Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақжонасұлы Ер Кеңес (4-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Кеңес еш нәрсе айтпады, тек былай деп ой ойлады.

«Үйде тұрып не етем» деп,
«Енді ерлік етем» деп,
Кеңес бала ойлады
«Ер белгісін етем» деп,
«Басқа жаққа кетем» деп.
Шығып Кеңес қарады,
Ақтанауға барады.
Алтынды тұрман, ер жүген
Атқа тегіс салады.
Айыл-тұрман бек тартып,
Құйысқанын қысқартып,
Жақсылап бекітіп алады.
Шығарып атты алған соң,
Үйге таман барады.
Ақжонас киген ақ сауыт
Үстіне киіп алады.
Басына киді дулыға,
Үйде тұрған сұр жебе
Оны қолға алады.
Керегеде ақ берен
Мұны да белге салады.
Жайыменен қозғалып
Ақтанауға барады,
Бара мініп алады.
Әкесі мен шешесі
Жүдә білмей қалады.
Үй сыртында ақ сүңгі,
Қайта оған барады,
Суырып қолға алады.
Есікке жақын барады,
Шешесі біліп қалады.
Шыға келді шешесі,
Еш патшадан кем емес
Ер Кеңестің мүшесі.
Анасы кіріп сөйледі,
Көзінің жасы төгіліп,
Жылай келді егіліп:
—Сұңқарым енді қонар ма,
Құба аралап жортар сонарға,
Жалғызым, кетсең сен,—деді,
Кәріп болдым мен?!—деді.
Артыңда қалды атаңыз,
Жылап қалды анаңыз,
Анаңызға қараңыз.
Сәби туған баласың,
Жас басыңнан жау іздеп,
Жапанда жалғыз қаласың,
Шырағым, қайда барасың!?
Жолдассыз туған дарасың,
Адам тастап кете ме
Өзінің ата-анасын?!
Кімдер алып кетпейді
Атаңның тұрған қаласын.
Жасы сексенге толғасын,
Білемісің атаңның
Қандай қайрат шамасын.
Сексенге жетіп меңдеген,
Тек жаны бар әкеңнің
Бұл жалғанда өлмеген.
Жетпіске жасы келгенше
Бір перзентті көре алмай,
Әкең еді шөлдеген.
Сағынып көрген баласың,
Ата менен анаңды
Тастап қайда барасың?!
Алтыға жасың толғанда,
Жауға барсаң болмай ма?!
Өзің жігіт болғанда,
Алтыға келген жасыңда,
Жолдасың жоқ қасыңда,
Қандай жерге барасың,
Қандай жауды аласың?
Сонда Кеңес сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Берсе Тәңірі тілекті,
Барарымды сұрасаң,
Қалмақтың ханы Қара-ды.
Қайғы етпеңіз, анажан,
Балаң соған барады.
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Тілімді алсаң, жылама.
Астымдағы Ақтанау
Ол шабыстан тана ма!
Атқа мініп алған соң,
Бармай жауға, анажан,
Балаң енді қала ма!

Сонда кемпір қарады,
Шығарып емшек алады.
—Шырағым, емші мамаңыз,
Сағынып көрген баламыз!
Не шара бар Құдайға,
Жылауменен қаламыз!

Сонда Ақжонас үйден шыға келіп, баласына бір сөз сөйледі:

—Айналайын, жан балам,
Ақжонас жаяу қалды,—деп,
Қалмақтар қалар қуанып,
Мен қалдым ғой қуарып.
Қалмақ келер қалаға,
Мен қалдым ғой пәлеге.
Тілімді алсаң, перзентім,
Кетпегейсің далаға.
Мекендеп тұрсаң болмай ма
Осы тұрған қалаға.
Енді, балам, мен өлдім,
Астыма мінер атым жоқ,
Қолыма алар қару жоқ,
Мен өлгенге теңелдім.
Енді мені өлді де,
Арыстан болсын панаңыз.
Не қылса да әкеңде
Енді қылар шама жоқ!
«Қош-аман бол» деді де,
Қала берді Ақжонас
Кеңестейін балаға:
—Қош, аман бол!—деді,
Кетті бала далаға.
Ақтанаудай тұлпармен
Кеңес бала келеді,
Табандатып желеді.
Сексен күндік жол еді,
Он бес күндік шөл еді.
Сол сексен күндік жерлерге
Зыр желумен отырып,
Жетермін қырық күнде деп еді.

Сонда қалмақтың қызы Қарлығаш жатып түс көреді, келіп әкесі Қараға сөйлей берді. Қара деген қалмақтың қарғысы қатты жан еді, қарғағаны өлмей қалмайтын еді. Егер әскермен шабуға қол келсе, теріс қарап жатып қарғаушы еді. Оның қарғысынан жан қалмаушы еді. Оның қарғысы атқан оқтан бетер еді. Қарғысынан қырылған кісінің сүйегі бір тау болып тұрушы еді. Сонда Қарлығаштың айтқан сөзі:

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз