Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аңшыбай (2-бөлім)

Қырымның қырық батыры · Мұрын жырау Сеңгірбекұлы нұсқасы (2-нұсқасы) · 4 мин оқу

—Келдім саған мен,—деді,
Жазы-қысы көп болды
Осы жерде жатқалы сен,—деді.
Жапа—жалғыз жатқасын,
Сені «ер» деп ойладым мен,—деді.
Адам баласы болсаң да,
Мені ал,—деді,—тиемін
Саған мен,—деді.
Сонда Аңшыбай сөйледі:
—Сенде, жарқыным, ақыл жоқ,
Менің үйім де, баратын
Жақыным жоқ.
Жарлылықтан басқа кәпір жоқ,
Менен басқа пақыр жоқ.
Мазақтама сен,—деді,
Сені алмаймын мен,—деді.
Хан баласы болғасын,
Етесің-ау ермек сен,—деді.
Сіз секілді арулар
Бізге болмас тең,—деді.
Өз бетіңе жүре бер,
Қорлама мені сен,—деді.
Қыз пақыр сонда сөйледі:
—Әй, Аңшыбай, Аңшыбай,
«Жарлымын» жабықпа,
«Жалғызбын» деп қамықпа.
Табылады мал,—деді,
Сөзіме құлақ сал,—деді.
Мен «тиемін» деген соң,
Ақылын болса, ал,—деді.
Мен—патшаның баласы,
Асылым патша болғасын,
Алтын еді қаласы.
Қазынаға қолды саламын,
Не керегің бар болса,
Қазынадан бәрін алармын,
Сөйтіп, дүние табармын.
Жетермін сонда жеріңе,
Апарармын еліңе.
Ортасына еліңнің
Егер барсаң, қонарсың,
Белгілі жақсы боларсың.

Сонда ана қыз да келіп қона қалды. Сонда кәпір патшасының қызы келіп, сөйлей бастады. Сөйлегенде ана қызға сөйлей бастады:

—Патшаның еді баласы,
Мынау адам секілді,
Қарасаң байқап шамасын.
Баратын болсаң сіз,—деді,
Сіздің барған жеріңе
Баралық-тағы біз,—деді.
Осы тұрған Аңшыбайды
Апарып елге, бағайық,
Не керегін табайық.
Ноғайлы деген ел екен,
Осы Аңшыбай ер екен.
Неше жыл болды осы жерде
Осы Аңшыбай жатқалы,
Балапан үйрек—атқаны.
Жалғыз адам ерігіп,
Кеткен екен далаға—
Жалғыз адам келмейді.
Артықпын ба мен сенен?
Сен «тием» деген Аңшыбай
Мен де қатар тиемін,—деді,
«Тием» деп айтсаң сен,—деді.

Сонда мұсылман патшасының қызы сөйлей бастады:

—Екеуіміз қатар тең,—деді,
Біреуден біреу кем бе?—деді.
Сонда Аңшыбай қатты кейіді:
—Екі бірдей асылға
Бола ма бізге алуға?
Бізде жалғыз тиын жоқ,
Жарлылықтан басқа қорлық жоқ.
Менде адал қара жоқ,
Қара тауып беретін
Іні менен аға жоқ.
Сіздерге жауап айтуға
Біз ғаріпте шама жоқ.

Сонда кәпір патшасының қызы сөйлей бастады:

