Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Парпария (5-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 3 мин оқу

Қалмақ босқын табады,
Жалғыз өзі Парпария
Қалмақты қуып сабады,
Бәлеге қалмақ қалады.
Астындағы Құлаша
Найзағайдай ойнады.
Қашып кеткен Қалмақты
Артынан қуып жетеді,
Жетіп, одан өтеді.
.................................
Басқа жерге кетеді.
Қалаға бәрін қамады,
Қашуына таппай жер,
Сонда тұрып қалады.
Қайта келіп Парпария,
Алдына шығып қалмақтың,
Сонда оған сөйледі.
—Мұсылман дінге кір,—деді,
Мұсылман болып жүр,—деді.
Айтқанымды қылсаңыз,
Тимеспін саған мен,—деді.
Дегенімді қылмасаң,
Айтқаныммен жүрмесең,
Салайын ойын мен,—деді,
Ойынымды, кәуір, көр,—деді.
Сонда тұрып қалмақтар:
—Кешір, батыр, сен,—деді,
Абайсызда іс істедік,
Еліңді сенің шапқанбыз.
Қасарысып, қабыспа,
Дініңе кірдік біз,—деді.
Дегеніңді қылармыз,
Айтқаныңмен жүрерміз.
Сізге кәуір қас қылса,
Кескілесіп өлерміз.
Барам деген жеріңе
..................................
Сонда тұрып Парпария,
Қалмақтар тартты сыйлықты.
Ісләм дінге көндіріп,
Баяғы жеріне,
Әйеліне келеді.
Үйдің келіп тұсынан,
Сонда сөйлей береді:
—Айналайын, алғаным,
Сау-саламат бармысың,
Аманбысың, саумысың?

Сонда әйелі үйден жүргіріп шығып, алғаны Парпарияға сөйлей бастады:

—Айналайын, алғаным,
Шырын, шекер, бал татқан.
Қынай белім шешілген,
Ибалықпен сөйлеп сөз,
Наздықпенен қосылған.
Аман-есен келдің бе?!
Атаңа нәлет кәпірдің
Қайраттарын көрдің бе,
Сазасын иттің бердің бе?!
Шамақандай залымды
Өлтіріп, қызық көрдің бе?
Әкесімен өлтіріп,
Алдың ба жанын кәуірдің?
Елге қашан қайтамыз,
Ата менен ананың
Қашан жүзін көреміз?
Жолығып, жауап оларға
Біздер қашан береміз?
Жесірлікке түскен біз сорлы
Сағындық қайран халықты.
Сонда тұрып Парпария,
Ата-ана еске түскенде
Ақ найзаға сүйеніп,
Өксіп-өксіп қамықты.
Қиындық көріп, жерлері
Есіне түсіп, жабықты.
Өзіне-өзі дем беріп,
Жылауын басады.
Алғанымен қосылып,
Жабыққан көңлін ашады.
—Тарықпашы, алғаным,
Қалмақты қасқа алармыз.
Ата менен анаға
Біз де тездеп барармыз.
Аға менен інінің
Алдында жүріп көрерміз.
—Қайны жұрты, халқына,
Қамықпа, батыр, қамықпа,
Біз де сәлем берерміз,
Салтанатпен жүрерміз.

Сонан соң қатынын тастап, өзі қалмаққа барып, жолдас алып, еліне қайтпақ болады.

Қалмаққа таман барады,
Сол қалмақтың ішінен,
Елі дінге келген соң,
Жолдас қылып қасына
Жүз кісі алады.
Әйеліне қайта ол келіп,
Еліне қарай жол тартты.
Асты сонда белдерден,
Асты және таулардан.
Бір күндері болғанда,
Еліне сонда кеп жетті.
Мешітіне атаның
Парпария сонда барады.
Атасы шығып алдынан,
Сонда сөйлей береді,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Аман-есен келдің бе,
Айналайын, жан балам,
Айырдан туған нар балам?!
Аман-есен тұрады
Мекендеген бұл қалаң.
Қалмақ итті алдын ба,
Еліне ойын салдың ба?
Сол кәуірдің еліне
Өзің жалғыз бардың ба,
Еліне ойын салдың ба?
Елін көндіріп,
Айырып, жесір алдың ба?
Сонда тұрып Парпария
Атасына сөйледі,
Сөйлегенде, бүй деді:
—Ата менен анамыз,
Аман ба туған қаламыз?
Сау-саламат бармысыз?!
Айырып жесір мен алдым,
Шаштөбе мен Шамақан
Кесіп басын мен алдым.
Елін дінге көндіріп,
Мұсылман болып ол қалды.
Атасы мен баласы
Қойдай маңырап көрісті.
Сонда бір қалмақ сөйледі:
—Мінгені Парпарияның көк-ті,—деді,
Қалмақты көк бауырдан төкті,—деді.
Кешегі Шамақан мен Шаштөбенің
Сүйегін жалғыз бала сөкті,—деді.
....................... салды хабарға,
Халықты әкеліп ол алып,
...............................................
Келді ноғай жиналып.
Тоғыз күн ұдайы тойын қып,
Он екі күн ұдайы ойын қып,
Кеткен анау жесір-ді,
Ел-жұртымен қосылды.
Парпария ерлердің
Әуелі жауға аттанып,
Айырған жері осы еді.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз