Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аңшыбай (3-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 3 мин оқу

Екі қызы әкелді
Аңшыбайға киімді.
Хан баласы болғасын,
Таппасын ба бұйымды!
Аңшыбай сонда қарады.
Кілең жібек келгесін,
Көп ноғайдың ішінде
Аңшыбай киініп алады.
Сонда ноғайлар
Кейінірек тұрады.
Сонда бір-бірінен:
«Мұны қалай етеміз?»—деп сұрады.

Бәрі бірге кеңесіп: «Жалғыз жүрген Аңшыбайдың қолынан не келеді?—деседі.—Мынау тұрған қыздарды, Аңшыбайды өлтірсек, екеуін де өзіміз аламыз». Осылай деп ноғайлар кеңес құрып, сөйледі. Сонда мұсылман перінің қызы үндемей тыңдап болғасын, сөйлей бастады:

—Ноғайлының баласы,
Енді сөйлейміз біз,—деді,
Тимейміз саған біз,—деді,
Сіздің біріңізді қоймай қырамыз.
Біз—перінің асылымыз,
Екі ханның баласы.
Ажалың жетті, ноғайлар,
Қырылдың енді, қарашы.
Жарлығымен, адам баласы,
Өмірлік жолдас жарыма—
Аңшыбайға, Құдайдың
Бізді қосқанын қарашы.
Біз—ақсүйек ханның баласы.

Сонда ноғайлы жаман қорықты. Түсі кетіп, үрікті. Сонда Аңшыбай қасына бәрі келіп тұрады.

Сонда мұсылман пері патшасының қызы ноғайларға сөйлей бастады:

—Ноғайлы деген ел,—деді,
Аңшыбайды байқаңызшы сіз,—деді.
Алты жылдан бері жатқаны—
Бір қарасу, көл,—деді.
«Адам» деп іздеп бармадың
Біреуің мұны сіз,—деді.
Мынау тұрған Аңшыбай—
Анық асыл ер,—деді,
Арзу болдық біз,—деді.
Қателікпен айтқан сөз болар,
Екінші айтпаңыз сіз,—деді.

Сонда ноғайлы біткеннің бәрі:

—Енді сізді жақсы білеміз. Жүріңіз біздің үйге, қонақасы ішіп кетіңіз,—деп, шақырады күлімдеп бәрі бірге. Мырзалар келіп, той қылады.

—Аңшыбай келді көрейік,—деп,
Бұған ақыл салайық,—деп.
Екі бірдей келіннен
Жақсы-жаман жерлердің
Бәрінен хабар алайық,—деп.
Аңшыбай артық ер еді,
Екі перінің қызын алып,
Елге барған жері еді.

Ноғайға салды хабарды, «Аңшыбай мұнда келді»,—деп, мереке-тойды жасады. Алты күндей той қылды. Алты күн салды ойынды. Аңшыбайдың келгені Ноғайлыға білінді.

Ноғайлының жақсысы
Аңшыбаймен кеңесті.
Аңшыбайды «кем» демей,
Жақсылары кеңесті.
Аңшыбай жүрді аралап,
Ноғайды көрді шамалап,
Аңшыбай ақыл ойлады,
Бұрынғыдай болмады.
«Көрейін қалмақтың шамасын,
Алайын,—деп,—қаласын
Бұл ерлікті еткесін,
Білер,—деп,—ноғай баласын».
Ноғайлыдан, сөйтіп, Аңшыбай
Алды сонда, қарашы.
Төрт аяғы болат-ты,
Жануарды қанатты,
Сауыт алды киерге.
Жебе сұрап мұны алды,
Жауға жұмсап көрерге.
Алмас алды беліне
Қынадай салып буарға.
Ер жігітке болар ма
Жауға бармай тұрарға?!
Өзі—дария ағын су,
Қапырығы бу екен.
Өзен-дария сулардан
Жағалай барып өтеді
Орақшыдай қалмаққа.
Қырық кісі нөкерге,
Қарауылда жатқан жер.
Орақшыдай қалмаққа
Көрінді жаудың қарасы.
Аңшыбайдай батырдың
Жақын келді шамасы.
Орақшыдай қалмағың
Бір кісі ертіп қасына,
«Келеміз алып біз»,—деді,
Күте тұрың сіз»,—деді.
Орақшы артық ер еді,
Осыменен емініп,
Аңшыбайға келеді.
Келе тұрып сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Жылқының міндің қарасын,
Жас бала, қайда барасың?
Астыңа мінген Қара атты,
Беліңе буған болатты,
Жолдассыз жүрген дарасың,
Жалғыз қайда барасың?
Кімге келеді деп ойладың
Қайратыңның шамасын?!
Мен—Орақшы деген қалмақпын,
Алармын сенің басыңды,
Қысқартармын жасыңды.
Өлмей тұрып жауап бер,
Біліп қалайын ат-жөніңді.
—Мен—мұсылман деген ел,—деді,
Қарымымды сұрасаң,
Мен—қырық сан Қырымның
Ноғайлы деген ел,—деді.
Іздегенім сұрасаң,
Төбесі шоқты бұл қалмақ—
Қыл жалаулы ел,—деді.
Орақшы деген қалмақтың
Алуға жүрмін мен елін.
Сонда Орақшы сөйледі:
—Орақшы қалмақ—мен,—деді,
Болмайсың маған тең,—деді.
«Өлмеймін» десең, сор маңдай,
Ат-жарағың бер,—деді,
Жүре бер жаяу сен,—деді.
Артымдағы қырық кісі—
Қырқы бірдей төре еді.
Шақырсам, бәрі келеді,
Өлесің, ноғай, сен,—деді.
«Өлмеймін» деп ойлама,
Енді өлгенің көр,—деді.
Сонда тұрып, Аңшыбай
Және бір сөз сөйледі:
—Заңғар қалмақ—сен,—деді,
Іздеп келдім мен,—деді.
Орақшы қалмақ сен болсаң,
Берегірек кел,—деді.
Сонда Орақшы қалмақ тебінді,
Жалмауыздай емінді.
Жақын келіп қасына,
Тұра қалып сөйледі:
—Ноғайлы болсаң сен,—деді,
Алысамысың, атысамысың?
Қайсысын қалай көресің, кел,—деді.
Сонда Аңшыбай қарады,
Атқа қамшы салады.
—Қайсысы болса да, өзің біл,—деді.
Орақшы мінген кер еді,
Ол да мықты ер еді,
«Алысалық, кел»,—деді.
Атқа қамшы салады,
Жағаласты салады.
Орақшы қалмақ жолдасына айтты:
—Енді кейін тұр,—деді,
Атыңның басын кейін қарай бұр,—деді.
Ат үстінен алысты,
Жағаласты салысты.
Екі батыр салысты,
Біраз болып жағалас
Екеуі де қалысты.
Бір күн, бір түн жүріліп,
Ерлер ат үстінде қалысты.
Суырып алмас алысты,
Соныменен шабысты.
Аңшыбайдай батырың
Бұл қалмаққа сенбеді,
Түсіп аттан, келмеді.
«Атымды қалмақ алар,—деп,
Жаяу далада қалам»,—деп,
Сұр жебені қолға алды,
Атайын деп ойлады.
Аңшыбай батыр жұмсады
Қолындағы жебесін,
Бұзды-ау қалмақ шамасын.
Оқ өткесін қалмаққа,
Орақшы батыр жығылды,
Тізесі аттың бүгілді.
Бүгілгесін, қойсын ба?
Атынан түсіп қалғасын,
Өлмей қалмақ, бола ма?

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз