Парпария (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Ерегіссең менімен,
Басыңды кесіп алармын,
Түсіріп жерге, аяққа салармын.
Үстіңдегі ақ сауыт
Омырауын айырып,
Ат артына жабармын.
Қолыңдағы ақ найза,
Омырып оны салармын.
Ұстаған қолға беренің,
Оны да қолға алармын.
Бар қаруды алып ап,
Басыңа ойын салармын.
Шамақандай қылармын,
Басыңды кесіп, жоярмын.
Ақ сүңгіні бір салып,
Қаныңды ұрттап, тоярмын.
Қасымда менің тұрғанда,
«Бармын» деп, бала, ойлама,
Жоқ етіп сені қоярмын.
Қандай, бала, ақылың?
Ерегіссең менімен,
Қара қанға малармын.
Тұрған емес ноғай қасыма,
Ерегіссең менімен,
Қылыш тиер басыңа.
Жолдасың да жоқ келетін,
Өлгенде, сенің қасыңа.
Мықты болсаң, қайдасың,
Алғанда шауып қалаңды,
Шулатқанда балаңды?
Қалаңнан сенің мен шықтым,
Жетім-жесір шулатып,
Жамыраған қойдай дулатып.
Естіп пе едің сен?—деді,
Сені де алған—мен,—деді.
Жетегіме аламын,
Ұқтың ба енді сен?!—деді.
Еліңді шапқан мен,—деді,
Батыр болсаң кел,—деді,
Ойранымды көр!—деді.
Парпария сонда сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—«Балам, балам»,—дей берме,
Сенің балаң мен емес,
Менің әкем сен емес.
Шамақандай балаңды,
Шулатқанда қалаңды,
Мықты болсаң, қайдасың?
Жасырынып далада,
Батырлық сен айтасың.
Ол айтқаның жөн емес,
Қара қанға малармын.
Асылымды сұрама,
Мен—ноғайдың баласы!
Жалғыз келген ноғайдың
Еліңе бүлік бұл салып,
Алғанын жауды қарашы.
Шамақандай балаңның,
Бергенмін оның сазасын.
Алдырармын мазаңды,
Кісімсініп сөйлесең,
Берермін өлім жазаңды.
Екі жүздей батырың,
Жалғыз да болсам, алармын,
Табаныма салармын,
Шамаң келсе, кел бері.
Жекпе-жекке сен келсең,
Соғысып сенімен қарармын.
Үстіңдегі ақ сауыт
Сауырына аттың жабармын!
Шыдамады бұл сөзге,
Қылышын алып қолына,
Өлімге байлап бастарын,
Намыстың шықты жолына.
Шаштөбе де ер еді,
Парпарияның қасына
Іркілмей жетіп келеді.
—Ай, ноғайсың, ноғайсың,
Алуыма оңайсың.
Алысалық, кел,—деді,
Шаштөбедей бабаңның
Қайратын байқап көр,—деді.
Сонда тұрып алысты,
Жолбарыстай ыңыранып,
Қарсы қарап шабысты.
Ақ берені жарқылдап,
Атың тізе қағысты.
Қолындағы ақ берен,
Майысып, о да қабысты.
Қылышынан айрылып,
Батырлар сонда қамықты.
Найзаларын алысты,
Біріне бірі итеріп,
Найза сонда салысты,
Серпуіне шыдамай,
Аттар жата қалысты.
Парпария еріңіз
Найзаны ырғап ендірді.
Қалмақтың ханы—Шаштөбе
Сол жағына құлады,
Жаны шығып, сұлады.
Артындағы ерлері
Алдында ханы өлген соң,
Өлгенін көзі көрген соң,
Қолынан намыс берген соң,
Тұрып сонда, жапырды.
Парпария оған қайыспай,
Қайрат оған қылады.
Оң келгенін оң шапты,
Сол келгенін сол шапты.
Атаңа нәлет қалмақтың
Талайын сөйтіп құлатты.
Ашуы керіп батырдың,
Маңдайы оның терледі.
Қызған сайын ол батыр
Құлаштап қылыш сермеді.
Менменсінген ерлерді
Тек бұтадай көрмеді.
Астындағы Құлаша
Қашқан жауға жетеді.
Ақ сүңгімен бір түйіп,
Қасынан оның кетеді.
Қалаға қарай қуады,
Қалмақтан шыққан ерлердің
Басына күн туады.
Тірі қалған қалмақты
Қалаға әкеп қамады.
Жеткенінше қырады,
Кетерін қайда ол білмей,
Қамалып шіркін тұрады.