Парпария (1-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу
Парпарияның әкесі Баба түкті мешіті бар әулие кісі екен. Сонан Парпария жалғыз болып туады. Арада он алты жыл өткеннен кейін, он алты жасқа келгенде, сол елден Парпарияға әйел алып береді. Әкесі—Баба түкті әулиелігін құрып тұра береді. Парпария жасы жиырма жасқа келгенде, жазда ел қыстаудан жаз жайлауға көшеді. Сол елмен араласып Парпарияның да елі көшеді. Парпария әкесі Баба түкті мешітте қалатын болған соң, елін көшіріп жіберіп, өзі әкесіне қайта келеді. Соның қасында он күн отырады. Бір мезгілде бір қой баққан қойшы келіп, әкесінің мешітінің алдына келіп, қойшы сөйлей бастайды.
Сөйлегенде, бүй деді:
—Баба түкті піріміз,
Қашып келдім мен,—деді.
Шамақан қалмақ елге келген соң,
Бүлінді біздің ел,—деді,
Не айла сен істейсің.
Шамақандай қалмақ баласы
Шауып кетті еліңді,
Бүлдіріп кетті жеріңді.
Қасиетті піріміз,
Амалын тап сен,—деді.
Баба түкті пірлерге
Қойшы келіп сөйледі.
Сол жауапты естіп,
Түрегеліп, балаға
Баба түкті бүй деді:
—Түрегел, балам, сен,—деді,
Айла жауға ет,—деді.
Шамаң келсе, жан балам,
Жіберме кекті сен,—деді,
Артынан қуып кет,—деді.
Қысылған жерде мен саған,
Жалынсаң, жәрдем берермін.
Сонда тұрып Парпария
Құла шұбар ат мінді,
Құм сағыздай созылған
Ат құйрығын шарт түйді.
Жалғыз да болса, кетуге,
Ол қалмаққа жетуге,
Артынан қуып жесірдің,
Ерлік айла етуге
Сонда жөнеп кетеді.
Не салса да, көнерге,
Шамақандай залымның
Қайратын сынап көрерге.
Жолға шығып кеткен соң,
Жолдасы жоқ қасында,
Астына мінген Құла ат
Бір жылқыдан кем емес:
Жануардың баласы
Ауыздығы қаршылдап,
Табаны жерге тарсылдап.
Найзағайдай алмасы
Беліндегі жарқылдап.
Құлаша мінген аттары—
Келе жатыр жануар
Құйысқаны сартылдап.
Аяқта алтын тағасы,
Келе жатыр жарқылдап.
Аузын ашып арандай,
Құлаштап адым ашады,
Арындап аяқ басады.
Ындыстағы Парпария
Екі қолы қарысты,
Құйын да емес, аң емес,
Жылқыдай мал емес,
Дариядай тасады.
Кемер-кемер таулардан
Әп-сәтте басып асады.
Тау теке мен бұғылар
Келіп қалса қасына,
Кетерін қайда ол білмей,
Қысылып жаман, сасады.
Ындыстағы Парпария
Ен далаға көзді салады.
Ел қарасы көрініп,
Көз ұшында қалады.
Атынан түсе қалады,
Елге жақын барады,
Аралап келіп ол жүрді.
Ат-сайманын тасалап,
Жағдайын барлап қарады.
Бір жерлерге келгенде
Шеткері тұрған күркеде [н]
Ызық дауыс ол есітті.
Сол күркеде Парпарияның әйелі мен бір қыздың даусын есітті. Сонда қызға әйел былай деп отыр екен:
—Сұлтаным менің келер,—деп,
Құдай бізге берер,—деп,
Жылама, Жарқын, жылама.
Атаңа нәлет ит кәпір,
Дегеніңді қыла алмай,
Баптан, кәпір, ал,—деді,
Етек-жеңі кең,—деді.
Сүй дегенше болмады,
Парпария келіп қалады.
Құдай қосқан жарымен,
Әйелі тұрып, көрісті.
Әйелі сонда сөйледі,
Ұстап тұрып қолдарын,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Құдай қосқан қосағым,
Аман-есен келдің бе,
Арып-ашып жол жүріп?
Оңғарғай Алла жолыңды!
Айыруға жесірді
Артынан қуып келдің бе?
Түн ұйқыңды төрт бөліп,
Ат үстінде желдің бе?
Сонда Парпария сөйледі,
Сөйлегенде, бүй дейді:
—Елден шықтым мен,—деді,
Білуге жүрмін шамасын
Берік, осал елдерін,
Шамақан залым қалмақтың
Мекендеген жерлерін.
Қиратуға келемін
Сол қалмақтың қаласын.
Айыруға келемін
Ноғайдың жесір, баласын.
Аралап елін көрерге,
Қасарысқан ер болса,
Сазасын анық берерге.
Сонда тұрып сұрады
Айласын анық білерге.