Ақжонасұлы Ер Кеңес (9-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Сонда байлауда тұрып Ақжонас сөйледі:
—Бері келші, сен,—деді,
Мынау менің етігім
Қолыңмен ал,—деді.
Етікке қолың сал,—деді,
Ұлтанының астында
Екі елі кездік бар еді,
Шығарып соны ал,—деді.
Кемпір қолды салады,
Етікті тартып алады,
Алып ішін қарады.
Екі елі кездікті
Қатын қолға алады.
Кездікті мынау салады,
Аяқтағы темірге
Кісенді кесіп алады.
Ақжонастың қолындағы бұғауды, аяғындағы кісенді қатын кесіп тастады.—Пышақпен қолыңдағы жөке арқанды да кес,— деді.
Ақжонас та ер еді,
Артындағы жөке арқан,
Қолындағы кездігі
Жалғыз тал қылдай көрмеді.
Босанған соң қол-аяқ,
—Кездікті маған бер,—деді.
Кездікті алып қолына,
Мойнында тұрған шынжырды
Оны да кесіп алады.
Босанып тегіс алған соң,
—Манағы бала қайда?—деп,
Ер Кеңеске жүгірді.
Шыға келсе төбеге
Жағаласты салулы.
Жағаласып жатқанда,
Ақжонас келіп қалулы.
—Тазшаның сырты алтын, іші боқ-ты. Қару өтпейтін жері жоқ-ты,—деп Ақжонас Тазшаны алмаспен жарып жібереді. Ақжонас төңірекке қарады. Тазшаның мінген қос торы атына барып мініп алады.
Тазшадай қалмақтың
Бар қаруын алады.
«Аллалап» ұран шақырып,
Қалмаққа ойын салады.
Бір жағынан Ер Кеңес
Үш күнде қоймай қалмақты
Бір жерге қуып жинады.
Ақжонасқа Ер Кеңес
Жәбір бергіш қалмақтың
Басын кесіп сыйлады.
Анасын ұрған қатынды
Жақсы қылып қинады.
Қайырып қолын артына
Біразының байлады.
Баяғы кеткен жұртына
Қойдай сабап айдады.
—Кегім қойсын бұ,—деді.
Мен ілгері кетейін,
Жеріме таман жетейін,—
Деп Ақжонас ханыңыз
Бағлан таз мінген торы атпен
Шабуылды салады,
Он күнде жетіп барады.
Ақжонас келгенде,
Қарлығаштай аруың
Иіліп сәлем береді.
Сонда Ақжонас сөйледі:
—Ай, жарқыным, сен,—деді,
Перімісің, жанбысың,
Адамбысың, шынбысың,
Танымадым мен!—деді.
Жапанда тұрған жанбысың,
Иіліп сәлем бергенің,
Сен енді мені кім дедің?
Сонда Қарлығаш сөйлейді:
—Жасың үлкен данасың,
Ақылың артық бабасың.
Көргеннен соң жүзіңіз
Кеңестейін ерлердің
Деп тұрмын сізді бабасы.
Кеңес ерді деп тұрмын
Сіздей ердің баласы.
Балаң алған балаңмын,
Атам Қарахан еді,
Мен де жалғыз бала едім.
Саламат-күйлі барсыз ба,
Қуатты-күйлі бар ма екен,
Аман ба еді анамыз?
Сау-саламат барды ма
Іздеп сізді балаңыз?
Атасы тұрып сөйледі:
—Келді біздің баламыз,
Қиналған сүйтіп бабаңыз.
Аман түгел алған соң,
Талқандап қаласын,
Жеңгеннен соң елдерін,
Сындырған соң белдерін,
Бағлан мінген қос торы ат
Оны да алып мінгізді.
Шауып алып елдерін,
Артқызды нарға теңдерін.
Қасіреті-қайғы көп көрген
Атасы мен анасын
Сағынған сүйтіп баласын
Құшақтатып сүйгізді.
Сүйтіп, Кеңес қарағым
Астыма торқа төсетіп,
Жылқыдан жорға мінгізді,
Езу тартып күлгізді.
Осы сөзді айтқанша,
Кеңес келіп қалады.
Жұртта қалған Қарлығаш
Неше уақыт тарыққан,
Келе ме деп зарыққан,
Кеңес ерді көргенде,
Қуанғаннан талады.
Неше айлар сақтаған,
Келгенше дәм татпаған.
Жарын мұндай көрген соң,
Оттай күйіп жанады,
Құшақтап келіп алады.
—Жан серігім, жолдасым,
Тар жерде болған мұңдасым,
Басыңды көтер, келші,—деп,
Көзінің жасы тамады.
Қарлығаш көзін ашады,
Мауқын сүйтіп басады.
Ерлігін елге көрсетіп,
Мәртебесі асады.