Парпария (3-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу
Белдегі алды беренді,
Беренменен шабысты.
Шамақандай қалмақтың
Қайраты сонда көп екен.
«Қасыма келсе ноғайлы,
Жем қып жермін»,—дер екен.
Үстеріне киген ақ сауыт,
Парпариядай ерлердің
Кете жаздады намысы.
Шамақандай залымың
Алты жерден шанышты.
Сонда тұрып Парпария сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Жаратқан Алла, жан Ие,
Кетірмесін намысты!
Өсірген балаң қысылды.
Жәрдем маған бере көр,
Қолтығымнан демей көр,
Жәрдемдесіп, жебей көр!
Атадан жалғыз баламын,
Қазам жетсе жаулардан,
Тұяқсыз кетіп қаламын.
Сонда тұрып Парпария,
Өзіне-өзі дем берді.
«Ақырғы демім кетсін»,—деп,
Жесір үшін өлуге
Өзіне-өзі жөн көрді.
«Балдағы алтын ақ берен,
Адыра сен қалдың»,—деп,
Тұрып сонда сермеді.
Өлейін деп тұрса да,
Батырды ашу кернеді.
Сонда тұрып көп кәпір
Ысырылды шеткері.
Айдаһар сонда ысқырды,
Ен қалмақты тықсырды.
Батырлар сонда қашады,
Пірлері жәрдем берген соң,
Ердің пысы басады.
Айдаһарды көргенде,
Парпария батырдың
Көңілі сонда тасады.
Шамақандай залымның,
Айдаһарды көргенде,
Кетіп есі, танады,
Іші күйіп-жанады.
Парпария сонда ол тұрып,
Садақты қолға алады.
«Қақ жүректің басы,—деп,
Өлерің сенің—осы,—деп,
Ажал оқтың тұсы»,—деп,
Керіп алып тартады.
Сонда қалмақ құлады,
Құлап қалмақ қалғанда,
Нар түйедей бақырды.
Аузынан қаны атылды,
Даусы жерді көшірді.
Аузынан қаны атыпты,
Сүй дегенше болмай-ақ,
Парпариядай еріңіз
Ақ найзамен бір түйреп,
Сөйтіп, үнін өшірді.
Жаудың беті қайтқан соң,
Кетті айдаһар жоқ болып.
Шамақандай залымның
Жанған оты ол қалды,
Күлге таяу шоқ болып.
Сонда қалмақ қырылды,
Өзіне-өзі ұрынды.
Қалаға таман келеді,
Қара қандар төгілді,
Қаланың ішін қан қылды,
Қырды сонда сан қолды.
Қалмақтайын залымға
Парпариядай жалғызың
Қылыш сонда үйірді.
Сонда тұрып қалмақтар
Шеттеу жерге жиылды.
Санын санап қараса,
Тек екі жүздей жан болды.
Шамақанның әкесі—
Шаштөбе болды бастығы,
Ноғайменен бар қастығы.
Сонда тұрып, қарады
Парпариядай жалғызға.
Әуелі Алла, екінші,
Пірлері болды панасы.
Жаудың бетін жапырып,
Сонда кетіп барады.
Шаштөбедей залым хан
Қылыш, найза асынды.
«Алармын,—деп ойлайды,—
Парпария, сенің басыңды».
Тоғыз қабат темір сауытын
Алды киіп үстіне.
Киімін киіп, жамылды,
Шамақаннан айрылып,
Парпариядан кек алғанша
Жүрегі қатты қабынды.
Баладан жалғыз айрылып,
Қанаты қалды қайрылып.
Бұрылуға шама жоқ,
Отырды ханың майрылып.
Екі жүз кісі қасында,
Дулығасы басында.
Қабағынан қар жауды,
Аударад,—деп келеді,
Жетпес қол бір тауды.
Кесейін деп келеді,
Үзілмес шынжыр бір бауды.
Парпария сұлтан ханыңыз
Жапырылған жандардан,
Өтті кешіп қандардан.
Байқалмай келіп қалыпты
Далдалап кәпір бір тауды.
Үстінен шықты Парпария,
Не екенін ол білмей,
Тұра қалды батырың.
Күрең шұбар ат мінген,
Ат құйрығын шарт түйген,
Үстіне темір көп киген
Көрді сонда жау ханын.
Шаштөбедей залым хан
Келіп, сонда сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Әй, жас бала, жас бала,
Елді мұнша бүлдіріп,
Дұшпаныңды қиратып,
Тарпаңдайын таңданба.