Ақжонасұлы Ер Кеңес (5-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
—Әке, келдім мен,—деді,
Жатырмысың саламат?
Басыңды көтер, әкежан,
Мен сізден туған балапан,
Көрейін жүзің мен,—деді!
Сонда қара қалмақ есін біліп, етегін жинағанша, баласы әкесін, әкесі баласын көрмеген екен.
—Перзентім, бері кел,—деді,
Бұрын-соңды көрмедім,
Көрейінші енді мен сені!
Сонда Қарлығаш келіп әкесіне сөз сөйлей бастайды:
—Асылы артық данамыз,
Ақылы асқан бабамыз,
Ата, көрдім түс,—деді.
Аспаннан қарақұс келді
Келген құсың қонарға.
Халқың болып шулады,
Сол қарақұс қонарда.
Сол қарақұс қонарда
Қатын бала шулады,
Шулаған халқың оңар ма?!
Бәрін басып ол кетті,
Қалаңда сенің тұрмады.
Қара келді қонарға,
Астана халқы шулады,
Шулаған халық оңар ма?!
Осы түсім жаман түс,
Келетін жау болар ма?!
Келмей отыр реңім,
Тітірей отыр жүрегім.
Егер қонса қалаға,
Дұшпан осы болар ма?!
Осы түстен қорықтым,
Көруге келдім өзіңді.
Жорышы осы түсімді,
Көтергін, әке, басыңды.
Отырдым, әке, қасыңда,
Келген дұшпан бұл болып,
Ала ма, әке, қалаңды?!
Жылатпасын балаңды,
Жинашы, әке, еліңді,
Бекіте берші беліңді.
Тастамай, әке, жинашы
Қайратты туған еріңді.
Жина қылыш, найзаны,
Тастама жауға айлаңды.
Жасашы айла сен,—деді,
Болдым айтып мен,—деді.
Сонда Қара сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
—Қайғы етпе, балам, сен,—деді,
Теріс қарап жатармын,
Қарғыспенен атармын,
Ұрттап қанын татармын.
Егер келсе қалаға,
Олжаға атын алармын.
Қанша қатты болса да,
Сүйегін отқа жағармын.
Үйіліп жатқан сүйекке
Оны да, балам, салармын,
Сүйтіп құлқын табармын.
Өлтіремін мен,—деді,
Қайғы етпе, қызым, сен,—деді.
Жиналып келсе көп әскер,
Болады маған жем,—деді.
Қарғасам өзі өледі,
Елді оған жимаймын,
Көз алдыңда өлімді
Өзі жақын көреді.
Жүре бер, балам, сен,—деді,
Қорықпаймын мен,—деді.
Әскері көп болса да,
Болмайды маған тең,—деді.
Қарадай қалмақ ханыңыз,
Қызына солай сөйледі.
Қызы тұрып кетті. Таң мезгілі болғанда қыз тағы әкесіне келеді, келе сөйлей береді:
—Көтер басың, әке, сен,—деді,
Келдім, әке, мен,—деді.
Күн шығуға таянды,
Келуі жаудың аян-ды.
Күн астына қарасам,
Құйындай жалғыз шаң көрдім.
Шаң астына қарасам,
Қыбырлаған жан көрдім.
Астында мінген қара ат бар,
Белінде буған болат бар.
Табандатып желеді,
Төрт аяқтан шыққан шаң
Төрт тарапқа кетеді.
Желгеніне сол аттың
Жер солқылдап келеді.
Жақындады қарасы,
Секілді дұшпан шамасы.
Көтер, әке, басыңды,
Жылап тұрмын қасыңда,
Көрсеңші, міне, әкежан,
Көзімнен аққан жасымды.
Тұрсаңшы, әке, сен,—деді,
Келе жатқан дұшпанды
Әке, тұр да, көр,—деді.
Сонда Қара сөйледі:
—Теріс қарап жатайын,
Қарғыспенен атайын.
Теріс қарап ол жатты,
Сонда Кеңес батырың
Жетіп келді тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Қарлығаш тұрды есікке,
«Кіргізбен,—деп,—Ер Кеңес.
Қорамсаны қолға алды,
Атайын деп оңдалды.
Сонда Қарлығаш сөйледі:
—Асылың артық ер,—деді,
Тілегім бар, сұлтаным,
Тілегімді бер,—деді.
Көзімнің жасын көр,—деді,
Жалынса, жақсы кешеді,
Жаныса, болат кеседі.
Сонда Кеңес сөйледі:
—Тарт қолыңды сен,—деді,
Қырылып жатқан адамның
Сүйегін байқап көр,—деді.
Егер қолың тартпасаң,
Атамын сені мен,—деді.
Сонда қолын қыз тартты,
Тартып қалды қол оқты.
Жұмсап қалды болатты
Қарадайын қалмаққа.
Атқан оғы өтпеді,
Етіне тіпті жетпеді.