:
—Танымай ма екен баласын,
Баласы келіп тұрады
Қарсы көріп анасын.
Атаңа нәлет қалмақтың
Мен салармын ол қойға
Қатыны мен баласын,
Көрермін сөйтіп шамасын.
Менің анам сен,—деді,
Сенің балаң мен,—деді.
Көзіңді ашып, анажан,
Шыныменен көр,—деді,
Мамамды менің емейін,
Мамамды, ана, бер—деді.
Сонда кемпір сөйледі,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Танымаймын өзіңді,
Мегзетемін сөзіңді.
Сонда Кеңес сөйледі:
—Асыл туған анамыз,
Жастықта емген мамамыз,
Ақжонасың қай жақта,
Шешеке, біздің бабамыз?
Сонда кемпір қарады,
Аттан түсіп Ер Кеңес,
Кемпірге таман барады.
Сонда кемпір сөйледі:
—Жауды жерде жарағым,
Аман-есен келдің бе,
Перзентім менің, қарағым?!
Тастай беріп дорбасын,
Жетіп келді қасына-ай,
Құшақтады басын-ай.
Лақтырып жіберді
Тезекті терген қабымен,
Екеуі кетті шағымен.
Кемпірдің барды қасына-ай,
Көзінің төкті жасын-ай.
Кемпір берді мамасын,
Таныды сонда баласын.
Кеңес батыр жөнеді
Іздеп туған бабасын.
Кеңестейін ер еді,
«Жүре бер» деп анасын,
Атасына жөнеді.
Сонда Ер Кеңес келеді,
Ақтанаудай атынан
Келе түсе қалады.
Атасының Ер Кеңес
Келіп қолын алады.
Қолын алып жатқанда,
Мың кісідей әскермен
Бағлан таз келіп қалады.
Босатуға шама жоқ,
Жалғыз туған Ер Кеңес
Айқай жауға салады.
Қамап тұрған әскермен
Соғысып батыр барады.
Жартысы жаудың өлген соң,
Қырылғанын көрген соң,
Қалғаны жаудың қашады.
Тұруына шама жоқ,
Айқай салып Ер Кеңес
Албастыдай басады,
Тұра алмай қалмақ сасады.
Бағлан таз шапты қасқарып,
Қалатын ба еді Ер Кеңес,
Жауға келді егескен.
Екі батыр майданда
Қайраттарын теңескен.
Қарсы келіп қалысты,
Белдерінде алмас бар,
Жекпе-жекке шабысты.
Өтпеген соң қылышы
Бола ма ердің тұрысы.
Жағаласып қалысты,
Жағасынан алысты,
Бір-екі күн жағалас
Ат үстінен салысты.
Одан шықпай еш нәрсе
Аттан түсе қалысты.
Екі күндей жағалас
Жаяу жүріп салысты.
Ақжонастың қатыны
Тұра алмады кідіріп.
Жонасқа сонда келеді,
Сиырды тастап та жүгіріп,
Келіп сөйлей береді:
—Айналайын, сұлтаным,
Астыңда жоқ тұлпарың,
Қолыңда жоқ беренің.
Жәбір шеккен ер едің,
Қарағымды көрдің бе,
Көріп сәлем бердің бе,
Көрдіңіз бе баланы?!
Атаңа нәлет ит қалмақ
Бізді келіп қамады.