Ақжонасұлы Ер Кеңес (2-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Өтті Шаттан аяңдап,
Отыра алмады баяулап.
Екеуінің мінгені
Белгілі қату көк еді.
Жануардың шабысы
Таусылмастай көп еді.
Жонас мінген Ақтанау
Ауыздықпен алысып,
Аспанға қарғып келеді.
Бүкең-бүкең желеді,
Шаңқай түсте жөнеді.
Ар жағында тар қолтық,
Одан өтіп келеді.
Бірнеше күн болғанда,
Күн намазшамға толғанда,
Оның арты Құбатау,
Соған барып енеді.
Астындағы Ақтанау
Қайраты оның таусылмай,
Әлі дөңгеленіп келеді.
Арғы жағын сұрасаң,
Амудария су еді,
Жағасы қалың ну еді.
Сол нуды келді жағалап,
Қырық күндей жол жүрді,
Азғана емес мол жүрді.
Аты арып, тон тозып,
Сонда жеткен секілді
Әзірет Әлі жатқан жерлерге,
Мекендеген елдерге.
Жақын қалды моласы,
Моланың көрді қарасын.
Ақжонас та ер еді,
Астындағы тұлпардан
Түсе қалып ханыңыз,
Жолдасқа атты береді.
Етігін салып иыққа,
Жаяулатып жөнеді.
Желген атқа ол батыр
Бір перзенттің зарпынан
Жүгірумен ереді.
Моласының басына
Келді батыр қасына.
Табытын оның құшақтап,
Хан да болса жылады,
Көзінен жасы бұршақтап.
Ақжонас сонда сөйледі:
—Асыл туған Арыстан,
Бір перзентке зар болып,
Басыңа келіп түнедім,
Жатып перзент тіледім.
Тілегімді бере көр,
Көздің жасын көре көр.
Тілекті егер бермесең,
Жіберме мені, алып қал,
Тар шұңқырға мені сал.
Бір кезде Ақжонастың көзі ілініп кеткен екен. Арыстан келіп:—Ақжонас, енді тілегіңді бердім, аулыңа қайт, кеңеспен шығып едің, әйеліңнен ұл туар, атын Кеңес қой!—деп өзі ғайып болды. Ақжонас басын көтеріп алып, серіктеріне «тұрыңыз» деді. Қырық қадам шыққанша атқа мінбеді, қырық қадам жерге шыққан соң атқа мінеді.
Шылбырдан ұстап алады,
Үзеңгіге аяқ салады.
Үшеуі де сол жерден
Атқа мініп қалады.
Атқа мініп жол жүрді,
Қисабы жоқ мол жүрді.
Баяғы кеткен ізімен
Отыз күнде барады.
Бір мезгілдер болғанда,
Ауылдың көрді қарасын,
Көрініп қалды шамасы.
Сонда Арубибі алдынан шығып, Жонасқа келіп сөйлей бастады.
Көзінің жасы төгіліп,
Арубибі бәйбіше
Келді жылап еріне,
Жылай тұрып жырлады:
—Сау-саламат қайттың ба,
Арызыңды сіз барып
Арыстанға айттың ба?
Алла тілек берді ме,
Көзің жасын көрді ме?
—Қабыл болып тілегім,
Кірді жаңа реңім.
Жарылып тұр, алғаным,
Бұ дүниеде жүрегім.
Берермін деді бір перзент,
Кеңесіп көрген перзенттің
Атын Кеңес қой,—деді.
Осынан үйге барған соң,
Қыларсың жақсы той,—деді.
Жетпіс күнге толады,
Қатын жерік болады.
Қойдан қошқар сойдырды,
Жерігі оған қанбады.
Сиырдан бұқа сойдырды,
Жерігі бұған қанбады.
Жылқыдан сойды айғырды,
Тағы жерігі қанбады.
Түйеден бура сойдырды,
Жерігі оған қанбады.
Сонда Аралхан қазыны шақыртып алады. Ақжонас айтты:— Мынау әйелдің жерігі қанбады, бұған не амал етемін?—деді.
—Бұрынғы уақытта осындай жерігі қанбаған кісі айдаһардың, не сарыүйектің басын жесе қанатын еді,—деді. Сонда хан бұйырды:—Қайдан да болса осыған жеті сарыүйек алып келіңдер!—деді. Баяғыдан тілектес болып жүрген Сұлтанәлі батыр сол сарыүйекке кетті.
Таудан барып батырың
Сарыүйекті жеті алады.
Суырып тілін алған соң,
Дорбаға оны салады.