—Әй, Аңшыбай, Аңшыбай,
Мал үшін енді тарықпа,
«Жалғызбын» деп қамықпа.
Атамның тұрған алтын тақ,
Қазынаға қолды салармын,
Керек болса, алармын.
Дорбалап, қаптап алармын,
Ағайын-туыс, алқаңның
Ішіне таман барармын.
Алла берсе, мал болар,
Алтын мен бұл күмісті
Елге сатса, мал болар.
Екеуміз де—патша баласы,
Екеуміз де алтын-күміс алармыз.
Не де болса, Аңшыбай,
Енді бәрін табармыз.
Сізге алыс болса да,
Бізге жақын жер,—деді.
Жақын жерде бар шығар
Сіздің тұрған ел,—деді.
Ел ішіне барғасын,
Мырза менен бегіңіз
Үйіне таман бар,—деді,
«Азамат болдым мен»,—деші.
Нешесіне ноғайдың
Қыдырып өзің барыңыз.
«Маған дүние беріңіз» деп,
Құлағына салыңыз.
Олар нәрсе бермесе,
Түстік жаққа шығыңыз.
Бір төбенің басына
Бір ағашты қағыңыз.
Жалғыз ағаш басына
Жалау байлап алыңыз.
Сол ағаштың қасына
Сіз отырып қалыңыз.
Қатарымен екі аққу
Шыр айналып ұшармыз.
Айналып ұшып, бір-екі
Қарайған нәрсе тастармыз.
Жүгіріп бар сен,—деді,
Қарайып түскен нәрсені
Көзіңменен көр,—деді.
Ол бір түскен алтынды
Жинап, етегіңе сал,—деді.
Қарайып түскен нәрсені
Базарға апар да,
Асыл кигізге сат,—деді.
Сосын барып кереге
Уықпен бірге ал,—деді,
Шаңырақты қоса сал,—деді.
«Дүние берем» деп шақыршы
Жиырма қатын сен,—деді.
Керегесі алтыннан
Екі үй тіксін сол,—деді.
Жетпесе, тағы берермін,
Қарайып түскен нәрсені
Күндіз барып ал,—деді.
Жетпесе, тағы берермін
Алтын, күміс мен,—деді.
Қатарынан екі үйді
Бір жерге қатар тік,—деді.
Екі ағашты қақ-тағы,
Бір жағында отыр сен,—деді,
Барармыз оған біз,—деді.
Ноғайлардың шетіне,
Ол Аңшыбайды көтеріп,
Ауылына жетеді.
Әр мырзаның үйіне
Барғасын тауып Аңшыбай:
—Жігіт болдым мен,—деді,
Маған дүние бер,—деді,
Алайын әйел мен,—деді.
Ноғайлар:—Мазамды алма сен,—деді,
Дәндеме, құрғыр, сен,—деді,
Ішер тамақ бермеді.
Он шақты үйге барады,
Біреуі мұны көрмеді.
Бір жеті күн тамақты
Аңшыбайға бермеді:
—Жоғал, залым, сен,—деді.
Сонда тұрып, Аңшыбай
Төбеге қарай кетеді.
Бір төбенің басына
Аңшыбай батыр жетеді.
Ол төбеге барған соң,
Жалғыз ағаш қағады.
Ол ағаштың басына
Орамалын жабады.
Сонда тұрып Аңшыбай
Ол ағаштың қасына
Отырып келіп қалады.
Айнала ұшып екі аққу,
Бір қарайған нәрсе тастады.
Толып жатқан алтынды
Аңшыбай етегіне салады.
Ертеңіне бұл алтынды
Базарға алып барады.
Қойдың жүні—киізінен
Жиырмасын алады.
Қаладан алды кереге,
Қосып алды уығын.
Кереге мен уықтың
Бәрін жинап буыпты,
Және алды босаға мен шаңырақ.
Жалғыз ағаш түбіне
Арбаға салып, бұл барды.
Жиырма қатын шақырып,
Кілең алтын бұл беріп,
Алты қанат екі үйді
Қатарынан тіктірді.
Жалау байлап Аңшыбай,
Екі үйдің қасында отырды,
Үйін тігіп болғасын.
Ноғайлының адамы,
Тігіліп үйлер болғасын,
Қасына барып қарады,
«Қайдан мұны тапты?»—деп.
Аспанда ұшып екі аққу,
Сонда екі ағаштың
Арасына келіп қонады.
Сілкініп еді екеуі,
Екі әдемі қыз болды:
Көрген адам кетпестей,
Сірә, қолы жетпестей.
Адамзаттың баласы
Онан артық өтпестей.
Екі қыздың қарасы,
Аңшыбайға бұрылып:
«Болды ма жайың жақсы?»—деп,
Оған көзін салады.

Қырымның қырық батыры

Барлығы: 153 жыр

Тағы оқыңыз