Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Ақжонасұлы Ер Кеңес (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Үйге келген соң, үйдегі жандарды шығарып жіберіп, сарыүйекті дорбадан алып, көптің алдына шашады.

Маңайдағы қатындар
Жыланды көріп қашады.
Былайғы қатын қашса да,
Арубибі қашпады,
Екі көзін қадады.
Жыланды алып келгені
Ол Аруға жарады.
Жыланның алды басын-ай,
Арубибі аруың
Барды сонда қасына-ай.
Шикі тұрған жыланның
Аузына салды басын-ай.
Шайнамай тұрып жұтады,
Жерігі сонда қанады.
Жеті жыланның бар басын
Шайнамай жұтып алады.
Тоғыз ай, он күн толғанда,
Таң атар шақ болғанда,
Қатын сонда толғатты.
Адалбақан құрдырды,
Ноғайлының кемпірін
Қатарына жидырды.
Отыз кемпір болады,
Кемпірге үйі толады.

Ақжонас үйге тұрмады, қатын он күн толғатты. Үйден ұзап та кетпеді. «Есітір ме екем,—деп жүрді,—дауысын шырылдаған баланың».

Он күнге дейін Аралхан қазының қатыны сол Арубибінің қасында отырды. Бала шырылдап жерге түскенде, Ақтанау тұлпардан Ақжонас та жерге түсіп қалды. Аз ғана жатып, басын көтеріп алды. Аралдың әйелі Ақбибі Ақжонас басын көтергенде, баланы бауырына басып, Ақжонастың қасына барып, Арубибі сұлу сөйледі:

—Халық ұстаған ханымыз,
Артық туған жанымыз,
Көтер, сұлтан, басыңды,
Перзентің келді қасыңа.

Сонда баланы көрсетпей тұр екен.

—Рас па деді сөзіңіз,
Әкелдің бе,—деді,—өзіңіз?

Бауырда басулы жатқан баланы:—Мінеки,—деді,— балаңыз. Өз көзіңізбен қараңыз,—деді. Сонда хан баланы ұстайын деп жүріп еді, қатын баланы бермей, кейін шегінді.

—Бермейсің неге сен,—деді,
Еремін бе мен,—деді.
Сонда қатын сөйледі:
—Бермегенім мен,—деді,
Бекісін деп ойлаймын,
Ханымыз, сенің буының.
Сонда берді баланы,
Ақжонастай ханыңыз
Баланы алды құшақтап.
Омырауын ашады,
Бауырына басады.
Ақжонастың еті тиді етіне,
«Осының бала екені рас па» деп,
Бетін сонда ашады.
Үйге алып келеді,
Келген отыз кемпірге
«Ізі-жолың құтты» деп,
Бір жаулық, бір қойдан береді.
«Жасың ұзақ болсын» деп,
Кемпірлер берді батасын.
Той қылам деп Ақжонас
Ноғайға салды хабарды,
Ноғайды жинап алады.
Атағын оның білдіріп,
Ортаға оны саларға
Кеңес жерге түскен соң,
Билер, мырза, беглері
Бәрі тойға жиналды,
Артық туған ерлері.
Үш күн ұдай той қылып,
Тоғыз күн ұдай ойын қылып,
Балуан тұрды күресіп.
Ат шаптырып, той қылып,
Алтын қабақ аттырды,
Қызыққа сүйтіп баттырды.
Баланың жасы төртке толады,
Недәуір жігіт болады.
Сақа топай қолға алып,
Балаға таман барады.
«Қарағым жігіт болды» деп,
Анасы сырттан қарады.
Баланың жасы бес толды,
Шешесіне недәуір
Бала жақсы ес болды.
Алтыға жасы жетеді,
Үйге келмей баламен
«Ойнаймын» деп кетеді.
Ойнады бала асықты,
Асық ойнап машықты.
Тартып алды балалар
Сақа топай, асықты.
Бестен жасы өткен соң,
Алтыға жасы жеткен соң,
Артық туған Ер Кеңес
Баламен салды төбелес.
«Атадан жалғыз қу бас» деп,
Балалар оны сабайды.

Үйіне келіп Кеңес анасына сөйледі:

—Айналайын, анамыз,
Желді күні панамыз,
Жоқ па еді іні-ағамыз,
Атадан жалғыз болдық па?
Есіркейтін пенде жоқ,
Жаны ашитын ел де жоқ.
Сонда кемпір сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Айналайын, шырағым,
Ұстаған қолға пырағым,
Атаң еді Ақжонас,
Ежелден о да жалғыз бас.
Аға менен іні жоқ,
Ерліктен басқа міні жоқ.
Айтушы еді билікті,
Ақылы көп мол еді.
Ақылмен жанды билеген,
Ақылы асқан сол еді.
Астана халықты меңгерді,
Азын көпке теңгерді,
Атаң сондай ер,—деді.
Жас басыңнан жабықпа,
Ел билерсің сен,—деді.
Енді барма балаға,
Қаңғырма құр далаға,
Асыл туған ер,—деді.
Атаңның бар да қасына,
Жүре берші сен,—деді,
Кемпір сөйтіп сөйледі.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз