Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Парпария (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда Парпария сол елді көру үшін тағы да қалмақтың елін аралап жүріп кетті. Шамақанның әкесі—Шаштөбені де көрді. Оның жинаған ерлерін де көрді. Әбден сырын біліп алып, баяғы әйеліне келіп: «Шамақанның елін шабамын»,—деп, бір-екі ауыз сөз айтады:

—Алла тілек оңдаса,
Жолымды менің оңғарса,
Ер жігіт тая шала ма:
Желге кетер мал үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Жесір-жебір жан үшін?!
Әйелі сонда сөйлейді:
—Жапанда жалғыз дарасың,
Сарсыған сары қалмаққа
Жалғыз қалай барасың?
Барып қайрат етерге,
Мұнан барып, сен өлсең,
Жолығармыз біз бейшара
Мұнан да жаман бетерге.
Абайла, батыр, шамасын,
Алуға шамаң жетер ме
Мұнша халықтың баласын?!
Сонда Парпария сөйледі:
—Тәуекел етіп қарайын,
Қалмаққа таман барайын.
Кәуір болмас ағайын,
Ер белгісін етерге.
Қорлық бізге болмай ма,
Кек жіберіп жауға, кетерге!
Келдім іздеп мен деген,
Ажал жетсе, өлермін—
Ажалсыз пенде өлмеген.
Қолға алған сұр жебе,
Атса, өтпей қалмаған.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Үстімнен дүбір өткізіп,
Менен жесір алмаған.
Астыма мінген Құлаша,
Шабыстан ол танбаған.
Белге буған ақ берен
Сермесе, кеспей қалмаған.
Қанша айтса да, ит кәуір
Теңім менің болмаған.
Ақ сүңгіні қолға алып,
Отырмайын бөгеліп,
Тиейін жауға, қозғалып.
Астындағы Құлаша ат
Жал-құйрығын өреді.
Барайын деп оңтайлап,
Барайын деп жүреді,
Шамақандай қалмаққа
Аттың басын қаратты.
Астындағы Құлаға
Қамшыны қардай боратты.
Табандатып желеді,
Дөңгелентіп келеді.
«Тәңірі берген қайратты
Аясын ба?»—деп еді.
Аттанған қалмақ мол болды,
Жиылған сондай жандарға
Байқасатын жол болды.
Қарсы келіп тұрады,
Сонда Шамақан сөйледі:
—Ай, ноғай, ақымақ ноғайсың,
Болуға жем оңайсың.
Біздің қалмақ ерлердің
Құраған мұндай қолы бар.
Қаңғырып жүрген ноғайдың
Мандайының соры бар.
Шамақандай ерлердің
Алдыңда құрған торы бар.
Шаштөбедей ағам бар,
Жаңылдырар тобам бар,
Ажалың бізден келеді.
«Жалғыз» деп сендей ноғайға,
Ат-тонын жұлып алыңыз—
Келді сорлы оңайға.
Сонда тұрып Парпария сөйледі:
—Ай, ит қалмақ, ит қалмақ,
Алмай кетпен қалаңды,
Шулатпай кетпен балаңды.
Алмай кетпен еліңді,
Сындырмай кетпен беліңді.
Танытармын бабаңды,
Жаңыларсың, әй, кәуір,
Сыйынып жүрген тобаңды.
Басыңа қылыш тигенде,
Танырсың сонда ағаңды.
Ұстатармын жағаңды,
Тарттырармын сазаңды.
Қапы қалма, қалмағым,
Тістелмесін бармағың.
Жеңіл емес, ит қалмақ,
Сенің менен салмағым.
Ноғай менен қалмақтың
Дос болғанын көрмедім.
Абайсызда, ит кәуір,
Елімді менің шапқаның.
Бермеу үшін намысты
Артыңнан қуып келгенім.
Алла тілекті оңғарса,
Жекпе-жекке сен шықсаң,
Басыңды сенің алармын,
Еріңді отқа жағармын.
Астыңа мінген боз тарлан
Жетегіме алармын.
Осы айтқанды қылармын,
Осы айтқанды қылмасам,
Атадан тумай кетейін.
Артыңнан қуып мен келіп,
Алмай кекті, не етейін.
Сенен кекті алмасам,
Қаңғырып мен кетейін!
Сонда қалмақ сөйледі:
—Менің жерім сұрасаң,
Айдынды көлдің жағасы.
Шаштөбедей хандардың
Шамақандай, байқасаң,
Соның болған баласы.
Аршындатып сөйлейсің,
Берілер саған сазасы,
Жетеді тез қазасы.
«Қапы қалма» дейсің сен
Кісідей-ақ жеңетін—
Әлің қайдан келеді?!
Шамасыз жерге шарпы ұрып,
Қасыңдағы дұшпанның
Алынып тұр мазасы.
Сонда тұрып, алысты,
Ерегісіп бір-біріне,
Ақ найзасы жарқылдап,
Алысып, сонда қағысты.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз