Аңшыбай (4-бөлім)
Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 5 мин оқу
Орақшының жолдастары
Артынан қарап, ақырды,
«Келе көр»,—деп, шақырып.
Артындағы қырық кісі—
Қырық батырды жоярға,
Үлкен соғыс етерге.
Аңшыбай сонда қарады,
Ақ сүңгі қолға алады,
Қалмаққа қарсы барады.
Артынан келген қалмақтың
Бірін қоймай, қырады.
«Біреуі қалмай, кетті,—деп,
Қатарлап, не етті?!—деп.
Алда жатқан тау мен тас,
Жерінің жайы осы»,—деп.
Жауына мінген Қара аты
Аяғын шалып басады,
Құлаштап адым ашады,
Дария болып тасады.
Кемерленген жер болса,
Ұшқан құстай асады.
Шұбыртып қалмақты айдады,
Көбінің соры қайнады.
Орақшының үлкен шәрі
Белгілі қалған халқы еді.
Көбі қашып, қорғанып,
Табылмай қалған ел еді.
Аңшыбай елге келгесін,
Ноғайлының би мен бегі,
Ақсақал мен төре еді.
Бар жақсысы жиналып,
Аңшыбайға келеді.
«Осы Аңшыбайға жақсы етіп,
Белгілі бір орынды
Берсек, қалай болады?»—деседі.
Ноғайлы тағы ермеді,
Жалғыз өзі тағы да,
Ағырабат деген хандары—
Жауға кетіп барады.
Аңшыбай сонда жол жүрді,
Жапанда жалғыз дара еді,
Елден шығып барады.
Астына мінген Қара аты
Күні-түні жол жүрді,
Қисапсыз тіпті көп жүрді.
Жапанда жүріп, жалықты,
«Жалғызбын» деп қамықты,
Сонда кетіп бара жатып, бір сөз сөйледі:
«Жапанда жалғыз мен,—деді,
Қара көрмей, шөлдедім.
Жолдасым болды Қара ат-ай,
Мұнда барды қанат-ай,
Қара атым маған қос болды.
Жапанда жүріп, жалғыздық
Менімен тұс болды.
Ашылды елдің арасы,
Көрмедім пенде қарасын.
Сақтағайсың, бір Алла,
Біз секілді пақырдың
Болғайсың өзің панасы!
Міндім тұяқ Қараға,
Болмады-ау туған бала да.
Арманда болған пақырды
Қорғайтын болмады-ау
Жасы үлкен ағамыз!
Тәуекел Ақтың ісіне,
Ындысқа кетіп барамын.
Жануар, мінген Қара атым,
Астыңда бар екен қанатың.
Ұмтылайын мен шындап,
Топырағын боратып.
Алыс болса, барайын,
Жақын болса, жетейін.
Биік-биік жер болса,
Басына шығып, қарайын.
Жалғыздығым білінді-ау,
Жамылғы болып, қағайын.
Тапсырдым енді Аллаға
Екі бірдей жарымды.
Ноғайлының сөзінен
Сынауға шықтым өзімді».
Аңшыбай батыр: «Шүу!»—деді,
Астына мінген тел Қара ат
Жерді басып тұрмады.
Мылтықтың атқан оғындай
Жануар сонда зулады.
Ауыздығы қаршылдап,
Табаны жерге тарсылдап,
Ашылды адымының арасы.
Көрінді ындыс қаласы,
Жатқан екен қарауыл
Он кісінің шамасы.
Келе жатқан көрді бір қара,
Қараға шапты жапыра.
Екеуі қарсы шабысып,
Жақындасып қалады.
Ақорал сонда сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Астыңа мінген қарасың,
Қаңғырып қайда барасың?!
Білмей ме екен адамзат
Өзінің қайрат-шамасын?!
Жолдассыз жүрген сен деген,
Нең қалды, сорлы, өлмеген?!
Қаңғырған жалғыз сен түгіл,
Алуға мені ешбір келмеген.
Мен туғасын атадан,
Дұшпанға кегім бермеген.
Шеніме жаулар келмеген,
Ындыстың артық ханы едім,
Асыл туған жаны едім,
Енді өлесің сен,—деді-ай.
Өлмей тұрып, айтып қал
Аты-жөнің сен,—деді.
Сөйлеуге келмей шамаң да,
Танырсың енді бабаңды.
Енді айдайын көрмеске
Қатының мен балаңды,
Елі-халқың, қалаңды!
Өлім деген бұл қандай?
Ақылың болса, зорды аңда.
Бұл жерге жалғыз келгесін,
Енді өлесің қуым-ай!
Сонда Аңшыбай сөйледі,
Сөйлегенде, не деді:
—Асылымды сұрасаң,
Мен—ноғайлы баласы.
Іздегенім сұрасаң,
Ақорал деген ындыстың
Бекітіп салған қаласы.
Өз атымды сұрасаң,
Ала тайлы Аңшыбай.
Ұсынғанын жазбаған,
Өзінен ерлік озбаған,
Мен—ноғайлы ерімін,
Қалмақтың алдым талайын.
..........................................
Мақтанған көп заңғардың.
Талайын көрдім, сынадым,
Аудардым талай тастарын.
Өлтіріп ханын қалмақтың,
............................................
Сонда Ақорал сөйледі:
—Ноғайлы болсаң сен,—деді,
Боласың маған жем,—деді.
Артымда тұрған он кісі
Әрқайсысы хан,—деді.
Сөзіме құлақ сал,—деді,
Керек болса жаныңыз,
Аттан түсе қалыңыз.
Сонда тұрып, Аңшыбай
Атына қамшы салады.
—Түсетін кісі мен бе?—деп,
Ақорал мен Аңшыбай—
Екеуі қатар тең бе?—деп,
Емес сөзің мақұл,—деп,
Мұның емес ақыл,—деп,
Сонда тұрып батырың
Жалмауыздай емініп,
Ақоралдай қасына
Келіп, батыр тұрсын ба,
Жақын келді ұмтылып.
Белдегі алтын алмасты
Суырып алып, шабысты.
Қындағы тұрған ақ найза
Көтеріп алып, салысты.
Онысы да өтпеді.
Киімінен өтсе де,
Ішіне, бар-ды ақ сауыт,
Сыртында бар-ды шарайна,
Сермесе, өтіп кетпеді.
Ат үстінде жағалас
Үш күндей салысты.
Одан қайран болмады,
Аттан түсе қалысты.
Алысқан жері шаң болды,
Көрмегендер таң болды.
Күн үш күнге толғанда,
Түні үш түн болғанда,
Ақоралдай ындыстың
Буыны босап қалады.
Бүгілген екен тізесі,
Құрыған екен сілесі,
Қалмақтың бітті мүддесі.
Тізесі құрғыр бүгіліп,
Ақорал хан жығылды.
Сонда артындағы қалмақтың
Оны бірдей шабады.
Сонда Аңшыбай бағады,
«Алайын,—деп,—бір атын»,
Үзеңгісі қырық құлаш,
Оны белге буыпты.
Сонда артынан он қалмақ,
Бірі қалмай, шабады.
Өлмесін Аңшыбай,
Қашан да болса, біледі.
Тізгіннен ұстап Аңшыбай
Қара атты сонда мінеді.
Аңшыбай атқа мінгесін,
Алды-алдына қалмақ тұрады.
Әрқайсысы он алдына
Тырағайлап қашып барады.
Қалмақ қашты жеріне,
Қайтамын деп еліне.
Еліне қарай шапқанда,
Аңшыбай қуып барады
Ол қалмақтың еліне.
«Еліне бәрі барғанда,
Тауысты соны»,—деп еді.
Алдынан шығып аттанып,
Аңшыбайдың алдынан
Бір мың кісі келеді.
Мың кісімен Аңшыбай,
Тайсалмады, алысты,
Екі күн, екі түн алысып,
Ындыстың алды қаласын.
Қалаға кеткен заңғардың
Қара енді шамасын.
Тек бір өзі алып қаласын,
Қарамады даласын.
«Өрсін»,—деп,—ындыстың
Толып жатқан баласын,
Ақоралды өлтіріп,
Ындыстан сондай жанды алды.
Босқан ындыс сандалды,
Ындыстан жеңіп, ел алды.
Қызылбас пен қалмақтан
Бес-он жылдың ішінде
Екеуінен кек алды.
Ындыстың алып жесірді
Елге қарай айдады,
Ындыстың соры қайнады.
Ноғайдан шыққан Аңшыбай,
Басқа ешкім жоқ қасында,
Бұқардан бергі кең дала,
Әне, тұр көрініп,
Ағырабат деген бұл қала.
Аңшыбай қайтты жеріне,
Жетейін деп еліне.
Ұзыннан аққан кең өзен
Еділдің жатқан бойы еді,
Аңшыбайдың кеткен жері сол еді.
Алдынан шығып ноғайдың
Жақсылары Аңшыбайға келеді.
Қарасы менен, сөйтті де,
Қарсы алдынан шығады.
—Батыр, сауға,—деп сонда
Келе сөйлей береді.—
Аңшыбайдай ханымыз,
Артық туған жанымыз,
Алыс жолдан жеттің бе?
Ындысқа соғыс еттің бе?
Ағырабаттай хандардың
Көрдіңіз бе қаласын?
Білдіңіз бе ындыстың
Азды-көпті шамасын.
Аңшыбай артық ер еді,
Кілең ноғай алдында:
—Қолдасалық, батыр, кел,—деді.
Осылай деп ноғайлар
Аңшыбайға сөйледі.
Сонда Аңшыбай:
—Саламат, күйлі, бармысыз,
Астана, халық, ел,—деді.
Сау-саламат келеміз,
Ындысты алып біз,—деді.
Керек болса, бәрін алыңыз—
Жетім менен жесірін,—деді.
Артық екен ақылы,
Аңшыбай ерді бастаған
Екі бірдей қатыны.
Сонан басқа жоқ еді
Аңшыбайдың жақыны.
Артық төре бұл туды,
Баба түкті, шашты Әзіз.
Екеуінен екі ұл туды.
Шаш Тәзіден бала жоқ.
Баба түктіден Парпария
Деген бір ұл туды.
Парпария онға толады,
Ол недәуір жігіт болады.